09.10.2024

Серікзат Дүйсенғазы. Анаңа қоңырау шалдың ба?

Біз әр күнімізді қолымыздан келгенше жоспарлаймыз. Онымыз есімізден шығып кетпеу үшін қағазға түртіп аламыз. Айтатыны жоқ, шаруа бастан асады. Бір істі бітірсең келесісі шығады. Қайнаған өмір…

Бірақ мынаны айтыңызшы, ауылда қалған ата-анаңыздың жағдайын біліп, қоңырау шалып қоюды өзіңізге қаншалықты міндеттеп жүрсіз? Айына, аптасына бір-ақ рет хабарласасыз ба? Әлде күнделікті сөйлесіп отырайын, айтатын ештеңе жоқ болса да дауысын естіп қалайыншы деген ниетпен қоңырау шаласыз ба?..

Бұл сұрақтарға әркім әртүрлі жауап берер. Бірақ “анаға құрмет – ғұмырлық міндет” деген халқымыздың сөзінде тәрбие бар. Сондықтан да әркез, мүмкін болғанынша ата-аналарымыздың көңілін қалдырмай, олармен жиі байланысып отыруды қолға алайық.

 

***
Әлдиін айтып тербеткен,
Тәрбие берген жөргектен.
Анаңдай асыл адамды,
Табарсың қалай жер-көктен.

Қадірлеп аппақ жаулығын,
Тағдырдың тартқан тау жүгін.
Ауылда қалған анаңның,
Білдің бе, аман-саулығын?

Кетсең де шалғай сан қырға,
Парызыңды еске алдың ба?
Жетелеп сені жеткізген,
Анаңа қоңырау шалдың ба?

Жүзінен шуақ төгілген,
Қиналсаң көңілі сөгілген.
Жарығым, балапаным деп,
Елжіреп жаны егілген.

Сен үшін шекті ол сан уайым,
Қалай деп, шеше хал-жайың?
Ақ сүтін берген анаңның,
Көрдің бе, сұрап жағдайын?

Қарамай дауыл, жаңбырға,
Өзіңді салған даңғылға.
Арқалап жүріп өсірген,
Анаңа қоңырау шалдың ба?

namys.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА