09.05.2024

МҰҒАЛІМДІ ҚҰРМЕТТЕМЕГЕН ҚОҒАМ ТҮБІНДЕ ҚҰРЫП ТЫНАДЫ!

Бүгін, 17 желтоқсан күні жеке электрондық поштама мынадай хат келді.
Бұл хатты әлеуметтік желіге жарияламауға азаматтық арым жібермеді…
Оқып көріңіздер:

Мен көп ойландым…
Тәуелсіздік қарсаңында бүкіл Интернет желісінде Қайрат Нұртас «Құрмет» орденімен, Алтынай Жорабаева, Ләйлә Сұлтанқызы… т.с.с.-лар Үкімет марапатын иеленді деп ұрандап жатқанын көріп, еріксіз қолыма сотка (қалам) алдым.

Мен ғана ұқпаймын ба? Сіз қалай ойлайсыз?

Бесіктен белі шықпай жатып, бұлар не бітіріпті екен?
Қазақстанда Тәуелсіздік жолында еңбек еткен кешегі тұлғалар қайда? Неге теледидардан бүгінде арамызда жоқ Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Мәдина Ералиева сынды жақұттарымызды дәріптемейміз?

«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, Нұрғали Нүсіпжанов, Қайрат Байбосынов, Мақпал Жүнісовалар қайда? Біз жас ұрпаққа неге соларды дәріптемейміз?

Тойшыл әншілерден ертең жылтыраққа құмар, ішіп-жегеніне мәз, мақтаншақ, өзімшіл, парақор, жағымпаз, екіжүзді «тұлғаларды» тәрбиелемекпіз бе?

Анау «Астана» телеарнасынан аналар туралы кілең әншілердің шешелеріне арналған бағдарламаны көріп, қаным басыма шықты!

Әй, көке-ау, кешегі тракторист батыр қызымыз Кәмшат Дөненбаева қайда? Зейнеп Ахметова анамыз қайда?
Кешегі білім саласында, денсаулық саласында еңбек еткен аналар қайда? Сондай аналарды неге көрсетпеске?
Ұлтты, қыздарымызды сонда кімдермен тәрбиелеп жатырмыз?

Шоу-бизнестен басқа елімізде ұлағатты, рухани құнды дүниелер қалмағаны ма?

Беттерінен үрлеп алған, бір-бірлерінен аумайтын әншілерге кімдер еліктейді?

Әрине, қыздарымыз… Олар – ертеңгі ана! Сонда еліміздің көсегесін көгертер қандай ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз?

Біздің қазіргі қоғамымызда ең сорлы, ең қорғансыз, ең «сүйкімсіз» бір тобыр бар. Бірақ әкімді де, ғалымды да, ұшқышты да өмірге бағыттап, біліммен сусындатқан жандар, басқалар тобыр деп санайтын олар – мұғалімдер!

Сол мұғалімдер сайлауда көрінгеннің есігін қағып, сүмеңдетуге өте қажет, газет-журналға жазылуда өте қажет, көше сыпырып, ағаш ақтауда өте қажет, әнші-сымақтардың концертінде, қажетсіз көпірме жиналыстарда зал толтыруға өте қажет, біреу жылу мен суға ақша төлемей жатса, барып, есігін қақтыруға мұғалімдер өте қажет, мемлекет қарауға тиісті детдомның баласына үй әперу үшін бала-шағасының аузынан жырып, тағы өзі пәтерде қаңғып жүріп, бір күндік жалақысын да аудара салу мұғалім үшін түк емес, өйткені қажет.

Біреудің жүгенсіз, тәрбиесіз баласы үшін таяқ жейтін де сол мұғалім.

Ал енді көтермелеу, қолдау, құрметтеу жағына келгенде, ойбүүүүүй, олар кім? Ол кезде мұғалімдер ұмытылады, олар ешкімге керексіз. Орден, медаль, Қазақстан Республикасының марапатына олар лайық емес. Өйткені мұғалімдер – жоғарыда отырғандар үшін тобыр ғой!

Лайық кімдер?
Өздеріңіз сараптай беріңіздер.

Міне, жер-жерде Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиындар болып жатыр. Медаль алып жатқан тек шоу-бизнес адамдары, той-томалақтарды құр жібермейтін беттері жылтыраған әнші-сымақтар, жылмаңдаған асабалар.

Ау, сол әнші-биші, тойдың асабаларын қанаттандырған ұстаздары қайда?
Неге ол байғұстарды дәріптемейміз? Не жазығы бар олардың?

Тәуелсіз ел болып, 25 жылдық мерейтойымызды тойлау қарсаңында түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, зыр жүгіріп жүргендер – сол баяғы мұғалімдер.

«Ура, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қаржылай сыйлық береді екен», — деп жас баладай сенгіш байғұстар оған бір қуанды.

Аяғында ол да жоқ!

Еее, бәрін айт та, бірін айт, мұғалімнің жырын айт!
Мұғалімнің жырын жырлайтын бір азамат бар ма екен, мына күллі Қазақстанда?!
Шіркін-ай, десеңізші!

МҰҒАЛІМ! ҰСТАЗ!
Жарық күнің қашан туар екен Сенің???

Жазба Мырзантай Қожабайұлы Жақып мырзаның фб әлеуметтік желісіндегі жазбасынан алынды. 

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА