26.04.2024

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ

Еліміздің көшбасшы партиясы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында балаларға арналған тегін IT сыныптар ашу және IT мамандар даярлау ісін қолға алғалы, білім ордаларында серпіліс басталды. Еліміздің барлық аймақтарында басталған жоба Атырау өңірінде де жүзеге асып, «Білім-инновация» лицейінің оқушылары алғашқы жетістігіне қол жеткізді.

Nur Otan партиясы мен «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сының бірлескен жобасы қазақ­стандықтардың цифрлық сауат­ты­лығын арттыруды, оларды әлемдік ірі жобаларға қатысатын бәсекеге қабілетті маман етіп дайындауды мақсат тұтады. «Білім-инновация» лицейінде ашылған IT сыныбындағы оқу бағ­дарламасының бір ерекшелігі – ұстаздар білім беруде халықаралық тәжірибені қолданады. «Шәкірттеріміз теориялық білімнен туындаған идеяларын практика жүзінде іске асырып, түрлі білім сайыстарына қатысады. Сол арқылы жоғары нәтиже көр­сетуге мүмкіндік алады. Қазірдің өзінде лицей оқушылары аймақтық дәрежеде үздік көрініп, респуб­ликалық додаларда білімдерін сынауда», – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Төлеген Аймұқатов.

Информатика пәнінің мұғалімі, білікті ұстаз Нұрзат Таңат: «IT сы­нып заманауи компьютерлермен, 3D принтер, жоғары жылдамдықты интернет, қажетті веб бағдарлама­лар­мен қамтылған. Оқушылар әр­түрлі бағдарлама арқылы білім көкжиегін кеңейтеді, түрлі ком­пью­терлік ойын, сабаққа қажетті бағдарлама құрастырады. ІТ сы­ныптың ашылуы, лицейден алған ілімді ұштастырып, оқушылардың ойлау жүйесін шынықтыруға ық­пал етеді», – дейді.

Өңірде сапалы білім берумен танылған білім ошағында ашылған ІТ сыныптың мақсаты – оқушы­лар­дың ІТ технологияға қызығу­шы­лығын арттыру; жаңа техноло­гия­лармен жабдықталған кабинет арқылы жастардың цифрлы тех­нология тілін жетік меңгеруіне жағ­­дай туғызып, инженерлік-тех­нологияға баулу. Сондай-ақ олар­дың ғылыми-зерттеулермен айна­лы­суына, шәкірттердің дарынын ұштап, сандық технология бағы­тындағы білімін арттыруға жол ашады.

Өткен жылы Атырау қаласына жұмыс барысымен келген Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Атырау «Білім-инновация» ли­цейінде болып, оқушыларға бағ­дарламалау және робототехни­каның негіздерін оқытатын IT сыныпты аралап, ондағы жұмыс барысымен танысқан болатын. Мәулен Сағатханұлы алдында лицей оқушылары құрастырған роботтарының қызметі мен smarthouse жобасының  маңыздылығын түсіндірді. Бұл салада шәкірт­теріміздің ізденісіне риза болған Мәулен Әшімбаев IT сынып жұмысына оң бағасын берді. Айтарлығы, қаланың әр мек­тебінен жиналған 26 оқушы Атырау «Білім-инновация» лицейінде ашылған IT сыныбына келіп, аптасына екі рет тегін білім алуда. 11 сынып оқушысы Санжар Сәдуақас: «Nur Otan партиясының идеясымен ашылған IT сыныпта, оқушыларға көптеген мүмкіндік жасалған. Бұл жерде IT мамандар оқушыларға еуропалық стан­дарттарға сай программалау тілін, алгоритмді, роботехниканы үй­ретеді. Мен «Ақылды үйдің» моделін құрастырып, көптеген сайыстардан жүлделі орын алып келдім. IT-сынып жас оқу­шыларға бағдарламауға, ком­пьютерге деген қызығушылығын арттыруға мүм­кіндік береді және болашақта жақсы маман болып шығуына ықпал етеді» деп ойы­мен бөлісті.

Сайып келгенде, инновациялық жобалардың бастауы осындай мектептерден көрініс табуы қуантарлық жағдай. Бұған қоса заманауи дамудың негізгі тетігі технология саласында екенін, алдағы уақытта IT саласындағы білікті мамандарға деген сұра­ныстың артатынын ескерсек, лицей ұстаздары шәкірттерін технология тілің терең меңгеруге үйретіп, бәсекеге қабілетті маман болуға осы бастан шындап отыр.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА