2424-11-21

Қазақстандағы 400-ден астам мектепте асхана жоқ: Қандай шаралар қабылдануда?

Жыл соңына дейін Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері мектептерде қолданылатын Тамақтану стандартын бекітуі тиіс. Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов екі министрліктің жұмысына сын айтты.

О. Бектеновтың пікірінше, балалардың тамақтану сапасы әлі де өзекті мәселе болып қалады және бұл мәселені қайта қарап, жақсарту қажет. Ол министрліктердің үйлестіру мен бақылау жұмыстарындағы кемшіліктерді атап өтіп, бұл жағдайдың өзгермегенін атап өтті.

«Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің тарапынан бақылау әлсіз. Мен барлық мектеп асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестікті тексеру, сондай-ақ персоналдың жұмыс істеуге рұқсаты, өнімдер мен олардың сақтау шарттарын тексеру жөнінде тапсырма берген едім. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі бұл тапсырманы уақытында орындаған жоқ», – деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар, әкімдіктердің мектеп асханаларын жаңғырту мен жарақтандыру бойынша қажетті жұмыстарды жүргізбейтіні де айтылды. «Қазіргі уақытта 403 мектепте асхана жоқ, нәтижесінде балалар толыққанды ыстық тамақпен қамтылмаған. Шағын және шалғай мектептерде қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыру мәселесі бойынша тәртіп орнату керек», – деп атап өтті ол.

Премьер-Министр Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктеріне сарапшылар мен ғалымдарды тарта отырып, жыл соңына дейін үлгілік мәзірді және асханасы жоқ мектептерге арналған Тамақтану стандартын әзірлеуді тапсырды.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп асханаларындағы тамақ сапасын жақсарту туралы өз пікірін білдірген болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР