07.07.2024

Ерекен Қорабаев. Жақсылық пен жамандық

Тамыздың тамылжыған таңы. Тәтті ұйқыда жатқан Жарас, шешесі үшінші мәрте оятқанда барып амалсыз тұрды. Орнынан еріне қозғалып, беті-қолын салқын сумен жуғаннан соң есі кіргендей еді. Жаздың ұзақ күнінде үй көрмей салынған ойыннан есі кетіп шаршап, ішкен-жегені бойына жұқпай, Жарастың қабырғалары арса-арса болып, қылқиған мойны ғана қалған.
Жаз шықты болды, бала біткеннің ермегі-қыстағы қар суы мен жаздағы жаңбыр суынан жиналған тоған-көлшік. Шешесі тоғанның жағасында туғандай Жарасың сол көлшіктің тұрақты мекендеушілерінің бірі. Ұзақты күн шалшық су сорып, бет-аузы жалақ-жалақ болып, кешкісін үйге құр сүлдерін сүйретіп бір жетеді. Оны «Ей, қайтесің, бағусыз сор маңдай», – деп мүсіркеуге – төрт құбыласы түгел. Нөсерден аман қалған қырқылған тоқтыдай болып, түрінен адам шошырлық Жарасты таза суға жуып, қайта адам кейпіне келтіру шешесіне оңайға түспейді. «Осы тоғаны құрғыр қашан құриды. Мелиса, әкімдер қайда қарап отыр? Шірік судан ауру шықса қайтеді?» -деп өзінен өзі күйіп-пісіп, баласының күс-күс болып кеткен тарамыс аяқтарын ысқылап жатқаны.Мұны біреу күштеп тоғанға түсіргендей, әбден сықпыты кетіп, адамнан гөрі мақұлыққа жақын Жарас сабазға сонда да шаң жуытпайды ғой шешесі. Мұнтаздай болып таза жүретін егіз қыздары Айғаным мен Нұрғаным да шешесіне сабын суын алып беріп, Жарасты «тазалау» жұмысымен біраз әлектенеді. Бірақ бұлардың еңбегін елеп жатқан Жарас жоқ, бас-аяғы үш-төрт күнде баяғы жабайы қалпына қайта түседі.
Бұдан бір күн бұрын түскі асын ішіп, ыстық шайдан соң борша-борша терлеген Жарас көлеңкеге тер басуға тысқа шыққан. Кетегіне кірмей мазасызданып, қыт-қыттаған тауықтарына көзі түсті. «Мысық кіріп кетпеді ме екен?» – деген оймен қараңғы кетекке басын сұға бергені сол еді, біреу кір-кір қолымен мұның тұмсығынан осып жібергені. Ал, бұл кезеңде кетектің ішінде мысық емес, жұмыртқа ұрлауға әбден машықтанған «кәнігі ұры» Ақан отырған еді. Қолы қаралы адам қылмыс үстінде ұсталса, неден болса да тайынбайды. Қас-қағымда не болғанын түсінбей, абдырап қалған Жарасты үстінен басып өтіп, жолындағы талдарды сындыра-мындыра сытылып кетті. Жарас оны етегі тізесіне түскен сары футболкесінен ғана танып қалды. Әке-шешелері құрдас, аралас-құралас адамдар болғандықтан, көп дабыра қылмай бұл «іс» жабылып қалған.
Осы оқиға болған күні кешкісін, Жарасты жазғы демалыстың қалған бір айына «егін ауылдағы» нағашыларына жіберу жөнінде ұйғарым жасалды. «Оның үйдегі демалысы берекетсіз, абырой бермейтін демалыс болды. Оқуға дейін ағарған ішіп, тынығып, әл жинасын, әйтпесе, мектепке барғанда бұдан жұрт шошып жүрер,» – деді әкесі.
Әлгі айтқан «егін ауыл» орталықтан онша қашық емес, әрі кеткенде бес-алты шақырымдай. Қаратаудың бауырында, аздаған мал-жандықтың қамымен және бұлақ жағалай бау-бақша салып отырған ауылдар. Таңғы салқынмен шығып, күн ысымай жетіп қалсын деген мақсатпен Жарасты бүгін ерте тұрғызған. Әке-шешесіне сәлемдеме ретінде шәй-пәйін, азынаулақ дәмін сөмкесіне салған шешесі оны жолға шығарып саларда жолда ойнап қалмауын, шөлдеп қалмау үшін бұлақ жағалай жүруін, сосын су ішкенде сүліктен абай болуын бірнеше рет құлағына құйып айтты.
Иығында дорбасы бар Жарас жалғызаяқ жолмен жүріп келеді. Қозғалып жүргеннен болар, көп ұзамай-ақ ұйқысы шайдай ашылып, таңғы таза ауадан көңілі көтеріліп, әлсіз бала дауыспен: «Жетейін десем жете алмай, жүрген жоқпынба-ай» деп әндете бастады.
Әне, анау көрінген Айдын шалдың бау-бақшасы,одан әрі азырақ жүрсе нағашысының ауылы да тиіп тұр. Ал Айдын шал мұның нағашы атасымен құрдас, өзі бір елгезек шал. Мынау – соның бақшасы. Жарас бұлақтан су ішіп, біраз тынығып алмақ болып отырған. Маңайда қыбырлаған жан көрінбейді, бақшаның орта тұсындағы күркеден де ешкім шыққан жоқ. Желілері шұбатыла теңкиіп-теңкиіп жатырған сары қауындарды көргенде Жарастың сілекейі шұбырып кетті. Иығындағы дорбасын жерге қойды да, қоршау сымды көтеріп, бақша ішіне кірді.Шағындау бір сары қауынды желісінен үзіп алып, қайта қоршаудың сыртына шықты. Жылдам басып біраз жер жүрген соң артына қарағанда, күркесінің жанында состиып тұрған Айдын шалды көрді. Сасқаннан: «Сезіп қалған жоқ па екен?» – деді өзіне-өзі. Бойынан суық тер де бұрқ ете түсті. Жоқ, бірақ артынан қуған ешкім болмады. Сосын барып Жарастың жүрегі орнына түсті. Қауынды тасқа ұрып жарып, шала-пұла жеп, жеңімен аузын сүртті де жолды жалғастырды. Азырақ жүргенде нағашысының аулы көрінді.Томашадай болып келе жатқан жиендерін зорға шырамытқан кемпір-шал қалбақтап қарсы жүгірді. Екеуі кезек-кезек иіскелеп, мұны жетектеп қостарына қарай беттеді. Жарастың азамат болғандығы, өздерін іздеп жалғыз келгендігі – жігіт болғандығының белгісі екендігі айтылып, нағашы атасы мен әжесі мәре-сәре. Жарасқа арнап нағашы атасы бір марқасын жаратты. Қозының басына Айдын шалды шақыруға атасы есегін ерттеп жатқанда, Жарастың көңілі тағы бұзылды. Өзінен-өзі мазасы кетіп, қипақтап қалды.
– Оу, мынау Жарас па? Міне, азамат, бағана осы дәу де болса Жарас болар деп топшылап едім, -деп шал мұның қолын алып басынан сипады. Жарастың бетінің оты шығып қып-қызыл болып кетті.
– Әй, бәйбіше , қайдасың, сендер менен он шақты күн кеш салдыңдар, қауындарыңның шалалығы бар шығар, Жарас бір тойып жесін, -деді ол тағы бір дорба қауынды әжесіне беріп жатып.
Екі салқынмен атасына көмектесіп, бақшаның арам шөбін отайды.Күн ыси бастағаннан үйде демалады. Аузынан қалатын түйенің шұбаты, ортасын кешіп жүріп жеген көкөніс Жарастың өңіне шырай кіргізді. Бұл Жарас – азып-тозып тоғаннан келетін баяғы Жарас емес еді.Оқудың басталуына шамалы күн қалғанда атасы оны орталыққа алып жүретін болды.Әттең оқудың болып қалғаны, әйтпесе Жарастың мына жұмақтан кеткісі келген жоқ. . Бір қап қауын артқан есекті жетектеп екеуі келе жатыр. «Е, Жарасжан, оқуың болып қалды-ау, күні кеше ғана келген сияқты едің, әй, өтіп бара жатырған күн-ай,» – деп жолдан Айдын шал «жол болсын» айтып қалды.
Ал, Жарас Айдын шалға таңданып келеді. Бұл ғой оның қауынын ұрлады, ал шалдың мұны жазалаудың орнына өз еңбегімен өсірген қауынын мұның аузына тосып құрметтеді. Ойына Байбақты мұғалімнің айтқаны оралды. Ол: «Балалар, өмірде жамандық та, жақсылық та кездеседі. Жамандық жасау оңай, ол әркімнің қолынан келеді, ал жақсылық жасау қиын. Шамаларың келсе, жамандыққа жақсылық жасауға тырысыңдар!» – дейтін. Мұғалімнің сол айтқанын мына Айдын шал іс жүзінде өзіне жасап отыр. «Е, ағайдың айтып жүргені осы болды-ау,» – деп ойлады Жарас бала. Кез-келген адамның қолынан келмейтін осындай даналықты Байбақты мұғалімге Айдын шал үйретті ме, әлде керсінше ме, оған Жарастың ой-өрісі жетпеді.
Бұлар іркесіп-тіресіп ауылдың шетіне жақындады. Жарас сәл аялдаған жерде әжесі берген қалтадан бір уыс ежегей құрт алып, бөлек қалтасына салып қойды. Оны құрдасы «ұры» Ақанға арнаған еді.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА