АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Халықаралық білім беру институты (IIE) 18 қарашада жариялаған баяндамасына сәйкес, 2023-2024 оқу жылында АҚШ-тағы шетелдік студенттер саны 1 млн 126 мыңнан асып, 1948 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жеткен. Бұл туралы CNS ақпарат агенттігі хабарлады.
Баяндамаға сәйкес, 2023-2024 оқу жылында шетелдік студенттер саны АҚШ-та 7%-ға артып, 1 126 690 адамды құраған. Бұл көрсеткіш елдегі университеттердегі жалпы студенттердің 5,9%-ын құрайды.
Студенттер саны бойынша бірінші орында Үндістан тұр. Үндістаннан келген студенттердің саны шамамен 332 мыңға жетіп, 23,3%-ға өскен және жалпы шетелдік студенттердің 29,4%-ын құрайды. Бұл 2009 жылдан бері алғаш рет Үндістан студенттерінің саны Қытайдан асып отыр. Қытайдан келген студенттер саны шамамен 277 мыңды құрап, 4,2%-ға азайған. Үшінші орында 43 мың студентімен Оңтүстік Корея орналасқан, бұл көрсеткіш 1,6%-ға төмендеген.
АҚШ-та білім алып жатқан қазақстандық студенттер саны 2 712-ге жетіп, 11,1%-ға артқан.
Мамандықтар бойынша, шетелдік студенттердің 280 мыңға жуығы математика және компьютер саласында білім алуда. Бұл – ең танымал мамандықтардың бірі. Инженерия бойынша 210 мың студент, ал бизнес және басқару мамандықтарын 160 мың студент таңдаған.
Университеттер арасында Нью-Йорк университеті көш бастап тұр, онда 27 247 шетелдік студент оқиды. Одан кейін Нортистерн университеті (21 023 студент) және Колумбия университеті (20 321 студент) орналасқан.
АҚШ Сауда министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы халықаралық студенттер оқу ақысы мен тұрмыс шығындары арқылы АҚШ экономикасына шамамен 50 миллиард доллар қосқан.
Халықаралық білім беру институтының президенті Аллан Гудманның айтуынша, алдағы жылдары шетелдік студенттер санының өсуі жалғаса береді.
«АҚШ университеттері шетелдік студенттерді көбірек қабылдауға дайын. Біз оларды ашық құшақпен қарсы аламыз», – деді ол.