26.04.2024

Әке мен ана махаббаты

Философ Эрих Фромм кезінде ана және әке махаббаты жайлы терең пікірлер мен тұжырымдамалар айтып кеткен. Оның ойы бойынша ана махаббатының формуласы келесідей: «Мен сені қандай болсаң да сүйемін», яғни ана махаббаты әмбебап және жалпы. Басқаша сөзбен айтқанда, ана махаббаты шартсыз сезім, ол балаға ешқандай шарт пен талап қоймайды, өйткені анаға сүю үшін баласының бар болғаны жеткілікті, яғни ана махаббатын иелену үшін ешқандай да әрекет жасау, ұмтылудың, еңбек сіңірудің қажеті жоқ, ол балаға әу бастан-ақ дайын күйде беріледі. Жоғарыда келтірілген формуланы сәл өзгешелеп, ел арасында кеңінен таралған мәтел арқылы да келтіруге болатын сияқты: «Жақсы бол, жаман бол, — бірақ аман бол!» 
Ал әке махаббатының формуласы басқа: «Алдыңа қойған талаптарыма сәйкес келсең ғана, мен сені сүйемін», яғни әке махаббаты шартты. Ол дегеніңіз әкенің бала алдына белгілі бір талаптар жиынтығын көлденең тосатындығында, егерде бала осы талаптарға сәйкес келсе ғана әке баласын сүйеді. Демек, әке махаббатына қол жеткізу үшін баланың ұмтылуы керек, тер төгуі қажет. Өйтпеген жағдайда баланың әке махаббатын иеленуі күмәнді. Әке өз талаптарына сай келмеген баласын сүймейді де. 
Әке махаббатының формуласын Абайдың «Рақымшалға» атты өлеңінің келесі сөздерімен басқаша да келтіруге болады: «Бал болатын бала бар, бал болар ма Рақымшал?! Бүйтіп берген балаңды, берген Құдай, өзің ал!» Міне осылай, аз да, көп те емес: талапқа сәйкес келмеген баланың әкеге қажеті жоқ. 
Осы жерде ана мен әке махаббаттарының кейбір ерекшеліктеріне назар аударуға тұрарлық. Бірінші мезетте «Олардың қандай өзгешеліктері бар?», «Олардың балаға, жалпы адамға берері қаншалықты?» сынды сұрақтарға жауап іздестірсек.
Алдымен ана махаббатына тоқталып кетсек. Әрине, ана махаббаты қасиетті ұғым, алайда оның астамшылдығы, шамадан тыс көп мөлшері балаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Ана махаббаты бала бойында масылдық психологияның қалыптастыруына әкеліп соқтыруы ықтимал. Осы тұжырымның бірнеше дәлелдерін келтіріп кетейін.
Біз осы неліктен балалық шаққа оралуға (мәселен, еске түсіру арқылы) құмармыз? Ол кездерге саяхат жасап келем деушілер (мейлі тек қиялда болсын) қатарына бәріміз де кіретін шығармыз. 
Балалық шақ бізді өзінің шуағымен, сәулесімен шақырады және де ол шақта біз бүгінгімен салыстырғанда әлдеқайда кіршіксіз таза, пәк болғандығымызды да білеміз. Алайда қол бұлғаған балалық шаққа тек өткендегі өзіңе оралу мүмкіндігі ғана емес, «мен мұндалап» тұрған сол кездің алаңсыздығы, қаннен қаперсіздігі, еш уайым мен қайғының жоқтығы. Балалық шақта туындайтын барлық проблемалардың шешімі анамыздың құзырында емес пе еді? «Не ішем?», «Не жеймін?», «Не киемін?» деген мәселелерді анамыз шешуші еді ғой! Өйткені ол біздің жанашырымыз, қорғаушымыз, желеп-желпушіміз деген ой әрбір балада (кеңінен алсақ, әрбір адамда) туғаннан қалыптасқан. Сондықтан да ананың баласына өз сүтін, жылуын, мейірімін беруі бала үшін заңды құбылыс іспетті. Бала бұны тіпті ананың міндеті деп түсінеді. 
Балалық шақты сағынудың бір түсіндірмесі де осы сияқты: көз жауын алып, мұнар болған сол уақытта біз уайым мен қайғының не екендігін білмеуші едік (балалықтың бүгінгі ахуалымыздан негізгі айырмашылығы да осы), ал олар туындай қалған жағдайда оларды шешетін жан – анамыз бар еді бізде. 
Ана баласын дүниеге келген күнінен бастап мәпелейді, оның барлық мұқтаждарын қанағаттандыруға тырысады: қарны ашса емшегін береді, су болған жөргегін айырбастайды, жыласа уатады, баласын мақтан тұтады, оны шөлпілдетіп сүйеді, аялайды, мәпелейді. Балада келесідей ұғым қалыптасады: «Мен әлсізбін, еш қауқарым жоқ, сондықтан да анам мені сүйеді, қорғаштайды», ал бұл түсінік «Мен анамның баласымын, осы үшін ғана ол мені сүйуі керек. Сондықтан да мен қандай болсам да анам мені сүйеді» деген ойға алып келеді.
Міне осы тәрізді ой баланы масылдыққа әкелуі мүмкін: «Мен не үшін ұмтыламын, анам тұрғанда? Өмірдегі барлық проблемаларымды сол шешпей ме? Мен қандай болсам да – мейлі, қолынан түк келмейтін әлжуаз, немесе арақтан аузы босамайтын маскүнем болып кетейін – анам мені бәрібір тастап кетпейді». Бұл ой адамды алға жетелемейді, ұмтылдырмайды, қолда бар нәрсемен шектелуге әкеледі. Әрине бұл жерде мәселе қанағат туралы болып отырған жоқ, өйткені қанағат дегеніміз өзің, өз қолыңмен жасаған ахуалға разы болу. Ал масылдық басқа біреудің (бұл жерде ананың) әрекеттерін заңды деп пайдалану, оны міндет ретінде қабылдау. Сондықтан да болар арамызда қырыққа жетсе де әлі анасының қолына қарап отырғандар аракідік кезігеді. 
Сонымен қатар масылдық дегеніміз өміріңнің проблемаларын шеше алмай, оларды басқаға ысырып тастау, таңдау жасай білмеуді меңзейді. Мұның бәрі адамның өз өмірін толыққанды түсіне алмауына әкеліп соқтырады. Бұндай адамның өмірлік философиясы «Мен үшін басқалар жасай салсын!» үлгісінде болуы ықтимал. Ал бұл көзқарас «Басқа біреулер мен үшін өмір сүре салсын!» дегенмен бірдей. Алайда ешкім де біз үшін бұл өмірді сүріп, біз үшін ешкім де өлмейтіндігін әсте де естен шығармау керек: біз өзіміз өзімізге тиеселі өмірімізді сүріп, өзіміз өлуіміз керек.
Осы келтірілген масылдық өмір философиясының агрессивті варианты келесідей: «Бұл өмірде барлық адамдар маған қарыз, ал мен ешкімге де қарыз емеспін!» Бұл ойдың қандай тосын салдарға әкеліп соқтыратындығы белгілі. 
Сонымен ана махаббатының астамшылдығы масылдыққа әкеліп соқтыруы әбден ықтимал деп есептейік.
Ал әке махаббатын бала дайын күйде емес, жоғарыда айтылғандай, тек өз әрекеттері арқасында, әке қойған талаптарды орындау арқылы ғана иелене алады. Егерде ана барлық баласын сүйіп, олардың ішінде әсіресе көмекке, қамқорлыққа зәру (әлсіз, осал, қайратсыз, жігерсіз, өмірде еш нәрсеге қол жеткізе алмай жүрген) баласын ерекше сүйетін болса, әке, керісінше, балаларының ішінде ең озығын, алға ұстарын сүйеді. Оның айғағын күнделікті өмірден көріп жүрміз: әдетте әкесі өзіне жақпаған баласын «маған ұқсамай, шешесіне (немесе нағашыларына) тартып кеткен» деп сөгіп, ең озық баласын «өзіме тартқан» деп мақтан тұтпай ма? 
Бала сондықтан да әке махаббатын иелену үшін алға ұмтылып, еңбек сіңірудің қажеттілігін біледі. Әрине бұл ешқандай да шарт қоймайтын ана махаббатынан әлдеқайда қиын нәрсе. Бұған қоса, әке махаббатын жоғалтып алуға да болады, ал бұл мәселе ана сүйіспеншілігі туралы сөз қозғалғанда мүмкін емес нәрсе. Бала мұны түсінеді, алайда оған қарсы шыға алмайды, өйткені ол «әке» ұғымының даму және болашақ екендігін біледі. Ал даму, яғни жағымды, позитивті тұрғыдан өзгеру, тек әрекет арқылы ғана жүзеге асырылуы ықтимал. Сонда адамды алға жетелейтін әке емес пе?
Сөйтіп «ана» дегеніміз «қамқорлық», «қалыптылық», «аяушылық», ал «әке» ұғымы «жауапкершілік», «әрекет», «өзгеру» дегенді білдіреді деп ұйғаруға болады. 
Осы түсініктердің өмірдің басқа да салаларында көрінуі мүмкін. Мәселен, ерлі-зайыптылар арасындағы қатынастың кейбір жағдайда «ана мен бала» қатынасына айналып кету қаупі бар. Оның себебі әйелдің күйеуіне ырық бермей, оның еркіндігін шектеуі. Ал бұл шектеу күйеуінің ер адамға тән көптеген қасиеттерінен (белсенділік, жігер, қажыр-қайрат, бастама, т.б.) еріксіз (зайыбының тегеуріні арқасында) айрылып, әйеліне мойынсұнуына әкеліп соғады.
Кейбір әйелдер «Менің үш балам бар: біреуі ұл, екіншісі қыз, ал үшіншісі — күйеуім» деп жолдасын өз қамқорлығына толығымен алғандығын мақтан тұтады. Алайда бұл жәйт масаттану емес, күйзелуді керек ететін сияқты. Бұл дегеніңіз әйелдің өз бойындағы аналық инстинктін бұрынырақта толық жүзеге асыра алмай (мәселен, балаларының кішкентай кезінде: ол шақта әйел не өзімен, немесе күйеуімен көбірек айналысып, балаларына аса көңіл бөлмеген де болар), енді ерлі-зайыпты өмірдің біраз жылдарын артта қалдырып, күйеуін дербестіктен айырып, оны өзінің ырқына толық көндіру деген сөз. Енді оның күйеуі өз пікірі мен көзқарасынан айрылып, өмірге әйелінің көзімен қарайтын болады. Енді оның күйеуі «не ішем, не жеймін, не киемін?» деп ойланбайды – бұл проблемаларды шешу енді әйелінің өкілеттілігінде.
Сөйтіп ер адам әйелінің махаббатын толық жеңіп алды. Алайда бұл жеңістің бағасы – тепе-теңдік пен тең дәрежелі қатынастан, еркіндік пен дербестіктен арылу. Оның орнына еркек әйелінің жылуы мен қамқорлығын иемденеді, толық кешірімділікке ие болады. Өйткені ол балаға айналды ғой, ал анасы баласының барлық еркелігін кешеді. 
Сондықтан да болар кейбір әйелдер өз күйеулеріне ұстанатын қағидасы «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым». Ол дегеніңіз әйел тарапынан күйеуінің барлық олқылықтары мен кемістіктерін кешіру, мейлі ол ішкіш болсын, мейлі жалқау болып, жұмыс істемесін, мейлі үйде қонбасын – бәрібір күйеуі әйелі үшін «іштен шыққан шұбар жылан». Осылай: «өз қолыңды өзің кеспейсің»…
Мұндай қарым-қатынас ер адамның рухани және моралдік деградациясына алып келеді деген сөз. Алға басып, ұмтылудың қажеті шамалы, — енді оның «әйелі» атты анасы бар. Ал ана баласы үшін тау қопаруға дайын екендігі баршаға белгілі. Жатып іше бер. Сондықтан да болар, кейбір еркектер өз әйелін (анда-санда болса да) «мама» деп атайтындығы. 
Сонымен, ерлі-зайыптылар арасындағы қатынаста да бір-біріне әке болған абзал, яғни талап қойып, соларды орындау арқылы екінші жақтың махаббатын иеленуге ұмтылу қажет шығар. 
Сөйтіп, «ана махаббаты» дегеніміз адамның тәуелсіздігін шектеу бола ма? Жоқ, тек оның әсірешіл формасы ғана. Жоғарыда көрсетілгендей, ана махаббаты қасиетті, ол мүмкін адамзаттың ең асыл көрінісі де болар. Ана махаббаты зәулім, асқақ ұстанымдардан туындап, мазмұны керемет нәтижелерге алып келеді. Мәселе тек ана махаббатын түсіну деңгейінде: оның астамшылдығы, оны масылдық тұрғыдан қабылдау келеңсіз жәйттерге әкеліп тіреуі мүмкін. 
Жалпы, бұл жерде әңгіме «идеалды типтер» (М.Вебер) немесе «архетиптер» (К.Юнг) жайында. Өмірде мұндай таза типтердің кездесуі екіталай, өйткені өмір, өмірлік практика теориялық тұжырымдардан анағұрлым бай. Бұған қоса, мәселе ана мен әкенің жыныстық тұрғыдан бөлуінде емес, олардың функцияларының айырмашылығында болып отыр. Басқаша сөзбен айтқанда, «ана» — өтеусіз тұрғыдан сүйетін жебеуші, кешірімшіл, баласын қиындыққа қимайтын, қиыншылықтан арашалайтын мейірімі асқан жан. Ал «әке» дегеніміз үйретуші, өмірге аяқ бастырушы, міндет қоюшы, баласының белгілі бір мақсатқа жету жолында оны мүсіркеп, аяудың еш қажеті жоқтығын сезінетін (өйткені аяушылықтың мақсатқа жетуге нұқсан келтіруі ықтимал) тұлға. 
Осылайша түсінетін болсақ, ана да «әке» болып, керісінше, әке «анаға» айналуы мүмкін. Өмірде ананың талапшыл, ал әкенің жұмсақ, кешірімді болып, баласының ырқына көнуі сирек кездеспейтін жәйт. 
Қандай да болмасын тұлға аралық қарым-қатынасты әке болуға ұмтылу керек сияқты. Әрине, әке болу оңай шаруа емес, өйткені ол адамның тұлға ретінде қалыптасуына, оның рухани-моралдік және әлеуметтік дамуына ықпал жасайтын қажеттіліктерді біліп, баланы (кеңінен алғанда, адамды) соған сілтеу, оған бағыт-бағдар беру жауапкершілігі. Басып айтуға тұрарлық: «бағыттау», «жөн сілтеу», ана махаббатындағыдай бала үшін орындау емес! Ана махаббаты баланы өмірлік проблемаларды шешуден босатады, ал әке ниеттейді. Сонда бала үшін кім жағымды болады: оған осы сәтте тікелей қол ұшын беріп тұрған ана ма, жоқ әлде қазір болмаса да ертең пайдасын жанамалай беретін әке талабы ма? Міне осы себептен ана әкеден гөрі бәрімізге де жақын. 
Әке болу қиын. Өз балаңа жақсылық тілеуді талап қоюмен алмастыру әке ұмтылысы мен мақсаттарын жаңсақ түсінуге әкелуі ықтимал. Талап қоятын, сол талаптарды орындауда бала тарапынан өзін-өзі ақтаудың ешқандай көрінісін қабылдамайтын әке сырт көзге қарағанда суық әрі қатал көрінеді. Ал оның шынайы мақсаты көмескі қалады. Мұның бәрі әкенің эгоизмі туралы мифке әкеліп соқтыруы мүмкін. Содан туған да болар келесі сөздердің төркіні: «Әкенің жақсылығы жездедей-ақ». Ал мұндай көзге ерсі міндеттерді атқару оңай шаруа емес. 
Әке тіпті трагедиялық тұлға. Оның басты функциясы – баланы өмір сүруге үйрету. Әке баласына тұлғалық қасиеттер дарытады, мінезін қалыптастырады. Қысқасы, әке береді. Ал жауап ретінде көп жағдайда оның алмауы да мүмкін, яғни баласы әкесіне ешнәрсе бере алмауы, қайтармауы да ықтимал. Баланың кімді өзіне жақын тартуы мүмкін: барлығын да кешіретін, тіпті баласын қиын жұмысқа, іс-әрекетке қимайтын, оның барлығын өзі атқаруға тырысатын ана ма, жоқ әлде баланың алдына талап қойып, оның әрекеттеріне қанағат тұтпайтын әке ме? Әрине, бала таңдауы ана пайдасына шешілетіні сөзсіз. 
Әкеге баласының толық түсінігін табу қиынға соғады, өйткені ол баласын үйрету, оның алдына белгілі бір межелер қою арқылы өзінен сәл де болса алшақтатып алуы әбден мүмкін. Мынандай өмірлік жәйтке назар аударсақ: неліктен жасы егде ер адамдар «әйелімнің алдында кетсем екен» деп тілек айтады екен? Олардың жұбайынан айырылғаннан кейін балаларына сіңіп кетуі екіталай нәрсе екендігін сезетіндігінен шығар? Ал әйел адамдар күйеуінен кейін қалса да, қандай болмасын балаларының өміріне араласып, сол өмірдің бір бөлшегі іспеттес болады. 
Сондықтан да бұл жерде мәселені «әке – трагедиялық тұлға» деп қоюға тұрарлық. Оның барлық әрекеттері белгілі бір нәтижеге бағытталса да (мәселен, баласының дамуына ықпал жасау, бағыт-бағдар беру), сол нәтиженің жемісін көру, оны өзінің жеңісі деп түсіну оған жазбаған. 
Әкенің баласына жасаған жақсылығы дер кезінде мойындалмайды. «Әкенің жақсылығын әке болғанда білесің» демекші, ол тек кейініректе расталады. Уақыт өткен соң ғана, баласы өзінің тұлға болып қалыптасуына әкесінің өлшеусіз зор ықпал жасап, еңбек сіңіргенін түсінеді. Алайда, бұл түсінік балаға кеш келеді. Ол әкесінің алдында шексіз қарыздар екендігін сезінеді. Мүмкін осындай өкініш орыс философы Н.Федоровты «патрофикация» идеясына әкелген де болар. Бұл идея бойынша, бүкіл адамзаттың басты мақсаты — әкелерді қайта тірілту, яғни «патрофикациялау». 
Сөйтіп, «ана» мен «әке» архетиптері өмірге деген әртүрлі көзқарастардың символдары деп айтуға тұрарлық. Адамзат тарихын, ұлт тарихын да дәл осылай «ана махаббаты» және «әке махаббаты» атты екі кезеңге бөлуге болатын сияқты. Қандай да болмасын қоғамдық қарым-қатынастарда, оқыту мен білім беруде де осы екі ұстаным анық көрінеді. Мәселе бұл жерде «әке» болып қалуда.

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА