11.10.2024

ХII Халықаралық Жәутіков олимпиадасында қазақстандық оқушылар 3 алтын, 13 күміс және 32 қола медаль жеңіп алды.

Бүгін Алматыда М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында математика, физика және информатика пәндерінен ХII Халықаралық  Жәутіков олимпиадасының жабылу рәсімі болып өтті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл сайынғы дәстүрлі сайысқа биыл әлемнің 17 елінен құрамында 413 оқушы бар 63 команда қатысты. Бұл Жәутіков олимпиадасы тарихында рекордтық көрсеткіш. Ал Қазақстаннан барлығы бұл халықаралық сайысқа 138 оқушы қатысты.  

Ал халықаралық әділ қазылар алқасы құрамында  Қазақстан, Ресей, Болгария, Әзербайжан, Армения, Грузия, Белоруссия, Өзбекстан секілді 8 елдің ғалымдары жұмыс істеді.

Сарапшылардың айтуынша, олимпиада сұрақтары былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда күрделірек болды. Сондықтан нағыз интеллектуалды дарынды балалар ғана олимпиаданың жеңімпаздары атанды.

«Олимпиада өте жоғары деңгейде өтті. Ешқандай оқыс оқиғалар болған жоқ. Тапсырмалардың күрделілігі де жоғары дәрежеде болды. Жалпы, қатысушылардың 45 пайызы жүлдегер атанды. Қазақстандық оқушылар 191 медальдің 48-ін жеңіп алды. Бұл жақсы көрсеткіш», – деді өз сөзінде осы олимпиаданың үйлестірушісі, Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернаты директорының орынбасары Арқат Долаев.  

Сонымен, екі күнге созылған олимпиаданың қорытындысы бойынша үздік 7 команда анықталды. Оларға олимпиада демеушілері бағалы сыйлықтар ұсынды. Ең үздік команда Гран-при иесі атанды. Жекелей біріншілік бойынша 38 алтын, 57 күміс және 96 қола медаль сарапқа салынды.   

Командалық сайыста Гран-при жүлдесін Мәскеу қаласының №1329-ші мектеп командасы жеңіп алды. Былтыр Гран-при Жәутіков атындағы РФМШ  командасының еншісіне тиген болатын. 

Бірінші орынға Болгарияның София қаласынан келген математика гимназиясының командасы ие болды. Екінші орынды Минск қаласының (Беларусь) мемлекеттік университеті жанындағы лицей командасы мен Ресейлік Мәскеу мемлекеттік орталығы жанындағы арнайы ғылыми оқу орталығының командасы бөліп алды. Ал үшінші орынды Ереван (Армения) мемлекеттік университеті жанындағы А. Шагинян атындағы физика-математика мектебі, РФ Челябі қаласындағы №31-ші лицей командасы және Сербияның Белград каласынан келген математика гимназиясының командалары бөлісті. Марапатталған әр команданың мүшелеріне бағалы сыйлықтар табысталды. Ал, Гран-приге ие болған жеңімпаз команда мүшелеріне ноутбук тапсырылды.

Ал жеке біріншілікте 38 қатысушыға алтын медаль табыс етілді.  Олардың үшеуі – қазақстандық оқушылар, (РФММ-дан 1 оқушы). 57 күміс медальдың – 13-ін (оның ішінде 2-уі РФММ-нің еншісінде) және 96 қола медальдің – 32-сін қазақстандық оқушылар жеңіп алды (олардың – 12-сі РФММ оқушылары).

Сонымен, жалпы 191 медальдың – 48-і қазақстандық оқушыларға бұйырды (олардың ішінде РФММ-не 15-і тиесілі). Жүлделі болған барлық қатысушыларға мақтау грамоталары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетелік, Олимпиада ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «РФММ түлектері қоғамдық қоры,  «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен өтті. 

Жаппарберген Айбота

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА