30.10.2024

Ырысбек МӘУІТ: ӨЗГЕДЕН БИІК ТҰРУ ҮШІН ӨЗ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ДӘРІПТЕУ ҚАЖЕТ

Ырысбек МӘУІТ, Астана қаласы дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің математика пәні мұғалімі

– Ырысбек аға, сіздің Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз екеніңізден хабардармыз. Сұхбатымыз сіздің мамандығыңыздың төңірегінде өрбімек. Алдымен, өзіңіз кейінге дейін өмір сүрген мемлекет пен атажұртыңыздағы білім беру жүйесін салыстыра кетсеңіз. Қандай айырмашылықтар немесе ерекшеліктер бар?
– Қытай мен Қазақстанның білім беру жүйесінде айырмашылық жетерлік. Мен ол жақта он жылдай қызмет істедім, ұстаздық еттім. Аспан асты елінде мұғалімдік қызметке орналасқаннан кейін, оны тастап, басқа салаға ауыса салу оңай шаруа емес. Оның үстіне, онда қолда бар жұмыстан айырыла салу – өте қиын. Ал айлық жалақылары бізден аса жоғары деуге келмейді, алайда, көптеген мамандық иелерінің нәпақаларынан төрт-бес есе артық. Тағы айта кетерлігі, қытайлық ұстаздардың жалақысы сағат санымен өлшенбейді, осы тұсты біздегі білім беру жүйесінің артықшылығы деп айтуға болады. Өйткені, тәжірибелі, ұлағатты, білімді ұстаздар сағатты көбірек алады, шәкіртке көбірек еңбек сіңіреді.
Ал білім беру сапасы жағынан алып қарасақ, бір миллиардтан астам халқы бар мемлекет қалай болғанда да бізден көш ілгері. Оқулықтан тапшылық жоқ, дидактикалық-әдістемелік құралдары жетерлік. Мәселен, математика пәні мамандарының өзі қаншама!… Сондықтан да материалдар мол. Алар тұстарымыз да бар. Десе де, «Қытайдікі керемет, Қазақстандікі нашар» деп, оларға табынудан аулақ болуға тиіспіз. Бізде қалыптасып келе жатқан жүйе бар. Егемендігімізді алдық, етек-жеңімізді түзедік, енді тек ілгерілеуге асығуымыз керек.
Рас, бұл тақырып төңірегінде айтар әңгіме көп, біздегі кемшіліктерді де жіпке тізуге болады. Бірақ он алты-ақ миллион халықпыз, аз болсақ та саз болуымыз қажет. Қытайдан да, орыстан да биік болуымыз керек. Ол үшін ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, насихаттай бергеніміз жөн.

– Баланың ақыл-ойын дамыту орталығы сынды тың бастаманы қолға алып, жүзеге асырып отырсыз. Орталықтың елордадағы өзге білім беру мекемелерінен қандай ерекшеліктері бар?
– Бала саналы, білімді, ақылды азамат болып өсу үшін, ең алдымен, үшінші-төртінші сыныптан бастап оның логикасын қалыптастыру қажет. Логикасы мықты болған кезде, жеткіншектің ойлау қабілеті де жетіле түседі.
Біздегі білім беру жүйесіндегі бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасына назар салсаңыз, тапсырмалары жеңілдеу келеді де, бесінші сыныптан бастап күрт күрделене түседі. Соның салдарынан тәуір оқып келе жатқан жеткіншектердің көбісі орта сыныпқа ауысқан кезде әлгі бағдарламаны игеруге қабілеті жетпей, құлдырап кетіп жатады. Сондықтан, төменгі сыныптардан бастап баланың логикасын жетілдіруді басты мақсат етіп отырмыз. Біз бұл жобаны төтеннен бастап, ойдан шығарған жоқпыз. Ата-аналардың сұранысымен, жеткіншектердің қажеттілігімен жүзеге асырдық. Сол себептен болар, орталыққа келуге тілек білдірушілер өте көп. Онда тек математиканы оқытпаймыз, физика, химия сынды жаратылыстану пәндерін еркін меңгеруге септесеміз. Нәтижесі де ойдан шығады, шәкірттеріміздің мектептегі үлгерімдері жоғарылауда.

– «Барлық ғылымның бастауы – математика» дегенді айтады ғалымдарымыз. Сырттан келген отандасымыз ретінде, қазақстандық әріптестеріңіздің әлеуетіне қандай баға бересіз?
– «Мың жылдықтар проблемасын» шешкен көрнекті ғалымымыз Мұхтарбай Өтелбаевтың «Жер бетіндегі ең мықты мың математиктің екі пайызы қазақ ұлтынан» деген сөзі бар. Осыған қарап, аз болсақ та, ақыл-ойымыз, қабілетіміз өте жоғары деңгейде дамыған деп айта аламыз. Мен қос мемлекетте де ұстаздық еттім, жаңағы сөзімнің дәлдігіне сол жұмыс бабында әбден көзім жеткен. Рас, Мұхтарбай Өтелбаев, Асқар Жұмаділдаев сынды ғалымдардан кейін түрлі жағдайларға байланысты қалыптасқан дәстүр үзіліп қалғандай. Бірақ қазіргі буынның талабы мен дарынына қарап, олардың арасынан сол ағаларымыздың ізін басушылардың, ісін жалғастырушылардың табылатынына әбден көзім жеткен.
Мұхтарбай аға ғалымдардың бір басқосуында: «Бір бастауыш сыныптың сабағына қатысып көріңізші, сонда партада отырған жиырма оқушының жартысынан көбісі мықты математик болады-ау деп ойлайсыз. Ал сол оқушылардың білімін төрт-бес жылдан соң қайта сараласаңыз, әлгі ойыңыздан тез-ақ айнып қаласыз, тек бір-екеуінен ғана үміт күтесіз. Неге?» деп еді. Расымен, бұл – біздегі үлкен проблемалардың бірі. Өйткені, жаңа айтқанымдай, оқу бағдарламасы тым күрделеніп кетеді де, баланың қабілеті жетпей қалып жатады. Алайда, бұл олқылықтың орнын әлі-ақ толтыратынымызға сенімдімін.
– Жалпы, оқулықтарға көңіліңіз тола ма?
– Шынын айту керек, оқулықтарға қатысты проблемалар көп. Бұл бағытта да еңбек етсек деген ойдамыз, жобаларымыз да жоқ емес. Оқулық – оқушыға түсінікті, ақыл-ой қабілетіне сай болу керек. Айталық, кейбір оқулықтарда тік төрт бұрышқа анықтама бергеннен кейін ғана параллелограмға келеміз. Солай бола тұра, «тік төрт бұрыш дегеніміз – барлық бұрышы тік болатын параллелограмм» дейді. Ал мен мұны барлық бұрышы тік болатын тік төрт бұрыш деп атасам да бола береді. Ғылымда ата-тек деген ұғым бар, бұл жерде параллелограмның атасы тік төрт бұрыш болып тұр ғой. Осы сияқты, логикаға сыймайтын нәрселер бар оқулықтарымызда.

– Бұл біздегі білім беру жүйесінің әлі жетілмегендігінен бе, әлде, оқулық құрастырушылардың кемшілігінен бе?
– Менің білуімше, оқулық жазуды «Мектеп», «Атамұра» сынды баспалар мойындарына алып, өздеріне ұнайтын немесе танитын бір авторға тапсырады екен. Ал, дұрысында, бұған мемлекет араласуы қажет. Мысалы, Қытайда оқулықты бір немесе бірнеше автор ғана жазбайды, онда елдегі ең тәжірибелі, сауатты, білімді деген мамандардың бәрінің басын қосып, ақылдасып, әрқайысысы үлес қосуы арқылы оқулық дайындалады. Оны министрліктен құрылған, ертеңгі күні сол оқулықтың қателігіне жауап беретін арнаулы комиссия жіті қарап, саралап, білім беру мекемелеріне ұсынады. Бізге де осындай жүйе қажет сияқты. Білім беру саласы жетілген өзге де елдердің жетістіктерін сіңіру керек.

– Ырысбек аға, өзіңіз қызмет ететін білім ошағында немесе орталығыңызда Қытайда тоқыған дүниелеріңізді пайдаланасыз ба?
– Шамам келгенше пайдаланамын. Айтайын, балалардың білімін бағалауда, «жүздік бақылау» деген жүйені кіргіздім. Бұл оқушы қабілетін жан-жақты байқауға, ашуға мүмкіндік тудырады. Қырық бес минөттің ішінде оқушы білімін бағалаудың бірнеше тәсілін қатар қолдануға септеседі. Яғни, бір сабақта шәкірт бес есепті ғана емес, жиырма-отыз есепті шешеді. Оқушы білімі жүз ұпаймен бағаланады. Өйткені, бестік баға алған бес баланың бәрінің білімі бірдей емес, олардың бірі тоқсан сегіз, бірі тоқсан бес, бірі тоқсан үш ұпайға тең болуы мүмкін. Мен осындай жүздік бақылаумен төрт тоқсанның қорытындысын қосып, оқушы білімінің дәл рейтингін шығара аламын. Нәтижесінде, балалар арасында бәсеке туады. Бәсеке бар жерде ілгерілеу де бар.

– Оқулықтардың сапасы жөнінде әңгімеледік, енді жаратылыстану пәндері бойынша қазақстандық оқытушылардың сапасы жөнінде ой қозғасаңыз.
– Бұл да өзекті мәселелердің қатарында деп ойлаймын. Қазіргі кезде мұғалімдердің беделінің, мәртебесінің төмендігі жиі айтылады. Шындығында, көп нәрсе ұстаздардың өздеріне байланысты. Ол алдындағы шәкіртін сабаққа қызықтырып, бойындағы ізгілікпен, білімімен, оқытушыға тән мейіріммен ғана өзін сыйлата алады. Оқулықтың сапасы туралы айттық, жақсы ұстаз сол оқулықтағы олқылықтарды түзетіп, күрделіні жеңілдетіп, оқушы бойына сіңіре алар еді. Осындай үдеден шыға алмағандықтан да мұғалімдердің кәсіби беделі ішінара түсіп кетті. Бұдан басқа да көптеген себептерді келтіруге болады. Мәселен, жалақының төмендігі, әлеуметтік ахуалдың кемшіндігі… Бірақ, мәселенің түйіні ұстаздың өзінде жатыр.
Менің дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінде қызмет етіп жүргеніме бес-алты жыл болды. Осы уақыт ішінде көптеген конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырдық. Сонда байқағаным: тың тақырыптарды, тиімді әдістемелер мен тәсілдерді әріптестерімізге ұсынсақ, қызығушылық танытпайтыны кемде кем. Енді, алдағы уақытта сол мұғалімдердің өзінің деңгейін көтеруді қолға алуды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда айтқанымдай, бұл – өте маңызды мәселе.

– Өзіңіз іргесін қалаған балалардың ақыл-ойын дамыту орталығына қайта оралсақ, онда оқушыларға ұлттық мүдде тұрғысынан білім бересіздер ме, Отанын сүюге, патриотизмге тәрбиелейсіздер ме?

– Осы уақытқа дейінгі білім бәсекелерінің жеңімпаздарына қарасаңыз, дені – орыс тілді білім ошақтарының түлектері. Оларға қарап, өзге ата-аналар «Балаларымызды орысша оқыту керек екен, орыс мектептеріндегі білім салмақтырақ» деп ойлайтыны жасырын емес. Осындай кереғарлық ахуалын сейілту үшін біз оқушыларға тек қазақ тілінде білім береміз, қазақ тілінде сөйлетеміз. Білім де спорт секілді, олимпиадалардан қазақ жастарының бірі жарып шықса, күллі қазақтың рухы көтеріледі.

Қазақ тілі арқылы ұлттық тәрбиені жандандыруға әбден болады. Біз де осы бағытта шама-шарқымызша қызмет етудеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген:
Асхат РАЙҚҰЛ
Астана ақшамы газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА