12.10.2024

Айманбетова Мален. ЖҰРТТЫҢ «ЖҰЛДЫЗДАН» БАСҚАДА ЖҰМЫСЫ ЖОҚ

Айманбетова Мален– Сәлеметсің бе, Мален? Ең бірінші жақында ғана алған жүлдеңіз құтты болсын!
– Сәлеметсіз бе, рахмет!
– Мален, әңгімені оқырманға түсінікті болу үшін әріден бастасақ, сіз мектеп табалдырығын қай жерде, қандай мектепте аттадыңыз?
– Мен алғаш мектеп қабырғасын Алматы қаласындағы №15 гимназиядан бастадым, кейін ата-анамның Астана қаласына жұмыс ауыстыруына байланысты осында келіп, сегізінші сыныптың алғашқы жартысына дейін №56 мектеп-лицейінде ағылшын тілін тереңдетілген сыныпта оқыдым. Қазір Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің 9-сыныбында оқимын.
– Сөзіңізге қарағанда бір-ақ жылдың алдында ағылшын тілінде тереңдетілген сыныпта оқып жүріп, математика-жаратылыстану бағытындағы дарынды балаларға арналған мектепке ауысуысыпсыз? Мұнша тез ауысуға не себеп болды?
– Иә, сегізінші сыныпқа дейін тілдерді қатты ұнатып болашақта сол бағытта мамандық таңдайтын шығармын деп ойлайтынмын. Оның үстіне №56 мектеп-лицейінде оқушылар арасында өте белсенді жұмыс атқаратынмын. Бірақ сегізінші сыныпқа келгенде бұл ойым аяқ асты өзгеріп шыға келді..
– Неге аяқ астынан өзгерді?
– Химия пәні сегізінші сыныпта басталады ғой, сол кездегі ұстазымның әсері менің бүгінгі жетістіктерге жетуіме себепкер болды. Менің қазіргі жетекшім сол кезде бізге химия пәнінің мұғалімі болып келді, бір күні сабақтан кейін мектеп бойынша сабақта үздік деген он, он бес оқушыны жинап алып, кездесу өткізді. Әлі есімде, сол кездесу мына бір есептен басталған еді. Бізге ағайымыз қазақстандықтардың бір жылда пайдаланатын қаламын және оған кететін жалпы қаражатты есептетті. Нәтижеде өте үлкен көлемдегі қаражат шықты. Сонда ағай: “көрдіңдер ме? біз шетелден тек қалам сатып алу үшін қанша ақша жұмсаймыз? Ал сырттан келетін барлық тауар үшін қанша ақша ағылып кетіп жатыр, оны есептеу тіптен мүмкін емес. Сендер Қазақстанды болашақта дамыған мемлекеттер қатарынан көргілерің келсе, осы секілді қаражаттың бәрін елде қалдыру үшін оқуларың керек, ойланыңдар! біз тек әрбір өнімді елімізде шығарғанда ғана, экономикамыз да, басқа саламыз да дамыған мемлекеттер қатарына өтеді. Ал, Қазақстанның шикізат байлығы оған жетерлік, тек сол байлықты ашатын ғылымның тетігін ұстау керек, ол – химия”- деді.

– Шынымен ойланатын жағдай ғой.
– Иә, содан біз таласа-тармаса дауластық, талқыладық. өзімізше жаңа дүниелер жасағымыз келді. Ағай: “ол үшін бірінші теориялық білім мықты болу керек, сендер олимпиадамен айналысыңдар, егер жақсы айналысып нәтижеге жетсеңдер болашақта жақсы ғалым, жақсы инженер болатындарыңа, Қазақстанның мақтанышына айналатындарыңа сенемін сөзсіз”- деді. Содан бастап арнайы шет тілдерін оқудан гөрі жартылыстық пәндерге, оның ішінде химияға деген құштарлығым оянды, содан бері олимпиадалық дайындықпен келе жатырмын.
– Соның алғашқы жемісін көрдің ғой?
– Иә, биыл қалалық олимпиададан бірінші орын мен респуликалық олимпиадаға өткенмін. Алдыңғы апта республикалық олимпиададан қола медалды қанағат тұттық.
– Республикалық олимпиададан қола медал төмен көрсеткіш емес қой, біраққ, көңіліңіз, толмайтын секілді, неге?
– Иә, тағы да ағайдың бір сөзі бар еді: -бәріне қанағат етуге болады, бірақ, ғылым-білімге қанағат етуге болмайды,- деген. Сол айтпақшы, жеткен жетістігіме көңілім толмады. Негізі, аз кемшілік кетіріп алдым, әйтпесе, алтын, күмістің ауылы алыс емес еді.
– Бәрекелді, “талапты жетер мұратқа” дегендей, бұл жолы жетпесең келесі жолы жетерсің.
– Рахмет, ендігі мақсат сол .
– Сәттілік тілеймін! Біз бұған дейін де біраз оқушылармен сөйлестік, өзіміз де оқушы болдық. Бірақ, жалпы пәндік олимпиадалар туралы, оның маңызы туралы біле бермейді, неге?
– Меніңше бұған екі түрлі себеп бар, бірі – көп мектептерде өте-мөте қарапайым мектептер пәндік олимпиадаға мүлдем көңіл бөлмейді. Көңіл бөлсе де менің бір байқағаным олимпиадаға бастысы, қазақша материал жоқ. сосын мұғалімдердің де шамасы келе бермейді. Екінші себеп, жалпы пәндік олимпиада, ғылым жолындағы халықаралық, мемлекеттік жарыстар туралы біздің БАҚ ешқашан ақпарт бермейді. Ол туралы телеарналарымыз да, арнайы бағдаларламалар да жоқ. Біздің телеарналардың көрсететіні тек шоу сипатындағы дүниелер ғана ғой.
– Оқушы болсаң да көп нәрсеге көңілің толмайтын сияқты ғой?
– Иә, спорттық олимпиадаларды, олимпиадашыларды жарнамалаймыз, дәріптейміз, жағдайларын жасаймыз. Мен оған қарсы боп отырған жоқпын, бірақ, ғылым бағытындағы саңлақтар туралы ешкім де білмейтініне қиналам. Өйткені оларға көңіл бөліп отырған ешкім жоқ. Ал, ғылымның маңызы спорттан, әншіден кем бе сонда? Қарапайым бір ғана мысал, қазақы менталитеттен жұрдай бір эстрадалық топ халқаралық ән байқауына қатысса айлап көрсетіп, апталап мақтанамын. Ал, ғылым жолындағы саңылақтар қатысып жатырма, орын алып жатырма? Одан ешкімнің хабары жоқ. Сол үшінде бүгін бар оқушының арманы жұлдыз болу.

Мысалы өзіңіз айтыңызшы, дүниежүзілік, халықаралық, дүниежүзілік пәндік олимпиадалардан медал алған Қазақстандықтардан кімді танисыз?
– Ешкімді, бар ма негізі?
– Жетерлік, міне сіздердің өздеріңіз білмейсіздер, мектептегі оқушы қайдан білсін. Демек олар туралы ақпарат жоқ. «Ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін нәрсе, ол – білім» деген Мұхтар Әуезов. Бірақ, өкінішті, біз оған екінші, кейде үшінші, төртінші деңгейдегі шаруа ретінде қараймыз. Қайдан тауар өнеркәсібі мен ғылымы дамыған елге айналамыз? Осының алдында Асқар Жұмаділдаев ағамыз “технократтық мемлекетке айналмай 30-дыққа кіре алмаймыз” -деген еді. Иә, біздің елді болашақта биіктен көру үшін ең алдымен ғылымға көңіл бөлу керек.
– Оныңыз рас, сіз сонда қалай дайындаласыз? Бір сөзіңізде қазақша материал жоқ деп қалдыңыз, немен дайындаласыз сонда?
– Біз, амал жоқ, негізінен орысша, қытайша материалдармен дайындаламыз, орысша өзімізге түсінікті, қытайшаны ағай аударады. Әйтеуір екі жұмыс бірақ, нәтижеге жету жеңіл еместігін түсіндім. Жеңісім «Зерде» мектебінің, Аятжан ағайдың арқасы. Қалғанын болашақта көреміз.
– Болашақта биіктерден көрейік.
– Рахмет! Сау болыңыз!

Айманбетова Мален. Астана қаласы дарынды балаларға арналған №9 “Зерде” мектебінің 9 сынып оқушысы.  Химия пәнінен Республикалық олимпиаданың қола медал иегері, оқу үздігі.
Әңгімелескен: Жақсылық Орынбасар

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА