Home >> Көкейтесті >> KAZBILIM.KZ – Ұрпақ сапасы – ұлт мұраты
KAZBILIM.KZ – Ұрпақ сапасы – ұлт мұраты

Қадірлі оқырман! XXI ғасырда халыққа ақпарат таратуда порталдар мен әлеуметтік желілердің үстемдігінің үдеуіне байланысты әр бағытта, әр салада күн санап сайттардың қатары молайып жатқаны сіз бен бізге мәлім. Осы үрдіске ілесіп, сол сайттардың қатарында www.kazbilim.kz атты жаңа порталдың жұмысын бастап отырмыз.

“Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады”. Бұл – Мағжан Жұмабаевтың сөзі. Барша алаштың идеясы, кешегі кеңестік кесапат заманда сол Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтардай алаш қайраткерлері саясат сахнасындағы қиянкескі күресте жүрсе де, оқулық жазып, мектептер ашу мен ұстаздық жолды ұмыт қалдырмап еді. Бұл күні ше?

Ал, бүгін жылына бір министр ауыстырып, күніне бір реформа жасап жатса да, білім беру ісінің олқылығы шаш етектен. Бұдан бұрын әртүрлі басылым мен сайт беттерінде там – тұмдап осы саланың ауыр жағдайының астын сызып көрсетіп, азаматтық пікіріміз бен ұсынысымызды ортаға салып жүрдік. Содан туған қоғамдық пікір бұл жұмыспен жүйелі айналысу керектігін көрсетті. Бұл осы сайттың өмірге келуіне түрткі болды.

Біздің мақсат – құрғақ сынап-мінеу емес, қайта білім саласында сан қатпарлы қырды ашып, ұстаздың үнін естіртіп, оқушының ойымен ортақтасып, ата-ананың арман-тілегін жеткізу. Ұлыларымыздың ұлттың ғылым-білімі туралы бүгін де, ертең де сыны кетпейтін сырлы ойларына қайта соғып, замана үніне қарай жаңғырта жар салмақпыз. Сол арқылы қоғам мен билікке, білім саласының тізгінін ұстағандар мен ұлтым деген ұлдарға осы саланың қалтарыста жатқан ащы ақиқаттарын жеткізіп, қоғамның назарын барынша мектепке бұру.

«Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты теңестіретін нәрсе – білім» деген Мұхтар Әуезовтың ізгі ойын басшылыққа ала отырып, саланың сан қатпарын аша көрсетіп, мамандардың да келелі кеңестерін жеткізіп, саланың үздіктерінің үлгісін де ұрпаққа өнеге етпек ниетіміз бар.

“Халық түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс”,- деген еді өткен ғасырда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Сол жастардың бүгінгі тәрбиеленуі мен білім алуына өзіндік ой толғамымызды ортаға салып, бүгінгі ұрпақтың ертеңгі келешегі үшін алаңдайтын жақтарымызды алға салып, сынымызды түзетсек, мініміз түзелер. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби ескерткен: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін берік ұстанып, тәрбиемен тәлімді ұштастырсақ, біздің ұрпақтың алымы мен дарыны талай елді таңдай қақтырары сөзсіз еді. Әлемнің екінші ұстазы туылған халықтың ұрпағы ұсақ болмасы анық еді. Сол үшін Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны.

Қадірлі оқырман! Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса, мархаббат!

Бас редактор: Аятжан Ахметжан.

Орны: Астана қаласы, Тәуелсіздік көшесі 38/2. 

Почта: kazbilim@gmail.com.  Тел: +7 702 931 8008

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны. Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

4Пікірлер

  1. Азамат says:

    Ал жігіттер сәттілік. Ұрпақ деген қадамдарыңа нұр жаусын. Қазақ баласының білімі мен білігінң артуына кіріскен қадамдарыңа нұр жаусын. Алла жолдарыңды оңғарсын.

  2. Ұлбосын says:

    «Ұрпақ сапасы – ұлт мұраты» деп, қазақтың болашағына алаңдаған сіздей жастарға қуаныштымын. Жұмыстарыңыздың алға басуына тілектеспін. Сіздерді қолдайтын халықтар көп болсын.

  3. Алмахан says:

    Бұл парталдың аз уақыттың ішінде атқарып отырған жұмыстары кәзіргі таңда аса қажет. Білім саласы мен оқу ордаларында айтылатын өзекті мәселелерді осы партал арқылы жеткізе аламыз. Болашақ ұрпаққа қажет бағдарламалар мен тың дүниелер алдағы уақытта да үйлесімін тауып жатса біз тілектеспіз. «Қазбілімнің» ғұмыры ұзақ болсын!

  4. Борат Сағдиев says:

    Өте жақсы айтылды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top