09.10.2024

Асқар Жұмаділдаев: Арбаны жүргізу үшін есі дұрыс есек керек.

«Қазақстанда халықаралық деңгейде оқу орны ашылады», – деп жаһанға жар салып жатырмыз. Мейлі ашылсын. Мен үшін екі сұрақ маңызды: қандай мұғалім сабақ береді, ол ғылыммен айналыса ма, жоқ па? Екіншіден, ол жерден қандай студент білім алады? Осы екеуі­нен басқасы – бос сөз. Қазір «инновациялық, интеллектуалды мектеп, бәлен мектеп, түген мектеп», – деген аты «дардай» мектептер ашы­л­ып жатыр ғой. Мен Қазақстанда екі-ақ мектепті мойындаймын. Олар – О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебі, түрік лицейлері. Олимпиадада сол мектептердің балалары ғана озады. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын» мектептер шетелге еліктейді. «Инновациялық, индустриалдық, бірдеңе, шірдеңе мектеппіз», – деп. Ал артында түк жоқ.

Бір мысал айтайын. Массачусетс  технология институтының бір факультетіндегі кафедраның бір жылдық бюджеті – 1 миллиард доллар. Біздің Қазақстанның бюджеті қанша? Көп болса, 10 миллиардтың ар жақ-бер жағы шығар. Енді есептеңіз, шетелдің бір ғана кафедрасының бюджеті Қазақстан бюджетінің 10 пайызына жетіп отыр. Бүкіл білім мен ғылым сол жерде. Ал біздің университеттердің қазіргі жағдайы Массачусетс технология институтымен салыстырғанда қандай? Жер мен көктей. Біздегілер ғылыммен ақша таппақ түгіл, дұрыстап сабақ та бере алмайды. Мен ғылымды игеру мәселесін қозғап отырған жоқпын. Біріншіден, адам, екіншіден, уақыт таппайды. Мен студенттерге сабақ беріп жүрмін ғой. Азаннан кешке дейін қағаз сұрайды. «Ананы толтыр, мынаны жаз, есеп бер», – деп. Одан кейін оның қолы қайдан  тисін?! «PhD жүйесіне өтсек, бәрін қарық қыламыз», – деп жүр. Бос сөз. Ол жүйе бізге келмейді. Келмейтін себебі – ол жүйені толық алмауымызда. Кафедраларымыздың бюджеті бір миллиард болмаса да, кем дегенде бір миллион доллар болуы керек. Бірақ ол бізде еш уақытта болмайды.

Қазақша Windows-қа сұраныс 1-ақ пайыз. Біз бос сөзге үйірміз. Жоқ жерден мәселе тудырғымыз келеді. Таласпайтынға таласамыз. Бізде істен гөрі сөз көп, дақпырт, ұзын-сонар жиналыс, өрге-төменге ағылған жансыз қағаз, арқауы бос мақтаншақтық, құрғақ пәлсапа, қызыл сөз көп. Көзбояушылыққа біртабан жақынбыз. Ғылыммен айналысып жүргендер аз. Ғылыммен айналысу үшін алдымен ғылымның өзі болуы керек. Бұл – бесбармақ жасау үшін алдымен ет болу керек деген сөз. Ет болмаса, бесбармақ қайдан болсын? Сол секілді, ғылымның өзі болмай, оған дұрыс көзқарас қалыптаспай, біз бәрінен озамыз деу – бекер әңгіме. Қазақтың қазір тілінен, салт-дәстүрінен басқа проблемасы жоқ. Менің ойымша, мұның бәрі – бос сөз. Тетігі жоқ бос әңгіменің бізге түкке керегі жоқ. «Сен неге қазақша сөйлемейсің?» – дейді. Өйткені, ол адамда сөздік қор жоқ. Қолданыс жоқ. Қазақ тілінде сөйлейтін технологияның өзі жоқ. Осыдан кейін ол қазақ тілінде сөйлеп неге әуре болуы керек? Жақында қазақ тілін үйренген бір кісінің интернетте мақаласын оқып қалдым. Сонда ол: «Мен қазақ тілін үйреніп шықтым. Бірақ «қазақша» тілімді қайда жұмсарымды білмей отырмын. Не істеймін? Қолданыс жоқ. Бекер үйреніппін. Уақытым босқа кетіпті. Қазаққа сұрақ қойсам, орысша жауап береді. Қазаққа керек емес тіл маған не үшін керек?», – деп отыр.

Қазақ өзін-өзі мойындату үшін алдымен іс болу керек. Немісті неміс еткен не? Оларда дәлдік бар. Циркуль секілді өлшеуіш құралдардың бәрі бар. Қазақтың өзінің сөзі бар: «Құрыққа сырық жалғау» деген. Бізде дәлдік жоқ. Шегі жоқ бірдеңелер… Шешілмейтін түйіндер…Қазақ ғылымы дамыса, қазақты бәрі мойындайтын болады. «Е, біз де біреу­ге керек екенбіз ғой. Босқа жер басып жүрген жоқ екенбіз ғой», – дейтін боламыз. Тіл, діл, дәстүр, тағысын тағылары ғылымның салдары ғана. Есекті арбаның артына емес, алдына қою керек. Есектің еті – арам, еңбегі – адал. Есек – технология, ғылым, білім десек, ал тіліміз, мәдениетіміз – арба. Арбаны жүргізу үшін есі дұрыс есек керек.

Ал бізде есі дұрыс «есек» жоқ. Біз біреудің емес, өзіміздің басымызбен ойлауымыз керек. «Ойбай, шетелдің мына жүйесі керемет екен», – деген сөз жай әңгіме. Ойдан-қырдан қашқан, зейнет жасына шығып алып, не істерін білмей жүрген ересек «есектер» бізге керек емес. Бізге «аузы қисық болса да» өзіміздің мамандарымызды тартуымыз керек. Өзіміздің жастарды жұмысқа жұмылдыруымыз қажет.

2011 жылы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА