11.10.2024

Майра АМАНТАЕВА. Мұғалім мәртебесі – өркениеттілік өлшемі

Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Қазіргі қоғамдағы ұстаздар мәртебесі туралы сөз қозғар алдында, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», – деген сөзі еске түседі. Ұстаздың қадірі, мұғалімнің мәртебесі туралы Мағжан Жұмабаевтың: «Алты алаштың басы қосылса төрдегі орын мұғалімдікі» – деуі тегін болмаса керек.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында ұлттық білімнің сапасын арттыруда, орта білім беру саласына жаңа стандарттар енгізу бойынша нақты тапсырмаларды белгілеп берді. Осы орайда, ұрпақ тәрбиесімен тікелей бетпе-бет келетін ұстаздар жайлы, олардың әлеуметтік әл-ауқаты, қоғамдағы мәртебелеріне қатысты кейбір проб­лемаларды алға тартпақ ниеттеміз.

Кәсіподақ органдары мен оған мүше ұйымдардың алға қойып отырған ең басты мақсаты – кәсіп­одақ мүшелерінің еңбек және әлеу­меттік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылғандықтан, білім беру қызмет­керлерінің әлеуметтік әл-ауқа­тының нақты көрінісін жеткізу­де бірсыпыра жұмыстар атқарылды. Ал бұл дегеніміз, қоғамдағы тұ­рақ­тылықты сақтаудың негізгі құралдарының бірі. Осы уақытқа дейін кәсіподақ жұмысы түрлі үлкен сынақты тәжірибеден өтіп, бүгінгі күні салиқалы да салмақты, берекелі де беделді қоғамдық ұйымға айналды. Билік пен қоғамның өзара уағдаластық үйлесімі әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асырылып келеді. Білім және ғылым министрлігімен Салалық кәсіп­одақ арасында байыпты өзара ықты­мақ­тастық орын алды. Екіжақты қол қойылған 2015-2017 жылдарға ар­нал­ған салалық келісімшарты да ұс­таздардың мәселелерін шешуде оңтайлы септігін тигізеді деп сенеміз.

Елдегі экономикалық-қаржы дағдарысына қарамастан, 2016 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап бі­лім беру қызметкерлерінің жал­а­қылары 29 пайызға артуы, жыл сайын білім беру мекемелерінің мате­­риалдық-техникалық баз­а­лары­­ның нығайтылуы, білім беру ұйымдарының жаңа заманауи технологиямен жабдықталуы, жас маман­дарға жасалған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының жүзеге асуы сынды нәтижелі жұмыс­тардың бәрі мемлекет тарапынан көрсетілген ірі қолдау. Дегенмен, атқарылып жатқан қыруар жұмыстарға қарамастан, қоғамдағы ұстаздардың мәртебесі әлі де төмен. Бұған ұстаздарға қатысты кейбір шешілмеген мәселе­лердің түйткілдері себеп болып отыр. Мысалы, елімізде ұстаздың еңбекақысы қазақстандықтардың орташа жалақысымен салыстырғанда небәрі 75 пайызды құрайды. Әри­не, қазіргі таңдағы дағдарыс жағ­дайында мемлекеттен білімге, соның ішінде педагогтар үшін қосымша жағдайлар мен кепілдіктер жасауға шығын көлемін көбейтуді талап етуге қолайлы уақыт емес екендігі түсінікті. Алайда, біз білім берудің жаңа мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты еңбек талаптары мен жүктемелерінің артуына орай, жалақыны әділетті түрде көбейту қажет деп ойлаймыз. Еңбекке ақы төлеудің бірыңғайланған жүйесінің бірнеше кемшілігі бар, соның бірі – педагогикалық еңбектің ерекшелігін ескеретін салалық тәсілдің болмауы. Мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің қолданыстағы бірыңғайланған жүйесін алып тастау туралы неге ойланбасқа? Білім беру ұйымының қызметкерлері үшін салалық ерек­шелікті ескеріп, штаттық-лауа­зымдық тәсілдерді көздейтін ең­бек­ақы төлеудің салалық жүйесін әзірлеп және оны енгізу қажеттілігі туындауда. Жалақының мөлшері еңбектің саны мен сапасына ті­келей тәуелді болуы тиіс. Жала­қыны дифференциялау қажет. Педагог қызметкерлердің еңбегін мате­риалдық ынталандыруға мүм­кіндік жасау мақсатында материал­дық көтермелеудің жеке қорын қарастырған жөн.

Әлеуметтік зерттеулер деректері бойынша педагогтардың тек 60 пайызында ғана жеке баспана бар. Әлемнің экономикалық дамы­ған елдерінде білім беру ұйымы­ның қызметкерлері әл-ауқаты жағынан орташа топқа жатса, қазақ­­стандық педагогтар туралы олай деуге әлі ерте. Салалық кәсіп­­одақ аталған мәселелерді өз назарынан тыс қалдырған емес және бұған қатысты сұрақтарды Үкі­мет, Парламент пен салалық министрлік алдында бірнеше рет көтер­ді. Сала қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейту жөнінде педагогикалық кәсіптің абыройын арттыруға бағытталған ұсыныстар да айтылып келеді.

Жыл сайын республикалық бюджеттен мемлекеттік тапсырыс ре­тінде педагогикалық мамандықтарға миллиардтаған қаражат бөлінеді. 2015-2016 оқу жылында жалпы саны 32 168 гранттың 3 689-ы педа­гогикалық мамандыққа берілсе, биылғы 2016-2017 оқу жылына бөлінген 31 700 гранттың 5000-і аталған мамандықтарға тиесілі болды. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, диплом алған жас педагогтардың саны елімізде жеткілікті. Дегенмен, олардың көпшілігі өздерінің мамандықтары бойынша қызмет атқаруға талпына қоймайды. Өйткені, жас ұстаздардың жалақысы небәрі 50 мың теңге шамасында. Мұндай төмен жалақыға жастардың барғысы келмейтіні белгілі. Сондай-ақ, педагог қызметіндегі гендерлік сәйкессіздіктің реттел­меуі де өз ықпалын тигізуде. Елі­мізде мұғалімдік қызметті атқа­ра­тын­дардың 86 пайызын әйелдер құрайды. Күрмеуі күрделі мәсе­ле­лердің қатарына ұстаздардың қартаю үрдісін де қосу керек. Тәуелсіз сарапшылардың зерт­теулеріне сүйенсек республика бойынша мұғалімдердің саны 340 мыңнан астам екен. Ал оның ішіндегі 8000-ға жуығы зейнеткерлер көрінеді. 40 мыңнан астамы зейнет жасы алдындағы ұстаздар болса, жастардың үлесі небәрі үштен бір бөлігін құрайды.

Ұстаздар қауымы кәсіби шеберліктерін шыңдау мақсатында әр 5 жыл сайын біліктіліктерін жетілдіру курстарынан өтеді. Алай­да, бүгінгі ғылым мен техниканың даму үрдісінен қалыс қалмау үшін 5 жылдық мерзімді 2-3 жылдық мерзімге қысқартқан жөн деп санаймыз. Мұғалім кәсіби тұрғыдан өздерін ұдайы жетілдіріп отыруы тиіс. Педагог кадрларды сапалы даярлау мәселелеріне де жауап­кер­шілікпен қараудың маңызы зор. Көп жағдайда мұғалімдер білім жетілдіру ісінде оқу үрдісіне керек құрал-жабдықтарды, оқу-әдісте­мелік әдебиеттерді, ғылыми-педаго­гикалық шығарылымдарды жеке қаражат­тарына сатып алуға мәж­бүр. Осын­дай шығындарды өтеуге мем­лекет тарапынан компенсация тағай­ын­далса нұр үстіне нұр болар еді.

Педагогтарды толғандыратын мәселелердің тағы бірі – ұстаздар жыл сайын демалысқа шығатын кезде жалақысының бір айлық көрсеткіші мөлшерінде тағайындалатын емдік жәрдемақының жеткіліксіздігі. Елдегі барлық шипажайлармен жеңілдетілген баға саясатын ұсыну бағытында келіссөздер жүргізумен қатар, салалық кәсіподақ ұйымы өз тарапынан қолдау көрсетіп, кәсіп­одақ бюджетінен мұғалімдердің сауық­тыруына белгілі деңгейде көмек көрсетіп келеді. Мұндай кө­мек­пен республикамыздың барлық мұ­ғалімдерін қамтамасыз етуге кәсіп­одақ қауқарсыз. Осы­мен қоса, ауылдық жерлерде жұ­мыс жасай­тын ұстаздарға отын алу шығын­дары бойынша мемле­кеттік биліктің жергілікті органдары­мен мате­риалдық өтемақы бөлу мүмкін­дігі заң аясында анық­талған. Бірақ бұл көмектің ең аз шегі анық­талмаған. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар­да бұл әлеу­меттік кепілдікті алып тастау мәселесі қарастырылып жат­қаны пе­дагогтардың әлеуметтік жағ­дайына қиындық тудыратыны сөзсіз.

Жоғарыда аталып кеткен түйіндер оңтайлы шешілмейтін болса, білім беру қызметкерлерінің қо­ғам­дағы мәртебесінің көтеріліп, білім сапасы көңіл көншітетіндей дең­гейге жетуі екіталай. Бұл мәсе­лелерге Үкімет, кәсіподақ, жергілікті әкім­шілік болып, тіпті қоғам болып бірге ат салыссақ, ұстаздар бар ынта-жігерімен бала оқытуға құлшынар еді.

Иә, ұстазға тән қасиеттің барлығы олардың бойынан табылып тұрса, ешкім оған негізсіз мін таға алмайтыны да анық. Бұл тұрғыдан келгенде ұстазда ұқыпты, білікті, жан-жақты заман азаматы болуы тиіс. Мұғалімнің ең негізгі миссиясы – оқушының өз-өзін тануға, дамытуға әрдайым ықпал жасау. Ұл-қыздың қоғамға, өз Отанына қызмет етуін санасына сіңіру болып табылады. Педагогикалық жаңашыл үрдіс пен идеялар қазақстандық мектептердің тынысын ашып, зердесін ұштайды. Шығыс ғұламасы «Орташа мұғалім айтып береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, үздік мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім қанаттандырады, шабыттандырады» дейді. Ендеше, елімізде білімге негізделген ин­но­вациялық-экономикалық же­тіс­тіктерді елдің даму стратегия­сымен сабақтастыратын, әрі оны жүзеге асыруына үлкен үлес қосатын ұстаздарды кәсіби мерекесімен құт­тықтай отырып, мерейлі еңбектеріне сәттілік тілейміз.

Майра АМАНТАЕВА,

«Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

Суретті түсірген:  Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА