02.07.2024

Жошы ұлысы: Еліміздің мектеп бағдарламасында қандай мәліметтер қамтылған

Биыл Жошы ұлысының қаланғанына 800 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Жошы ұлысының ел тарихындағы рөлін атап өткен болатын. Ал, еліміздің мектеп бағдарламасында Жошы ұлысы туралы мәлімет қаншалықты қамтылған?

Бұл сауалды Оқу-ағарту министрлігіне жолдаған едік. Белгілі болғандай, 6 және 10-сыныптың оқулығында Жошы ұлысы туралы мәліметтер кездеседі.

«Қолданыстағы негізгі орта, ортадан жоғары білім беру деңгейінің 5-9 және 10-11 сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес, 6 және 10-сыныптарға арналған Қазақстан тарихы оқулығында Алтын Орда дәуірі – Жошы ұлысына, Қазақстан аумағында ұлыстық жүйенің дамуына қатысты мәліметтер берілген», – делінген министрліктің агенттік тілшісіне берген жауабында.

6-сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулығы соңғы рет 2018 жылы «Мектеп» және «Атамұра» баспаларында жарық көрген. Онда Жошы ұлысына қатысты 2 тарау қамтылған.

«Оқулықта «Шыңғыс хан империясы. Ұлыстар» және «Алтын орда (Жошы ұлысы) мемлекетінің құрылуы» туралы мәліметтер бар. Оқушылар Шыңғыс хан құрған түркі-моңғол империясының сипатымен, басқару жүйесінің ерекшеліктерімен танысады. Сонымен бірге, Шыңғыс ханның мұрагерлері құрған Шағатай ұлысы, Үгедей ұлысы, Төлен ұлысымен қатар, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның ұлысы туралы, Ұлыстың құрылуы мен оның аумақтары туралы ақпарат берілген. Осылайша оқушылар мемлекет құрылысындағы сабақтастықты анықтай отырып, Қазақстан аумағында ұлыс жүйесінің дамуын зерттейді. Оқулықта берілген Шыңғыс хан мен оның мұрагерлері құрған империяның картасы бойынша Алтын орда мемлекетінің алып империяға айналу жолына талдау жасайды», – дейді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

10-сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулығында («Мектеп» баспасы, 2019 ж.) «Моңғол дәуіріндегі Қазақстан аумағындағы этногенез және этникалық үдерістер» атты тақырып бар. Онда қазақтардың шығу тегінің кезеңдері, қазақ этнонимінің пайда болуы, қазақ хандығының құрылуындағы қазақтар этногенезінің және мәдени-генетикалық кодтың маңызы қарастырылады.

«Оқулықта «Қазақстан аумағында ұлыстық жүйенің дамуы», «XIII-XV ғ.ғ. мемлекеттердің геосаяси белсенділігі және олардың Еуразиядағы тарихи үдерістерге әсері» тақырыбы қамтылған. Оқушылар Жошы ұлысы – Алтын Орда мен Алтын Орданың мемлекеттік құрылысымен танысып, Алтын Орда мен Русь қарым-қатынасы туралы ақпарат алады. Аталған тақырыптар бойынша балалар мемлекет құрылысындағы сабақтастықты анықтай отырып, Қазақстан аумағындағы ұлыс жүйесінің дамуын зерттейді. Қазақстан аумағындағы ежелгі заманнан бастап Алтын Орда (Жошы ұлысы) кезеңіне дейінгі қоғамның әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық дамуының негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері туралы білімін қалыптастырады», – делінген министрліктің жауабында.

Айтпақшы, министрлік алдағы уақытта оқулықтар жаңартылып, Жошы ұлысы, Алтын орда дәуірі туралы тың ақпараттар қамтылатынын жеткізді.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА