11.10.2024

Білім таразысы бағада емес

Көктемнің соңғы айы мерекеге толы келеді. 1 мамыр – Қазақстан Халықтарының Бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Жеңіс күні. Барлық айтулы сандар осы айға келіп тоғысқандай. Ал мектеп оқушылары үшін мамыр айы несімен қызықты? Әрине, 25 мамырда – күміс қоңырау соңғы рет соғылып өз жұмысын аяқтайды. «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны өтеді.
Иә, бұл күні қиынға соққан тоқсандықтар аяқталады. Қыркүйекте қалың бітпестей көрінген кітаптар таусылады. Жыл бойы оқудан бас көтермеген үздік оқушылар марапатталады. Сол марапаттау қағазын алу үшін жан салып оқитын едік. Жалпы ол барлығының басынан өткен жайт. Саты-сатысымен айтар болсақ, сонау балалықтың мәңгілік мекені балабақшадан бастап бүлдіршіндер баға үшін оқиды. Бестік баға – бес бұрыш, төрттік – төрт бұрыш, үштік – үш бұрышты фигуралармен өлшеніп деңгейіне қарай қойылады. Осы үрдіс мектепте жалғасын тауып оқушыны баға үшін сабақ оқуға әбден төселтеді. Енді білімнің көрсеткіші саналатын бағалар 2, 3, 4, 5 деп қонжиған сандармен көрініс табады. Кілең бестік алу әр баланың арманына айналады. Мекетептегі мұғалімнен бұрын, үйдегі ата-ана баласына «жақсы бағаға оқы, тек бес ал, сонда мен саған ананы-мынаны алып беремін» деп уәде етеді. Ал, бірақ баласының ол бағаны қалай алып жүргенінде шаруасы жоқ. Тек алса болғаны.
Мұғалім ретінде көріп жүргенімді айтсам, балалар о бастан білім үшін оқу керектігін тіптен түсінбейді. Тапсырманы жаттанды түрде орындайды. Яғни тек үздік баға алу үшін, бастан аяқ судыратып жаттап алады. Бір күн өте қайталап сұрасаң білмей тұрады. Яғни оқушы білімді зердеге тоқымаған. Олар ғана емес біз де сондай болдық. Кейіннен қателігімізді түсініп жатырмыз. Қап, дейтін тұсымыз көп. Еліміздің болашағы шалыс баспайтын өте білімді жастарға толсын десек, бала кезден саналарына өмірдің критериясы бағада емес екенін санасына сіңіру парызымыз. Өмір мектептеріне кіретін жоғары оқу орнында да осы жағдаят қайталанады. Ерекшелігі, енді білімнің көрсеткіші сандардан A, B, C, D, F деп таңбаланатын латын әріптеріне ауысады. Кредиттік жүйе деп аталатын оқу үрдісінде әр студент қалыпты межеден асатындай бал жинауы тиіс. Сондықтан білім үдерісіндегі болашақ мамандар еркін білім алудың орнына жан таласа бал жинау жолына түседі. Өйтпесе тағы болмайды. Әрине, бұл жерде олардың еш кінәсі жоқ. Қазіргі бағдарламаларды дамыған елдерден қарап істеп жатқанымыз айқын. Бірақ, сол әрекетіміз дұрыс па? Ойлану қажет сияқты.
«Алтын белгі», «Қызыл аттестат», «Қызыл диплом» нағыз білімнің көрсеткіші болудан қалды. Себебі, бірі таза білімімен алса, екіншісі ойнап жүріп қол жеткізіп жатыр. Шындықтың ашылар сәті – еңбекте. Білдей бір оқу орнын тәмәмдап келген жас мамандар өз дәрменсіздіктерін көрсетіп қалып жатады. Бірақ, қағазына қарасаң оқу орнын үздік бітірген. Білімсіз экономист бір банкті банкрот қылар, бірақ оның жарасы жеңіл. Қайта қалпына келетін жағдай. Ал дәрігерлер білімсіздіктен қателессе ше? Адамның өмірі ойыншық емес. Яғни, баға қуып білім алған қауіпті.
Көктем айы жетсе, мектеп бітіретін түлектердің қорқынышы үдей түсетіні айқын. Қорықпай қайтсін, ҰБТ деген он бір жылдық білімді сарапқа салатын тест жақындай түседі. Көпшілік білім ордаларында «осы сынақтан өтпесеңдер ешқайда пайдаларың жоқ, жоғары білім ала алмайсыңдар, босқа он бір жыл мектеп табалдырығын тоздырғандарың» деп қорқыта түседі. Сары ауыз балапандар оған имандай сеніп, өте алмай қалғандары намыстанып бастарын өлімге байлаған кездері де болды. Соңғы жылдары тіптен көбейіп кетті. Адам өмірімен салыстырғанда ҰБТ мағынасыз тисе таяққа тимесе бұтаққаның кері емес пе? Сол сынақтан өтпей қалған оқушылар қазіргі таңда білдей бір жерде бастық болып отырған жағдайы бар. Оптимистік көзқарас барлық жағдайда көмекші. Кілең беспен оқыған балалар үлкен өмірден кейде орнын таба алмай жатады. Оған қарағанда нашар оқығандары өмірдің заңдарына икемді келіп, өз орнын тауып ұтып жатады. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деп бекер айтпаса керек.
Біз не істей аламыз?
Кей бала білімге құштар, кей бала қоғамның қожасы болып елді алға сүйрейді. Сондықтан баланың білім алуға икемі жоқ екен деп шеттетудің қажеті жоқ. Өмірде барлық адамдардың ғалым болуы шарт емес. Білімді болмаса да талантты болар. Өнерсіз пенде болмайды. Тек сол бойдағы қасиетті, дарындылықты аша білсек болғаны. Дәрігерлер адам тәнін емдесе, мұғалімдер адам жанын емдейтінін ұмытпауымыз керек. Барлық құндылықты бағаға, пайызға немесе балға телу әбестік. Педагог маман ретінде адами құндылықты ұмытпаған жөн.
«Адамның қамшысы – ары, жол көрсетер нұсқаушысы – адалдығы, самғатар биігі – білімі, көтеретін қасиеті – көпшілдігі» дегендей, тек білімімізбен биікке самғайық!

Дюсембинова Назира Ермұханқызы

Ана мен бала журналынан

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА