12.10.2024

Әзімхан Тоқтарұлы. Ұстаздық ойдың мәйегі

Монғолия жерінде туып, кейін атажұртқа қайтып оралған, физика-математика пәндерінен сабақ берген, қаламды да серік еткен ардагер ұстаз Әзімхан Тоқтарұлының (1950-2006) «Көңілге түйген көркем ой» деп аталған жазбалары редакциямызға келіп түсті. Әбден тәжірбиеден өткен, мұғалімдік еңбектің тері сіңген құнды пікірлер екені көрініп-ақ тұр.

Көңілге түйген көркем ой

 Бала – керемет психолог. Кімнің қандай мұғалім екенін директордан да артық біледі?

***

«Кедейдің кеңесі бітпейді» дегендей, білім мекемелерінде ұзын-сонар жиналыстар көп: лездеме, әдістемелік отырыс, жиналыс, семинар, дөңгелек үстел, әдістемелік кеңес, педагогикалық кеңес, кеңес, кеңес…

…Басшы жиналыста регламент сақтай білу керек. Мұғалімді аямаса да, мұғалімнің уақытын аяу керек қой! Уақыт – денсаулықтан кейінгі ең басты құндылық.

***

Негізінен шынайы мұғалім қабілеті жақсы баламен ғана жұмыс жасауы аздық етеді, топ ішіндегі «құлыптаулы» балалардың да шырағын жағуы керек. Мұғалімнің басты миссиясы да – осы.

***

Мұғалімнің әлеуметтік жағдайы оңалмай өркениетті елдің санатына жете алмаймыз.

***

Қаламы жоқ оқушыны қабағынан таны.

***

Меніңше, мұғалім – қол фонариктің батареясы сияқты, қараңғыда өзгеге жарық түсіріп, соңында өзі энергиясыз қалатын…

***

Мұғалім – оқушы жанының хирургі іспетті. Себебі, хирург адам жанындағы дертті сақтықпен, аса дәлдікпен сылып тастайды. Сол сияқты мұғалімге де оқушы жанын тәрбиелеуде аса жауапкершілік керек.

***

Қазіргі қоғамда мектеп бағдарламасына мына пәндер мен дәрістерді жоғары сыныптарға енгізсе, ұтылмас едік: 1.Имандылық дәрістерін; 2.Логика пәнін; 3.Философия пәнін; 4.Ұлттық дүниетану пәнін.

***

…Осы «Тамыз кеңесі» деген сөзді басқа сөзбен ауыстыру керек шығар. Біз мақтанамыз немесе біреулерді мақтаймыз. Өзекті мәселелер айтылмайды, кеңес құрмаймыз.

***

Біз оқушыны неге өмірге дайындамаймыз? Қарым-қатынас психологиясын неге үйретпейміз?

Жаттанды, жалаң теорияны жаттап алатын ұрпақтар дивизиясын дайындап жатырмыз. Оқушыны өзіндік ойлауға, өзіндік пікірі мен көзқарасын айта білуге үйретпейміз.

***

Мұғалім қашан бас-аяғы бітпейтін есептер мен аяқталып бітпейтін жиналыстардан құтылады екен?! Негізінен біздерге, мұғалімдерге, баламен жұмыс жасағаннан гөрі, қағазбен жұмыс жасауымызға мектеп әкімшілігі көп көңіл бөледі. Бұл – жасөспірімнің болашағына балта шауып отырған әрекетіміздің бір көрінісі.

***

Мен біздің мұғалімдердің ерік-жігерінің мықтылығына таң қаламын: ол бір өзі маманданған пәнін оқытады, әрі сынып жетекшісі, әрі оқушылардың шығармашылығымен айналысады. Ал Еуропада бұл жұмыстарды 3 адам атқарады.

***

Педагогикалық жаңашыл технологияларды ұлттық ойлау жүйемізге, ұлттық болмысымызға негіздеп барып қолдануымыз керек. Шайнамай жұтуға болмайды!

***

Сорпаға аузы күйген адам үрлеп ішетіні секілді, мұғалім де әрбір қателігінен сабақ алғаны абзал. Ал елеусіз қателіктердің өзін есепке алмасаң – оның түбі әдетке айналады да, оны қателік ретінде санамайтын жағдайға жетесің.

***

Мұғалім оқушымен тең дәрежеде пікірлескені жөн. Оқушының өзіндік көзқарасын, пікірін еркін айта білетіндей жағдайда қатынас жасаңыз. Баланы «балам» десең – бала болады; «данам» десең – дана болмай ма? Бала жаны –жаңа көктеген тал шыбық сияқты, қалай исең де майысатын.

***

Ата-анаға баланың кемшілігін жеткізе білу де үлкен біліктілікті қажет етеді. Кім баласының жаман болғанын қалар еді? Баланың дөрекі кемшілігінің өзін сыпайы жеткізіңіз. Жиналыста, көптің көзінше баласының оғаш қылығын есту кімге ұнасын? Міндетті түрде баланың қателігін айту қажеттілігі туындап тұрса, оңаша алып қалып, жеке айтуға болмай ма?

***

Мұғалім немесе ғылыми жетекшілердің өздері жазып беретін жасанды ғылыми-жобалардың оқушы үшін қандай пайдасы бар? Біз ғылымды әбден қорладық, қорлай отырып, болашақ ұрпақты да жасандылыққа, көзбояушылыққа тәрбиелеп жатқан сияқтымыз. Ғылым жолы кез келгеннің қалпақпен қағып алатын қолжаулық баласы емес!

***

Мұғалім сабақтағы дайын материалды 45 минут бойы түсіндіргенше, өздігінен түсінудің психологиясын үйретсін.

(«Бекзада» журналы, №2)

-ЖАРНАМА-spot_img

6 COMMENTS

  1. Біздің жүйеміздің сөзі басқа. Əуені одан да басқа болып тұр ғой. Қоғамдық қарым-қатынасқа. Логикаға мəн беріңдер деп айтады. Ал оған уақыт жоқ. ҰБТ-ға ағамыз айтқандай жалаң жаттау керек

  2. Өте Керемет тәжірибе! Бари де дұрыс айдан анық! әрқайсысымыз оз исинизге жемисти болсын деп еңбек етейік.

  3. Ал Монголиядағы білім беру жүйесі бізден өзгеше ме?

  4. Біз шынымен де ертеңімізге алаңдайтын болсақ,осындай пікірлермен санасуымыз керек.

  5. Өте орынды айтылған сөздер.Біраз сауттандым да,біразы есімде жатталып та қалды.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА