12.10.2024

Оқушыларды зерттеу жасауға үйрету керек

Әрбір сабақ – зерттеу, ал әрбір оқушының зерттеуші болуы керектігін бәріміз де жақсы білеміз. Әрине, зерттеу дағдыларын бастауыш сыныптардан бастап дамытқан жөн. Бұл үшін оқушыларға бірінші сыныптан бастап өздеріне тіке қатысы бар қызықты тақырыптарды ұсынған дұрыс. Өйтпеген жағдайда олардың зерттеу жұмысын ынтамен жасауы екіталай. Сондықтан да мұндай тақырыптар оқушының жанұясымен немесе аула, ауылымен байланысты болуы шарт.

Мысалы шәкірттерге «Әдебиеттік оқудан» мынандай тақырыптарды зерттеуге ұсынса болады: «Менің ата-тегім (немесе «Менің бабаларым)», «Менің бабам ашаршылық жылдарында (немесе кәмпеске жылдарында, Ұлы Отан соғысында»)», «Менің атамның еңбек жолы», «Менің әжемнің балалары», «Әкемнің жұмыс орны».

«Дүниетану» пәнінде зерттеу үшін мынандай тақырыптарды ұсынса болады: «Біздің ауладағы ағаштар» (мұнда ағаштарды санап, түрлері мен жасы, жағдайы, биіктігі, қалыңдығы тұрғысынан жүйелеуге болады), «Менің әжем қалай 80 жасқа келді?» (бұл жұмыста әженің денсаулығы мен ұстанатын әдеттеріне, тамақ рационы мен күн тәртібіне талдау жасалады), «Биыл біздің үйдің бақшасында қандай көкөністер отырғызу керек?» (биылғы ауа-райы зерттеліп, жаздың қандай болатындығы және не отырғызған тиімді болатындығы туралы болжау жасалады), «Менің апам қалай бауырсақ (немесе кеспе көже, табанан, қуырдақ) пісіреді?» (тағам жасаудың толық технологиясы келтіріледі).

Математика сабағында «Біздің үйдің көлемі мен ауданы», «Менің болашақ үйімнің чертежі», «Менің әкемнің жалақысының соңғы 5 жылда өсу қарқыны», «Әкемнің жалақысына жаңа машинаны қашан сатып алуға болады?», «Банктен алған несиені өтеу үшін әкем қанша ақша төледі?» тақырыптарын зерттеуге болады.

Қазақ тілінен «Менің 2 жастағы інімнің (немесе әжемнің) сөздік қоры» (кішкентай баланың немесе үлкен кісінің лексиконын зерттеп, оның сөздігін жасау), «Біздің үйде күніне қанша сөз айтылады?» (үй ішіндегілердің күніне қанша сөз қолданатындығын санап, жанұяда жағымды қарым-қатынасты қалай құратындығын зерттеу) тақырыптарын ұсынған болар.

Отбасыдан кейін зерттеу тақырыптарының ауқымын кеңейтіп, сынып, мектеп пен ауылға да ауыстырған жөн. Бұл бағыттағы зерттеулер мынандай тақырыптарда жүргізілуі мүмкін: сынып бөлмесінің ауасы, мектептегі мұғалімдер, «Алтын Белгі» иегерлері, ауыл ауасы мен топырағының құрамы, ауылдағы ауызсудың құрамы, ауыл өзені, ауылдағы ағаштар, мектептің тарихы, ауылдың тарихы, ауыл емханасының жұмысы, ауыл экономикасы, ауыл бизнесі, ауылдың ақсақалдары, майталмандары мен бизнесмендері, ауылдық наубайханада нан пісіру, ауылдық таксистердің жұмысы, мақта (немесе бидай, қант қызылшасы, рапс, соя, көкөніс, жемістер, т.б.) өсіру, мал (қой, ешкі, сиыр, түйе, жылқы) немесе құс (тауық, үйрек, қаз, күрке тауық, бөдене) бағу, т.б.

Мен барлық мектепте сұрайтыным: «Мектептің тарихы жазылған ба?». Егер жауап «Жоқ!» немесе «Иә, оны пәленбай деген тарихшы мұғалім жазған!» болса, онда мен «Мектеп тарихын неліктен оқушылар жазбаған? Ал мұғалім оларға тек ғылыми жетекші болуы керек» деп айтамын.

Неліктен оқушылар ардагер мұғалімдердің өмірін зерттемейді: олардың өмірі тұнып жатқан шежіре, ал тәжірибесі басқа педагогтар үшін құнды мағлұмат емес пе? Бұл үшін олар әлгі мұғаліммен оқтын-ектін кездесіп, сұхбаттасып, интервьюді диктофонға жазып алып, мұғалімді суретке түсіріп, оның архивімен танысып, сол жерден мәліметтер алып, өз жұмысында қолдануына әбден болады. Егерде әрбір мұғалімде «Менің өмірім мен кәсіби тәжірибем оқушылар тарапынан міндетті түрде зерттеледі!» деген сенім болса, олардың өз жұмысына деген жауапкершілігі мүмкін бұрыннан да бетер артқан болар ма еді?..

Мен әр мектептің тарих пәнінің мұғаліміне қоятын сұрағым мынау: «Сіз қанша оқушыны аудандық мұрағатқа (архивке) апарып, оның шаңын бір те болса жұттырып, түшкірттіңіз?». Әзірше мен ондай тарихшыларды, өкінішке орай, кездестіргенім жоқ. Айтыңыздаршы, архивте болмай тарихпен тереңінен айналысуға бола ма?..

Неліктен орта және жоғары сынып оқушылары әке-шешелерінің кәсіптерін зерттеп, осы арқылы жәрдемдеспейді? Мысалы, мал ұстаушы фермерлердің балалары «Тиімді болуы үшін ең кем дегенде қанша қой ұстау керек?» деген сұраққа жауап іздесе. Мұнда олар бір қойға кететін шығынды (шөп, жем, жұмысшы жалақысы, т.б.) және ет, тері мен жүннен түсетін пайданы есептеп, бизнес тұрғысынан тұжырым жасайды. Әкесі баласына «Биыл қой жүнінің килісі 400 теңге болды, ал ешкі түбітінің бағасы 2000 теңге құрады. Онда, мүмкін, қойдан гөрі ешкі ұстаған жөн болар, балам? Осыны санап берсең қайтеді?» деп ғылыми тапсырыс беріп отырса.
Осы секілді оңтүстіктегі оқушылар биыл жазда мақтаның бағасы қандай болатынын Ливерпуль мақта биржасының (1841 ж. құрылған) көрсеткіштерін зерттей отырып, айқындайтын болса. Олар Қазгидрометорталық пен басқа ғылыми орталықтардың болжамдарына талдау жасап, жазда болатын ауа-райының мақтаға қаншалықты тиімді болатынын зерттеп, биыл мақтаны қанша мөлшерде егу керектігін тұжырымдайды.

Әрине, осындай зерттеулер арқылы оқушылар әке-шешелеріне құнды ұсыныстар жасайды емес пе? Осылайша олардың мектеп, ауыл немесе кәсіпорын өмірі мен жұмысына да мәнді өзгертулер ұсынуы мүмкін шығар…
Мысалы, ауыл емханасының жұмысын неге зерттемеске? Зерттеуде мына сұрақтарға жауап ізделсе:
– Соңғы 5 жыл ішінде қанша адам қаралды/емделді?
– Олардың диагноздарын қалайша жүйелеуге болады?
– Оларға қандай ем қолданды?
– Қолданған ем қандай сипатта болды: медикаментоздық, терапиялық, хирургиялық па?
– Олардың қаншасы екінші рет емханаға сол аурумен қайта қаралды?
– Олардың қаншасы аудан немесе облысқа жіберілді?
– Олардың қаншасы жазылып кетті? Қаншасы қайтыс болды?
– Ауыл тұрғындарының соңғы 5 жыл ішіндегі өмір ұзақтығы қандай?
– Ауыл тұрғындарының өсу диаграммасы қандай?
– Емхана дәрігерлерінің кәсіби деңгейі қандай?
– Ауыл тұрғындарының емхана жұмысы туралы пікірлері қандай?
Әрине, мұнда жауап беруді қажет ететін сұрақтардың шағын ғана бөлігі келтірілді. Осы зерттеу ауыл тұрғындарының денсаулығы туралы қандай да бір тұжырымдар жасап, азғантай болса да позитивті ұсыныстар келтіруі мүмкін емес пе?..

Оқушыларды зерттеуді қалай жүргізу керектігіне үйретіп (мақсат қою және күтілетін нәтижелерді құрастыру, міндеттерді айқындау, жоспарлау), зерттеу нысандарын қалай қолдану керектігін үйрету керек: интервью, видеофильм түсіру, санақ жасау, бақылау жүргізу, сауалнама алу, сұрау жүргізу, статистикалық көрсеткіштермен жұмыс жасау, талдау, жинақтау, қорытындылау, т.б.
Оқушылармен зерттеу нәтижелерін де анықтап алу керек. Бір зерттеу кітапша түрінде шығарылса, енді біреулері эссе, таныстырылым (презентация), слайд, буклет, портфолио, баяндама, мақала, стенд, постер, т.б. түрінде дайындалуы ықтимал. Бұл тізім тек оқушы үшін қызықты, мәнді де мағыналы зерттеу нысандарынан тұруы керек. Мәселен, «Қазақша Уикипедияға» мақала жазған қандай болар екен?..
Зерттеулерді қорғау да қызықты және мазмұнды түрде өтуі қажет. Мәселен, мұғалім мынандай қорғау нысандарын ұйымдастыруы мүмкін: конференция, пікірталас, пресс-конференция, ғылыми семинар, форум, ток-шоу, стендтік қорғау, азаматтық тыңдау, сот отырысы, парламенттік тыңдау, билер алқасының отырысы, т.б.

Зерттеу жұмысының тағы да бір құрамдас бөлігі – жариялау. Оқушылардың жұмыстары сыныпқа, мектепке, ауылға, ауданға, қалаға тіпті облыс пен елімізге жария болуы керек, басқалар оларды көруі керек, олармен танысуы керек. Оқушылардың ғылыми зерттеулерін паш ету қажет! Бұл үшін жұмыстар мен олардың авторларының фотоларын сынып немесе дәліздердің қабырғаларына іліп қойып, басқа оқушылар мен мұғалімдердің назарына ұсынған жөн. Ғылыми жұмыстардан стенд жасап немесе көрме ұйымдастыру зерттеушілердің ынтасын көтеруі тиіс. Бұған қоса мектепте зерттеулерді талқылап, зерттеуші оқушылармен кездесу ұйымдастырып, олар басқа оқушылармен жасаған тәжірибелерімен бөліссе, олармен нағыз ғалымдарша сұхбат құрсақ – тіпті де тамаша болмай ма?!.
Оқушылардың зерттеулерін аудан, қала, облыс гәзеттерінде жарияласа – бүкіл ел олармен таныспай ма? Оларды интернет желісінен де көрсету керек: мектеп сайтында немесе Ғacebook, Twitter, В контакте, Одноклассники секілді әлеуметтік желілерде жариялау керек.

Мүмкін осылайша оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығын әнтек болса да тудырып, «тәбетін» аз да болса ашатын шығармыз? Қалай ойлайсыздар?…

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА