11.10.2024

ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ОҚУШЫНЫҢ СЫН ТҰРҒЫСЫНАН ОЙЛАУ ДАҒДЫСЫН ДАМЫТА ОТЫРЫП, СӨЙЛЕУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ.

Бүгінгі ұстаз міндеті – оқушыларға ХХI ғасырда табысты еңбек етуіне жол салатын білім мен дағдыны игеруге көмектесу. Осы мақсатта оқытуда жаңа педагогикалық технологияларды енгізу қазіргі кезде әр мұғалімнің басты міндеті болса керек. Өйткені болашақта бізге заман талабына сай қалыптан тыс ойлай білетін, әр түрлі жағдайларға қарай бейімделіп, шұғыл шешімдер қабылдай алатын, шығармашыл,белсенді тұлғалар ауадай қажет. Оқытуда тек жалаң білім берумен ғана шектелмей, баланың жеке қасиеттерін , қабілеттерін дамыта отырып оқытуға ұмтылу қажет. Мұғалім өз жұмысында алдындағы оқушылардың санасында болып жатқан өзгерістерді бақылап, зерттеп, өзі де жұмысын өзгерте отырып, оны үйлестіре білуі қажет деп есептеймін. Менің өз тәжірибемде сын тұрғысынан ойлау модулін әр мабағымда қолдануымның себебі, аталған мақсат-міндеттерден туындап жатыр деп ойлаймын. Әсіресе , оқушылардың сөйлеу тілін дамытуда бұл модульдің берері көп. Жалпы қазіргі заманғы әдіс-тәсілдер бойынша баланың өзі ізденіп, өз бетінше білім алуы үшін әрекет жасаушы болса , мен тек бағыттаушы , дұрыс жол нұсқаушымын, ұйымдастырушымын. Оқушы мен ұйымдастырған сабақтарда еркін сөйлеп , пікір таластарды және сыныптастарынын пікірін тыңдап, проблеманы шешу жолын бірігіп қарастырады. Оқушы әрекеті- жай іс-әрекет емес, тұжырым жасай білу, зерттеушілікке талпыныс. Топпен жұмыс барысында өз ойымен өзгелердің ойына сынай қарап, естіген, білгендерін талдап, сұрыптап, салыстырып, реттеп, жүйелей білу. Білмегенін зерттеп, дәлелдеп өз бетімен және бірлесе шығармашылық жұмыс істеу. Кез келген мазмұнға сын тұрғысынан қарап, саналы шешім қабылдай білуге дағдылану. Мұндай жолмен ұйымдастырылған сабақтарда өз даму деңгейіне сәйкес оқушының ойы шыңдалып, қазіргі кездегі мол ақпарат заманында өзіне қажеттісін таңдай білуге дағдыланады және белгілі жетістіктерге жетері сөзсіз. Оған менің нақты жұмыстарда көзім жетуде. Сонымен, сын тұрғысынан ойлау технологиясымен жұмыс істеу баланың танымдылық белсенділігін арттырумен қатар оның шығармашылығын да дамытып , өз бетінше білім алу дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нақты тәжірибемнен мысал келтіретін болсам , аталған стратегияларды қолданып өткізген сабақтарымда оқушылар өз пікірлерін ашық айтып, ойларын ұштап , өздеріне деген сенімділік тудырды. Ойларын жалаң ғана білдірмей, дәлелді сөйлеуге дағдыланды. Ой қорытып, нәтижеге жетіп қалай оқу керектігін үйренді. Мұндағы тиімді әдістер диалог, әңгімелесу, сұрақ- жауап деп ойлаймын.сабақ барысында оқушы –басты тұлға, басты кейіпкер. Ол білім алу үшін терең ойланып, ізденеді, зерттеу дағдыларын игереді. Сабақтарым негізінен диалогке құрылады. Сын тұрғысынан ойлау модулінде талқылау мен диалог өзінің танымдық әлеуетімен ерекшеленеді. Диалог барысында балаларға баламалы мүмкіндіктер беріліп, басқа адамның көзқарасын тыңдап, дамуын ынталандыратын әдістермен қарастыру ұсынылады. Оқушылар өздерінің құрдастарымен, сарапшылармен диалог жүргізу барысында тәжірибе жинақтап және ой-әрекетінің жоғары деңгейіне көтерілуге талпына отырып, баламалы мүмкіндіктер туралы сын тұрғысынан ойлап, зерттеу жүргізуге қабілетті бола түседі. Түсінуді басты назарда ала отырып , ынтымақтастықпен білім алу немесе мәселені шешу үдерісі оқушылардың тиімді дәлелдерді жүйелеу қабілеттерін жоғарылатады. Мен құрған сабақтарда диалог жүргізудің ережелері туралы келісім бар, сыныпта диалогтік үлгі құрылған, оқушылар бір-бірімен жаңа және ең тиімді тәсілді іздестіреді және мағына құрудың бірлескен тәсілдерімен әрекет ете отырып, жұмыс істеуге тырысады. Мен оқушылардың қызығушылығы мен әр оқушының ерекшелігін түсініп, олардың қарым-қатынасы мен эмоциаларына зейін аударып отырамын. «Оқушы мен оқушы» немесе «оқушы мен мұғалім» арасындағы диалогті дұрыс жолға бағыттау арқылы көп нәтижелерге қол жеткіздім. Оқушылардың жарыса диалогтік әңгімеге түсуі , жаңа сабақты қызығушылықпен игеруі, белсенділігі төмен оқушылардың ашылуы мен үшін ерекше қуаныш болды. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, сыныптағы қарым-қатынаста өзара әрекеттестік үлгілері – зерттеушілік әңгіме, дәйек пен диалогтің мұғалім мен оқушы арасында мағына мен білімді игерудегі бірлескен іс-әрекетке тартылуымен қатар, жоғары деңгейдегі ойлау қабілеттерінің қрістеуіне және зиаткерлік қырларының дамуына ықпалын тигізеді. Сондықтан балаларды диалог пен дәйектерді талқылауға тарту белсенді жүргізілген жағдайда, олардың оқуы тиімдірек және нәтижелі жетістіктері жоғары болады деп есептеуге болады. Жалпы сын тұрғысынан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақ қойып, мағынаны анықтау үшін дәлелдер айтып,саналы түрде мақсатқа жету жолын таңдайды және олар қзгерістерге ашық болады. Бала сын тұрғысынан ойлана отырып, өз пікіріне ұтқыр түсініктеме табады, кез келген проблемада жауаптар емес, сұрақтар табуға ұмтылады. Дәлелдермен сөйлеп дағдыланады. Барлық жасалған қорытындыларды бағалай біледі, дәлелдердің маңыздылығы мен деңгейін түсініп қолдай алады. Басқа да болжам, мүмкіндіктердің болуын және оның орынды екенін, артықшылығын мойындайды. Барлық айтылған көзқарас пен дәлелдерді есепке алып, көңіл бөледі.

Сонымен қатар , мен әр сабағымнан кейін рефлексивті есеп бере отырып, әр оқушының ерекшелігін және өзіме қажетті жаңа ақпараттарды біліп отырамын. Соған орай келесі сабағымды ұйымдастырамын.
Ал баланың не үйренгені туралы сын тұрғысынан ойлауда рефлективті білім беруге жатады. Оқушылардың өзін-өзі бағалауын ұйымдастыру арқылы да көп нәрсеге басқаша қарауға үйренеді. Өзін-өзі бағалау жұмысының бастапқы кезеңінде оқушылардың қиналғанын байқадым. Бірақ бұл тәсіл нәтижелі болды. Оқушылар өзінің кемшілігін білу арқылы келесі сабақтарға бағыт, жоспар құра алды. Яғни, олар өз-өздеріне есеп бере отырып реттелді.
Ал топтық жұмыс барысында құрылған топ ережелері топ ішінде оқушылардың өздік реттелуіне көп септігін тигізді. Топпен жұмыс барысында ынтымақтастық атмосферасының құрылғаны да байқалды. Мұндай жұмыстар барысында «Автор орындығы», РАФТ, ИНСЕРТ, дискуссиялық карта, Венн диаграммасы, Блум өлшемдері, Жигсо әдісі, т.б. әдістерін бұрын да қолданушы едім. Сонымен қатар, сын тұрғысынан ойлау әдісі бойынша өтілген сабақтарымда қалған модульдерді де еркін енгізуге болатынына көз жеткіздім.
Ақпараттық –коммуникациялық технологияларды пайдалану заман талабы. Оқушылардың қызығушылығын ояту, ынтасын арттыруда бұл құралдарды модуль бойынша кіріктіріп пайдаланамын. Өйткені қазіргі оқушылар кітапханаға барғаннан гөрі интернетпен жұмыс жасауға көбірек қызығушылық танытады. Сондықтан заман талабына сай жеткілікті дәрежеде сандық сауаты бар, өмір жағдайларының барлық аспектілерінде жаңа технологиялардың бар мүмкіндіктерін пайдалана алу дағдыларын қалыптастыру, оны өмірлік қажеттіліктеріне қарай пайдаланатын ұрпақ тәрбиелеу менің міндетім деп санаймын.
Қорыта айтқанда , тәжірибе барысында аталған модульдің оқушылардың сөйлеу тілін дамытуда алатын орны ерекше болғандықтан, басты бағыт болу керек деп ойлаймын. Сонымен қатар , оқушылар арасында бір-бірінің пікірімен санасу , сыйластық қарым-қатынастың негізі қаланады; өзін жеке –дара тұлға терінде тануына жол ашылады; ең бастысы , өз ойын ашық , еркін айтуға, пікір алмасуға дағдыланады; оқушының жоғары деңгейде коммуникативтік қарым-қатынас жасай білу дағдылары дамиды; өзін-өзі, бірін –бірі бағалауға; мұғаліммен еркін сөйлесіп, пікір алмастыруға; достарының ойын тыңдай отырып, проблеманы шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге көмектесуге; белсенді шығармашылықты ойлауға негіз қаланады.
Балалардың күннен-күнге қолжетімділігі артып келе жатқан анағұрлым кең коммуникациялық үдерістерге тиімді және ойдағыдай қатысуына мүмкіндік беретін сын тұрғысынан ойлау мен зерттеу дағдыларын дамыту заман талабы екені айқын.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Мұғалімдерге арналған нұсқаулық.
«Педагогикалық диалог» ақпараттық- әдістемелік журнал.

Нұргүл Дүйсенбекова,
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы.
№252 Г.Н.Ковтунов атындағы орта
мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА