27.04.2024

Төл мерекелеріңізбен, аяулы ұстаздар!

Ұстаз! Осы бір сөздің ішінде қаншама мән – мағына, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтыны белгілі. Небір данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті арман қуған жеткіншектер де бәрі бір адамға қарыздар. Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Адамды тәрбиелеп, оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш, сондықтан ұстаздың еңбегі – ұлы еңбек. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да – бәрі – бәрі ұстаздан тәлім алған, сондықтан барлық құрмет ұстаздарға арналады. Ұстаздық жолда шығармашылығын шыңдап, білім мен тәрбие беруде аянбай еңбек етіп, талай шәкірттерге өзінің бойындағы асыл қасиеттерін сыйлап, жан жылуын аямай келе жатқан аяулы ұстаздарымызды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде еңбектеріңіз зор. Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік. Шәкірттеріңіз шартарапқа тарап, атақ – абыройларыңызды асқақтатсын. Ең бастысы, «ұстаздық» дейтін ұлы мамандықтың тізгінін ұстаған абзал жандар, біздің жемісіміз – шәкіртіміздің шыңдалып өскені. Сондықтан саналы шәкірт тәрбиелеп, сапалы білім беруді тілейміз. Мерекелеріңіз құтты болсын! Жанұяларыңыз жылулыққа, шаңырақтарыңыз шаттыққа тола берсін, еңбектеріңіз жана берсін!

Сөз соңында ұстаздардың төл мерекесіне арнап, портал редакторларының ұстаздар туралы жырларын ұсынамыз!

Портрет (112 of 234)Бас редактор Аятжан Ахметжан:

Ұстаздық — ұлы мұратым

Өзі ғалым, өзі сері, өзі ақын,

Жеті өнерден шығарса да өз атын,

Барша адамға үлгі еткен ұлы ісі,

Фарабидің ұстаздық парасаты болатын.

 

Хан Абылай заңғар, биік кешегі,

Жырауларға шәкірт болып өседі.

Абылайдың бойындағы парасат,

Бұқар жырау ұлылығы деседі.

 

Болсам да мен жазушы аты — мәшһүр,

Бойымнан алыстамас ата дәстүр,

Ыбырайдан алыстап қайда барам,

«Кел, балалар оқылық!» — хаты қап тұр.

 

Ұлтыма ұлағатты бақыт сыйлап,

Хакімнің қара сөзі жақұт жыр нақ.

Абай да ұстаздыққа ден қойған — ды,

Қасына сөз ұғарлық шәкірт жинап.

 

Саясаткер болса да аты бөлек,

Ахметтің аталар аты да ерек.

Негізін салып кеткен ағартудың

Ұлт ұстазы атанған заты бөлек.

 

Әуезовтың әр томын әлем ұқты,

Қазақылық тұп-тұнық дәлел мықты.

Шәкіртінен алатын шын шабытын,

Әуезовтың қаламынан әлем ықты.

 

Танытып рухының бекемдігін,

Арнаған оқырманға шекер жырын.

Жастарға сеніп кеткен Мағжанның

Халқы білер педагог екендігін.

 

Бір жағынан ақтарып кенін жырдың,

Бір жағынан шәкірттің белін будым.

Мәңгілік ел мұратқа жетсе екен деп,

Мәңгілік ұстаздықтың жолын қудым.

 

**** ***** *****

 

Мектеп жүрегі кеудесінде ұстаздың,

Келешегіңді қолыма ұстадым,

Ұстаз деген жүгімнен қорқам,

Түсіне алмас қадірімді тыс қауым.

 

Адамдық арым періште алдында,

Сыналып жататын кіршіксіз қалпында,

Сезінем əрбір қадамның жүгін,

Елдің ертеңі сəулелі жадымда.

 

Мойында, мейлі, сілки бер қолыңды,

Бөгеме менің ұстаздық жолымды.

Ертең азамат болғанда сезерсің,

Көп адам сезбейтін көздегі мұңымды.

 

Ұстаздың сезе алмай ұлылығын əбден.

Мына қоғам əумесерленді-ау, əттең,

Халін түсінбей жанкешті жұрттың,

Азып кетерсің осынау дерттен.

 

Деңгейге жетсе де дауа дарымас,

Аза бер  деуге аузым да бармас.

Адамдық құным бойымда тұрғанда,

Ұстаздық салауат санамнан қалмас.

45Порталдың шеф-редакторы, айтыс ақыны Жақсылық Орынбасар ұстаздардың бүгінгі хал-жағдайын Қадырғали Көбентайдың «Өнер адамы» әнінің әуеніне салып, бір айтысында былай толғаған еді. Жырмен өрілген ұстаздың үнін қаз-қалпында сіздерге ұсынуды жөн көрдік.

Біздер, біздер бақшадағы бағбанбыз,
Біздер, біздер жарқыраған шамдармыз.
Елу мыңдық айлықпенен күн көріп,
Жүз мыңдарға пәтер жалдап алғанбыз.

Біреулерге биік-биік шыңдаймыз,
Біреулерге қу медиан құмдаймыз.
Міндеттеуге келген кезде құлдаймыз,
Құрметтеуге келген кезде жұрдаймыз.

 Қайырма:
Алдымызда жалт-жұлт етіп от, шырақ,
Әне-міне айлық өсед деп тұрад.
Ұстаз болу ұлы міндет дегенмен,
Ешкім бізді шын сыйлаған жоқ, бірақ,
Ешкім бізді шын сыйлаған жоқ, бірақ.

Жарымай-ақ шапағатқа, шапанға,
Біздер жүрміз ең жапалы сапарда.
Ұл-қыздарын тәрбиелеп жатсақ та,
Ешкім бізді қоса алмай жүр қатарға.

Гүрілдетіп джипыңды да мінбейміз,
Анталия, Анкараңда жүрмейміз.
Өзі жанып айналасын жылытқан,
Біз кәдімгі жанған отпен бірдейміз.

 Қайырма:
Алдымызда жалт-жұлт етіп от, шырақ,
Көңілдерге ұялайды көп сұрақ.
Қазақстан “елу елге” енсе де,
Мұғалімге неге жағдай жоқ, бірақ?
Мұғалімге неге жағдай жоқ, бірақ?
Мұғалімге неге жағдай жоқ, бірақ?

Қап-қараңғы аспаныңа күн болған,
Сұлтанмахмұд алашқа адал ұл болған.
Мағжан, Ахмет, Ыбырайлар сап кеткен,
Біз ешқашан шегінбейміз бұл жолдан.

 Қайырма:
Алдымызда жалт-жұлт етіп от, шырақ,
Мен ойымды кетем былай топшылап.
Қоғам қанша қораш санап жүргенмен,
Ұстаздықтан ұлы кәсіп жоқ, бірақ,
Ұстаздықтан ұлы кәсіп жоқ, бірақ!!!

Дариға Жақсылық

Қазбілім порталы

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА