11.10.2024

Парасат биігіндегі өнегелі жол

Азамат ісімен, әрекетімен кө­рікті. Сондай абзал тұлғаның бірі – ұлағатты ұстаз, абырой­лы ғалым, көркем мінез иесі Сәр­сен­ғали Әбдіғалиұлы Әбдіманапов.

Елімізге танымал жоғары мектептің білікті ұйымдастырушысы, математик, педагогика ғылым­дарының докторы, профессор, Халық­аралық ақпараттандыру мен экология, Адам және табиғат қауіпсіздігі ғы­лым академияларының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, ғылым және жоғары білім саласының беделді сарапшысы Сәрсенғали Әбдіғалиұлының еңбек жолына назар аударып, оның азаматтық келбеті, тұлғасы жайында ой толғағанымызда, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарға қатысты бірқатар тағылымды пікір көңілге ұялайды.

«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба…» деп ұлы ақын Абай айтқандай, ақын өсиетін жастайынан көкейіне түйіп, оқу-білім, ғылымға ұм­тылған Сәрсенғали Әбдіғалиұлы есейе келе өмірден өз орнын тауып, бі­лім-ғылым саласында танымал тұлғаға айналды. Оның өмір жолы мен атқарған ісі – барлық замандасына да өнеге. «Білімді болудың мақсаты мансап емес, қоғам мен халқыңа қызмет ету» деп білген ұлағатты ұстаздың әрбір әрекеті, берген білімі – жас буын үшін қашанда ұмытылмас дүние.

Ғалым-ұстаз жарты ғасырдан астам педагогикалық қызметінде ондаған оқу­лықпен қатар, 400-ден астам ғылыми мақала жариялап, ел ғылымы мен білі­міне зор үлес қосты. Бұл еңбектерінде автор әлемдік адамзат құндылықтары, мемлекеттік саясат пен тіл мәселесі, студент-жастар болашағы, өз заман­дастары, әріптестері, ұстаздары туралы толғанумен қатар, математика ғы­лы­мы саласынның өзекті зәруліктерін зер­делеген. Ғалымның осынау қажырлы еңбегін ескерген Испания корольдігі­нің докторлар академиясы оны толық мүшелікке қабылдады.

Байсалды басшы, ерік-жігерге толы азамат алғашқы еңбек жолын еліміздегі жетекші жоғары оқу орны Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Диффе­ренциалдық және интегралдық теңдеу­лер» кафед­расының ассистентінен бас­тап, оқу ісі проректорына дейін көтерілді. 28 жыл бойы осы оқу орнында қызмет атқарып, өз ісін жетік білетін, білімді де білікті басшы екенін танытты.

Еңбек жолында мол тәжірибе жинақ­тап, кәсіби кемеліне келген тұста 2000-2004 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірін­ші проректоры, 2004-2008 жылдары – ­осы маңдайалды университеттің рек­торы қызметін атқарды. Оқу орнының беде­лін заманауи талапқа сай идеялары­мен көтерді. Әрине, мұның бәрі – ғалымның ізденісті еңбегінің жемісі.

С.Әбдіғалиұлының тікелей қаты­суы­мен ЕҰУ базасында М.В.Ломоно­сов атындағы Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінің Қазақстан филиалы ашылып, бүгінде ол дербес оқу орны ретінде ой­дағыдай жұмыс істеп келеді. Ал 2012–2022 жылдары Қазақ экономика, қаржы және халық­аралық сауда университетінің ­ректоры қызметін абыроймен атқарды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Жаны жайсаң, жүзі жарқын, өнегелі іс-әре­кеттерімен жан-жағына нұрын шаш­­қан С.Әбдіғалиұлының бойынан ұс­тазға тән парасатты, ғалымға тән ізденім­паздықты, маманға тән біліктілікті, же­тек­шіге тән талапшылдықты, адамға тән қарапайымдылықты, ағаға тән қам­қорлықты жиі көріп келеміз. Ғалым­ның кісілік келбеті мен болмыс-бітімі­не кел­сек, саналы да сырбаз, шыншыл да сыпайы, қамқор да қарапайым қал­пынан айнымайтыны, кімге де болса қолұшын беруге әрдайым дайын тұ­ратындығы сүйсіндіреді. Орнықты ойы, табандылығы мен тиянақтылығы, ұстамдылығы, айналасына шуақ шашып жүретін жаны жайсаң, кішілігі мен кісілігі жүзінен білініп тұратын, ішкі мәдениеті жоғары, табиғатынан сыпайы, ақжарқын жанға ортасы зор құрметпен қарайды.

Мен үшін Сәрсенғали аға – осындай асыл қасиеттің барлығын бір бойына сіңіре білген өнегелі өмір иесі. 2015 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетіне про­ректорлық қызметке келген кезімде ол кісі ағалық ілтипатын көрсетті. Қандай да болсын жұмысты меңгеру үшін бір-ақ әдіс бар, ол – үйрену. Менің де айтулы ғалымнан үйренгенім ауыз толтырып айтарлықтай. Басшылық қабілет­ті, ұйымдастырушылық шеберлікті үйрен­дім, адамдармен іскерлік қарым-қатынас орнатуда, көпшілікпен санасып жұмыс істеуде көп сабақ алдым десем болады.

Қажырлы еңбек жолында С.Әбді­ма­­наповтың есімі отандық және әлем­дік түрлі анықтамалықтармен энци­клопедияларға енген. Ол – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері. Педагогика және жоға­ры білім саласы бойынша «ХХІ ғасыр­дың 2000 көрнекті зияткерлері» басылымында ғалымның аты жоғары бағалан­ған. «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген білім қызметкері», «Таңдау­лы ректор», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иесі – Қарағанды, Астана, Жамбыл өңірлерінің абыройлы тұлғасы.

Ғалым, педагог, қоғам қайраткері С.Ә.Әбдіманапов тындырымды істе­рімен, батыл бастамаларымен қазіргі заманның сегіз қырлы, бір сырлы аза­матының келбетін қалып­тастыра білді. Абырой-беделінің кең­дігіне қарамастан қарапайым болуы – ол кісінің тектілігін көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығына аса мән беруі, жасы үлкен азаматтарға ізгілік ілтипат жасауы, жастарға арқа сүйер қамқор аға бола білуі оның көңіл дарқандығын көрсеткендей.

Ғалымның әрбір әңгімесінің астарында адамгершілік құндылық жатады. Өсіп-өнген ортасы, ата-анасының мейірімі, туған жерге сағынышы туралы кей-кейде әңгімелегенде тәрбиелік мәні терең мәліметке қанығасың. Мұны ұстазға тән қасиет деп білемін.

Сәрсенғали Әбдіғалиұлы салиқалы басшы, парасатты зиялы екенін барша әріптесі мойындайды. Ол – жас­тардың жана­шы­ры. Қасында жүрген іні-қарындас­тары­ның, ізбасар шәкірт­терінің, қамқор­лық­қа мұқтаж кез келген жастың тұрмыс­тық, қаржылық мәселелерін шешуге кел­генде ол кісідей қамқор жан кемде-кем.

Келісті көркі, тамаша табиғаты­мен тамсандырған қасиетті Әулиеата өңірінен түлеп шыққан Сәрсенғали Әбдіғалиұлы ата-бабаларының асыл қасиеттерін бойына жинап, Арқа жұртына да қадірлі бола білді.

Ағамыздың бүгін ауыз толтырып айтатын парасаттылық биігі, беделі, құр­меті оның аянбай жасаған жемісті де жеңісті еңбегінің нәтижесі деп біле­міз. Бүгінде жоғары білім саласында «Әбдіманаповтың басқару стилі» ұғымы қалыптасқан. Ұлы Абайдың: «Тегінде, адам баласы – адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген ұлағатты сөзін ол бойтұмар деп қабылдады. Жоғары мектеп академигі Сәрсенғали Әбдіманаповтың өнегесі сарқылмайтын бұлақ екені де осыдан.

 

Ержан Әмірбекұлы,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының басқарма төрағасы – ректор

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА