26.04.2024

ОҚУДЫҢ ҚЫМБАТТЫҒЫ

Адам баласының қысқа өмірі оқуда һәм оқытуда өтеді.
Кісі я, өзі үйренеді, болмаса біреуді үйретеді — мағынасы. Ойлап тұрсақ, осыған келіп тоқтайды. Мектепте оқыған өнер-білімін тіршілікте көрген үлгілер ақыл қылып тоқты беру һәм өзі басқаларға білгенін үйретіп, өнеге беру тірі адамның құтыла алмайтын, еріксіз төлейтін міндетті қарызы сияқты.
Өмірдің мағынасы осы деп ұғынған кісі өнер-білім керек емес деп таласпағанмен де, білімділік пен білімсіздіктің айырмасын, білімнің қандай екендігін баяндап, надан соқырға таяқ ұстатқандай қылуды міндет көреміз.
Адам баласының малдан айрықша артық жері — алға баса беру, жоғарылай беру деп білеміз.
Баяғы заманда Рим, Греция мемлекеттерінде болып өткен жылқыны алсақ, осы күнгі өзіміз мініп, түсіп жүрген аттардан ешбір айырмасы болмаса керек.
Ал, адам баласының ақылының жоғарылауы, өнер-білім мәдениетін арттыра беру ынтасы ешқашан да басылмас болар. Адам баласы алыстан көздеген ниетіне жетіп алмауында. Оған шынымен деп талпына беруінде қоймас болар. Мақсұттың талпынысы осылай болмақшы:
Хайуанға қарағанда, адам баласының миының, ақылының толықтығын, жоғарылығын, әсіресе, артқы екі аяғымен тіп-тіке, жаншып түрегеліп екі қолын босанып, саусақтарының осыншама ыңғайлы, епті шебер болып жаралуын тілменен айтып, қолмен жазып жеткізуге болмайды… Адам баласының малдан айрықша жері осы.
Осы кезде дүниенің бір шеті мен бір шеті сымды, сымсыз телеграммдар арқылы хабарласып, жансыз нәрсені жүйрік аттай шаптырып (темір жол, автомобиль) үлкендігі сондай судан шыққан күн суға бататын, ұшы-қиыры жоқ далада теңіздердің суының астымен де, үстімен де жол шегіп (кеме, сүңгуір қайықтар) құс болып көкке ұшқан (айырплан) адам басы «енді бізге басқа еш нәрсе керек емес» деп айта ма?!
Қазір әділдің негізіне төңкеріс жасап, еңбекшілер хүкіметін алақанымызға салып отырмыз.
Анархистер ешбір хүкімет болуға тиіс емес, теңдік туысқандық адамгершілік заман алдымызда. Азамат үкімет үшін болуға керек деп жүрген жоқ па?
Тазалыққа, адамгершілікке келгенде Толстойдың қиялдарынан тәнті пікір бар ма?
Өткен бір заманда адам баласы осы күнгі басындағы дәрежеге жетсе екен деп соны да мақсат қылған жоқ па? Ал осы күніне адам баласы риза ма?
Келер заманда Карл Маркстің оқуы ескіріп, Толстой, Курапаткин сияқты данышпанның оқуы майданға шығып кетуі тіпті мүмкін емес деп кім кепіл бола алады?
Бұл айтқаннан адам баласының алдағыға көзінің кәміл жетпегендігі көрінсе де, адам баласының жұмысы алға қарай әйтеуір ұмтыла беру.
Білімнің қымбаттығын адам мен малды салыстырмай-ақ, надан кісі мен оқымысты кісіні салыстырсақ та белгілі болады.
Оқыған кісі баяғы заманда өткен римлян, гректер сияқты халықтардың тарихын білген кісі, көргені коп. Сол өткен заманның тарихын өзі көзімен көріп, ылғи тірі келе жатқан кісі сияқты надан адамнан оқыған кісінің өмірі неше рет ұзақ сияқты.
Сонан шығатын мағына — кісінің өмірі тіршілікте өткізген уақыт, жас мөлшеріне қарай емес. Оның өмірінің мағынасына қарай, істеп кеткен ісіне қарай шамалау керек. Жазып кеткен кітаптары, істеп кеткен істері, айтып үйретіп кеткен ақыл сөздері өлмеген кісіні өлді деп айтуға бола ма?
Саңылауы бар, білімді кісі алдағыны да болжайды.
Оқымаған надан кісі көзі жоқ соқыр сияқты қармалап, өмірдің ащы — тұщысын татып, ақылына көзі шығып, басы жарылғандай болғанда барып түсінеді, сонда барып «ғибараттарды» ұғынады.
Өмірдің өз мектебінен оқыған, үйренгенді жіпке тізгендей қылып тоқи беру, әрине, қымбат һәм негізді де шығарып: бұрынғылардың айтқан мақалдарының асыл болуы бәлкім, сонан болуы мүмкін. Бірақ, алға қармалап қолмен сипалап жүріп оқыған кісінің білгенін білу үшін өте көп уақыт керек.
Мысалға, біздің оқымаған надан қазақты үлгілі халықтардың оқымысты бір білгішін алсақ, оның білгенін оқымай — тоқымай білу үшін надан қазаққа неше мың жылдық ұзақ өмір керек болар, бәлкім, тіпті білуге де мүмкін болмас.
Надан адамды «соқыр» деп, білімді адамды «саңылауы» бар дейтіні осыдан болса керек. Білімді адам жарықта, надан адам қараңғыда жүрген сияқты. Осы журналдың аты «Шолпан» болуы да сол білімді «жарық» мағынасында ұғынудан болуға тиіс.
Қысқа өмірдің мағынасы, мақсаты, көздеген нысанасы жоғарыда айтылғандар болса керек. Уақыттың кеңесе кімге де, әсіресе, оқығандарға, қымбаттығына, ділгерлігіне сөз жоқ болса керек. Ең алғаш жер жүзіне «Таблица Логарифмов» (бір белгілі сан болу үшін қандай санды өзіне — өзін неше рет көбейту керек екендігін көрсететін сандардың өрнегі) шыққанын естігенде, бір есеп біліміне жеттік. «Білгіш, енді біздің өміріміз бұрынғыдан он есе ұзарады» деп қуанған, даусы шығып кеткен. Бұрын бес-он жылда есептеп есебіне жете алмай жүрген сандардың есебін 2-3 сағаттың ішінде шығарып тастайтын болған.
Мінекей, оқыған кісіге білім, уақыттың қымбаттығы осындай болуы керек!
Қысқа өмірдің бір секунды текке өтуге тиіс емес!
Ұйқыны ұйықтамай, тынықпай жұмыс қылуға болмайды, болмаса оны тілейтіндер де жоқ емес шығар.
Енді біздің қазақ-қырғызға келсек, өмірі ашып жеуде, еріншектің жылы ұясында ұйқыда, хайуанның аз-ақ алдында өтіп барады: Күннің, айдың, жұлдыздардың шығып батқаны, судың, оттың, жердің, табиғат заңдарының адам баласына қандай пайда, зияны бар, өзінің дөңгелеп зымырап бара жатқан жердің үстінде құмырсқа сияқты жабысып жүргені біздің қазақ-қырғызға кіріп те шықпайды. Жерді көтеріп тұрған мүйізі мықты көк өгіз бар, дүниенің торт бұрышы түгел, жамандықты да, жақсылықты да мойнына апарып арта беретін бір Құдай бар… Надан халықтың артта қалып оңбайтындығы осынан болады.
Енді сол надан халқымыздың көзіне ашып, жоғарыда айтылған табиғат заңдарын баяндап, ел арасында білім таратып қазақ қырғыздың пікірінде Октябрь төңкерісі сияқты төңкеріс жасау біздің оқыған азаматтардың міндеті, борышы. Ойласақ та, байбайласақ та надандықты жоймай, біздің қазақ-қырғыз жұрты адамшылдық қатарына кіре алмайды. Бірден апарып қазақты 3 — ші интернационалдық тобына қосуға тағы болмайды. Алдымен надандықты жою керек.
Кеңесшіл үкімет халық ағарту жұмысына жанын аямай, Россия құрама мемлекетінде бір сауатсыз адам қалмасын деп отыр. Сонымен пайдалану керек. Бар ынтаны, бар күшті, шыбын жанды халық ағарту жұмысына салу керек! Құр таудай талап пен арыз шапқанмен қайда барсақ та тірелетін бөгетіміз — халқымыздың надандығы.
Надандықты жоймай тұрып, халқымызға еткен қызметіміз жеміссіз болып, өзіміз қызылмай арамтер болып жүрмейік.

Шеген
Алаш көсемсөзінің ІІ томынан алынды.

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА