27.04.2024

Мектеп бітіруші түлектер Лимузин жалдап, Голливуд актерлары жүріп өтетін қызыл кілемге тапсырыс берген

Бүгін елімізде мектеп бітірушілердің қоштасу кеші өтеді. Қазір жер-жердегі білім ордаларында 11 жылда алған білімін сәтті ақтап шыққан түлектерге салтанатты түрде аттестат табыс ету рәсімі өтіп жатыр. Ресми қорытынды бойынша, биыл мектепті 143 мың оқушы тәмамдаса, соның мың 824-і төсіне «Алтын белгі» таққандар екен. Ал аттестат бір күнде табыс етілгенімен, оны тойлау бір аптаға жалғаспақ.

Сәнді смокинг пен әдемі көйлек – бұл бітіру кешіне әзірліктің бірі. Мәселен, алматылық Анна Клименко әркайсысын 50 мың теңгеден екі көйлек алған. 123 балл жинаған қызының еркелігін жақындары да көтерген.

Анна Клименко:

-Осы көйлекті дүкеннен, ғаламтордан қарап жүріп әрең таптым. Оның үстіне бір емес, екі көйлек алу керек болды. Біреуін ресми салтанатқа кисем, екіншісі сауыққа киемін. Қазір барлығы да сөйтеді.

Киімнен өзге салонға барып, әрлену жағы мен қымбат кортеж жалдау жағы да қалыс қалмауы тиіс мұндайда. Бұл түлектер үшін заңдылық іспеттес құбылысқа айналғалы қашан.

Зинаида Ахриева, лимузин салонының директоры:

— Салонда 24-не дейін лимузин қалмады. Барлығын түлектер жалға алып отыр. Әрине, біздің табысымыз артатын шақ. Ең арзаны — сағатына 100 доллар. Ал мынадай «Хаммер» кортежі 300 долларға дейін барады.

Жастардың қалауы мұнымен ғана шектелмейді. Мәселен, биыл бір алматылық мектеп кештің қызыл кілем жайылған Голливуд рәсімінде өтуіне тапсырыс беріпті.

Николай Никитин, мереке ұйымдастыру агенттігінің директоры:

-Біз кештің бірін «Оскар» стилінде өткізгелі отырмыз. Әрине, ұйымдастыру ауқымына қарай бағасы да қымбат. Мәселен, 1 мыңнан 5 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Былтырғы түлектер Қапшағайда бір тәулікке үлкен кеме жалдап өткізіп еді. Ол да қымбатқа шықты.

Әрине, қалтасы таяздау ата-ана осынша шығынға қынжылады. Бірақ кім баласын қатарынан қалдырғысы келеді. Іздеп жүріп, қалағанын тауып беруге бәрі де әзір.

— Кешке мына көйлекті киемін. Анам екеуіміз көп іздеп, әзер таптық.

Бітіру кешінің мұншалықты шабылып өтуін мамандар ата-ананың қалауына қалдыруда. Яғни аттестат алған соң оқушының әрекетіне мектеп ұжымы жауапты емес.

Гүлнар Қожабергенова, Алматы қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

-Ертеңнен бастап әрбір ата-ана өз баласына жауап береді. Балалардың мектеп бітіруін атап өту әр ата-ананың өз құзырында. Өздері шешеді.

— Десе де түлек үшін ең бастысы — Жоғарғы оқу орнына түсу. Әрине, егер белгіленген межеге сай баллын жинаса. Биыл ел көлемінде 143 мың оқушы мектеп бітірсе, соның 87 мыңы тест тапсырды. Бірақ 20 мыңы құлағандар санатында. Ал 4 түлек 125 балл жинап, озық шықса, 1800-і «Алтын белгіге» лайық екенін дәлелдеген.

KTK телеарнасы

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА