04.07.2024

Өткен ғасырдың төрт қасіреті

ХХ-ғасыр бүкіл әлем жұртының жағасын ұстатқан, адам өмірі көк тиынға татымаған зорлық-зомбылықтарға толы жалмауыз ғасыр болды.  Қазақ халқы бұрын-соңды болмаған сұмдықтарды бастан өткерді. Атап айтқанда, алапат ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін миллиондаған өмірді жалмады. Оған екінші  дүниежүзілік соғыс пен бейбіт күндегі ядролық полигон сынақтарын қосыңыз. Соңғы екеуі 31 мамыр күніне кірмесе де, төменде төрт қасіретті бірге сөз етпекпін. Неге? ХХ ғасырдың қатігездік панорамасы толық көрінуі үшін оларды бір тақырып аясында баян еткенді жөн санадым.

Ашыққан Дала

Ашаршылық – күллі қасіреттердің көкесі. Алайда оның мойындалуы ұзаққа созылды. Орны толмас қылмысын компартия 70 жыл бойы жасырды. Азалы жылдарда 4-5 млн. қазақ опат болды, оған большевиктердің ұрда-жық саясаты кінәлі. Сенсеңіз, осы ақиқат 1992 жылдан беріде ғана ашық айтыла бастады. Қызыл табан қырғын… Геноцид… Трагедия…делініп. Қазіргі таңда қазақ ашаршылығын сырт елдер де естіп-біліп қалды. Ай асты әлем құлақтануда. Аштық тақырыбын көп жылдар зерттеген белгілі жазушы Смағұл Елубай «Ұлт қасіреті ұмытылмайды» деген мақаласында сол 1992 жылдан елімізде аштық пен қуғын-сүргінге қатысты 30 томдық қыруар архив материалдары жиналды дейді. Шетелдік зерттеушілер де ат салысып жатыр дейді. Мәселен, 2020 жылы архивтік деректерге негізделген америкалық тарихшы Сара Камеронның «Ашыққан Дала» атты үлкен монографиясы жарық көрген көрінеді.

Сондай-ақ, Смағұл ағамыз: «Қазақстанды большевиктер басқарған 15 жыл ішінде, үш аштық салдарынан 3,5 миллионнан астам қазақ қырылды. Нақақтан нақақ. Иманы үйірілмей, жаназасы оқылмай, сүйегі ен далада шашылып қалды» деп дерек береді. Үш аштық қай жылдары болған?

Біріншісі, 1918-1919 жылдары орын алды. Ресми құжаттар: «Осы кездері Қазақстанда миллионнан астам адам аштан өлген» деп дерек береді. Бұл сол кездегі қазақ санының шамамен 20-22 пайызын құрайды деген сөз. Сөйтіп, алғашқы аштық азамат соғысы кезінде қазақ ауылын ақ пен қызылдар аяусыз тонауының салдарытұғын.

Екінші аштық – азамат соғысы аяқталған 1920-1922 жылдары орын алған опат болды. Бұл жылдары «продразверстка», яғни «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан!» деген мемлекеттік тонау заңдастырылып, шаруаның алдындағы малын, қолындағы нанын тартып алды. Қаладағы кеңес өкіметін асырау үшін. Аштықпен күрес комиссиясын басқарған жас Мұхтар Әуезов 1922 жыл аяғында жасаған баяндамасында: «Бұл екінші аштықтан 1 млн. 700 мың қазақ қырылды» деп мәлімдейді (бұл цифр көктен алынған деуге қиын, ол күнде жалған мәлімет үшін басың кететіні белгілі жәйт).

Енді үшінші аштыққа келейік. Нағыз қасапты қырғын қазақтың басына 30-шы жылдар төнді. «Қазақстанда сол 1931-1932 жылдардағы аштықтан 2 млн. 300 мың қазақ, 200 мың орыс шаруасы қырылды» дейді энциклопедия дерегі. Оны Ф.И.Голощекин (қазақшасы – Қужақ) деген жаналғыш зымиян қолдан ұйымдастырды. Қужақ халықты бай-кедей деп екіге бөлді. 1928 жылы басталған ауқатты шаруаларды қуғындау науқанының салдары аса ауыр болды. Қазақстанда мал саны 40 миллионнан қысқарып, 4 миллионға бір-ақ түсті. Өзіңіз де ойлаңыз, қамсыз жүрген халық енді қара шыбындай қырылмағанда қайтеді. Жарым-жартысы тентіреп жер ауды, қашты, босып кетті. Академик Салық Зиманов балалық шақта көргенін былайша жазады: «Аштан қырылғандарды арбамен тасып, қазылған шұңқырларға апарып тастап жататын. Олардың арасында тірілер де бар болатын. Әлі құрып, орнынан тұра алмай қалғандарды да өлілермен бірге шұңқырға тоғытатын. Үлкендер жұмыстан қайтып келісімен, әлгі шұңқырға барып ашық-шашық жатқан өліктердің бетін жауып қайтатын. Кемпір, шалдар әр жерде қалатын. Негізінен 35-40 жастағылар қырылып жататын». Міне, төбе шашыңды тік тұрғызатын осындай естелік жазбалар қисапсыз көп.

«Қазақстанда кіші Октябрь революциясын жасау» идеясын көтерген атың өшкір Голощекин-Қужақ төрт түлік малды «аша тұяқ қалдырмай» тегіс сыпырып алғанын көзімен көрген Қарағанды облысы, Шет ауданының тұрғыны, Қасым Сырымбетұлы деген азамат осы  ахуалды былай деп өлең етіпті:

1932 жыл. Келдің Кеңес, малмен егес,
Көрсең жинап алыңдар.
Колхоз құрдың, кедейді «ұрдың»,
Ішкіздің жалғыз қазаннан.
Аштан өлдім, сенен көрдім,
Өлгенім жоқ ажалдан.
Нені білдің, елді қырдың,
Жеткізем деп мұратқа.
Жеткізбедің, жерге тықтың,
Апардың айдап сыратқа (көрге).
Бірік дедің, іріктедің,
Ылғи ғана кедейді.
Өлді кедей, тамақ жемей,
Социализм деген осы ма?

Өлең авторы, әрине, «халық жауы» деген айыппен итжеккенге айдалған.

Сөйтіп, 1931 жылғы ашаршылық жұт сияқты табиғат қолайсыздығы емес, қолдан жасалуымен ерекше. Малдың орны қайта толу үшін 3-4 жыл уақыт керек болған. Жұт жеті ағайынды дегендей, аштықтан әлсіреп ауырған, сондықтан шетінеген адамдар қарамы 1937 жылдарға дейін толас таппаған.

Тарих шындығы лақ етпей, там-тұмдап ашылады әсте.  Реті келген соң айтқан жөн, Қазақстан мен Украина еті ішкі Ресейге, ал астығы кеме-кемеге тиеліп, берісі Германияға, әрісі АҚШ-қа жөнелтілген екен. Станоктар, зауыт жабдықтары мен озық технологиялар айырбасына. «Индустриализация страны» деген 1-ші бесжылдықта (1928-1932 жылдар) трактор шығаратын санаулы зауыттар (Харьков, Сталинград, Челябинск қалаларында) бой көтерді. Әр колхозға бірлі-екілі «ХТЗ» маркалы трактор берілді. Бірақ, зауыттардың көбісі құпия түрде, қару-жарақ (самолет, танк, зеңбірек) шығаруға арналып салынған көрінеді (большевиктер күллі әлемге социализм орнатпақшы еді). Сталинге қарама-қарсы күш қажет болғанда, таразы басын теңелтуге Германияда Гитлер таққа отырды. Біле жүріңіз оқырман, екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтануына екі режим де (бірі коммунистік, бірі фашистік) теңдей себепкер болды.

Сонымен, ашаршылық – қазақтың тең жартысын жалмаған ұлттың ұлы қасіреті.  Оның мәңгі жазылмас жарамыз болып қала берері сөзсіз.

Қуғын-сүргін зобалаңы

Қызығы, саяси репрессия мен ашаршылық егіз. Бірін бірі ерте жүреді. Бөле-жара қарауға келмейді. Кеңес өкіметі орнаған соң халық зомбылықтан (кәмпеске, халықтан мал мен астықты тартып алу, күштеп ұжымдастыру) көз ашпады. Саяси террор, әсіресе,  1934 жылдан (осы жылы Сталиннің сүйікті шәкірті Киров опат болған-ды) күш алды. Айталық, 1935 жылы ҚарЛагта 25127 адам тұтқында отырса, келесі жылы бұл сан 37 958 адамға жетіпті.  Ақын Ғалым Жайлыбай «Қара орамал» поэмасында айтқаны:

Адамзаттың арда емген асылдары,
Арығаны, атылып, асылғаны…
Қарағанды лагері – қара орамал,
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы…

Сталиндік террордың шырқау шегі – 1937-38 жылдары ГПУ (Главное политическое управление) тыңшылары күн-түн деместен «халық жауын» іздеумен айналысты. Ел оларға «үш әріп» немесе «үндеместер» деп ат қойды. Титтей нәрсеге бола, бір уыс бидай, жарты қап жарма дегендей, ұсталсаң болды, бітті. Қарлы Сібірден (қазақтар «итжеккен» дейді), я темір тордың арғы жағынан бірақ шығасың. Қойшы, әйтеуір, ГУЛАГ (Главное Управление Лагерей) барактарына 5 млн. адам тоғытылған. Қазақстанда екі лагерь: КАРЛАГ (Карагандинский лагерь) және АЛЖИР (Акмолинский лагерь жен изменников Родины) әйгілі болды.

Вышинский, Ежов, Берия… бұлар жылаған бала тыншыға қалатын есімдер. Чекистер, әсіресе, зиялы қауымға қырғидай тиді.  Қай ұлттың да  мәйегі – оқығандар түгелдей дерлік атылды, айдалды. Нәубеттен ірі мемлекет қайраткерлері, жоғары биліктегі шенеуніктер мен партия басшылығы да сырт қалған жоқ. Сол 1930-1940 жылдары ГУЛАГ азабын тартқан миллиондаған жандардың тірі қалғандары екінші дүниежүзілік соғысқа аттанды. Олар болмаған айыбын «қанымен жуады» делініп, әрине, алдыңғы шепке айдалды.

Қазіргі қазақ қоғамының еңсесі төмен, намысы жұтаң боп тұр. Жағымпаздық, қорқақтық, жалтақтық, сатқындық сияқты теріс мінездерден де арыла қояр түрі көрінбейді. Неге? Өз білуімше, бұл 1953 жылға дейін созылған жеке басқа табынушылық пен қуғын-сүргін синдромінің салдары. Қалай десек те, сталинизм дерті ұлт денесін әлі күнге сыздатып тұрған бітеу жараның бірі екені сөзсіз.

Екінші дүниежүзілік соғыс қырғыны

Қазақстаннан қан майданға 1 миллион 200 мың адам аттанып, оның 700 мыңы құрбан болған. Бұл ресми деректерде, шындығында қазақ елінен майданға аттанып, онан қайтпай қалғандар екі есе көп болған. Тәуелсіз сарапшылар осыны бекітеді. Соғыстан соң,  бекерден бекер жазаланып, түрмеге тоғытылғандар қаншама десеңізші. Тұтқынға түссін, мейлі, окоптың арғы жағына тап болсын, оған боздақ кінәсі қанша? Бір анығы, Кремль басшылығы жіберген қателер орасан болған. Мысалға Қазақстаннан Харьков қаласы түбіне жеткен атты әскер дивизиясы тұтастай қырылғанын айтсақ та жеткілікті. Себебі, қару-жарақ жоқтың қасы, аттылы дивизияны танкіге қарсы айдап салған. Иә, соғыс шежіресі құпия мен қиянатқа толы. Бүгінгі ұрпақ біздерге «Ұлы Отан соғысы» деп жар салу, Жеңіс күні деп тойлау – аруақтарға обалдық! Бір тәуірі, біртіндеп арылып келеміз. Барша ай асты әлем секілді «екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы елміз» десек, онан тақиямыз тарылмаса керек-ті.

Ядролық атом полигоны қасіреті

Сталиннің соңғы лаңы – Совет Одағын «Ядролық қару жарысы» деген пәлеге кіріктіріп кетті. Шәкәрім «Жан билемей, тән билеп, Адамның соры қайнады» демекші, «Ядролық қалқан!» дегенге нанып, бейбіт күнде жарты миллион қазақ жан берді. Өз халқын қырған мемлекеттен сақтасын…

Алғашқы атом бомбасы 1949 жылдың 29 тамызында жарылып, сонан қырық жылы бойы Семей өңірі дүмпуден көз ашпады. Жердің үсті, асты да уланды. Экология бүлініп, өзен, судың табаны ғана қалды, құдықтар бітелді.  Атом көлі пайда болды. Халық шыбынша қырылмағанда қайтеді. Атом сәулесін алған адамдардың жалпы саны миллионнан (!) асқан. Бұл анау-мынаудың емес, сутегі бомбасының «атасы» академик Андрей Сахаровтың есебі. Рас, қылмысты су бетіне шығаратын архив жойылған. Бірақ ядролық эпицентр аумағында өскен біздер, архивсіз-ақ қанықпыз, өлім-жітімді көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Ядролық сынақтарға қыруар қаржы құйған есер өкімет оның зардабын жете білмеді дейік. Бірақ ғалымдарға не жорық? Олардың қалың жұрттың амандығына ши басын сындырмағаны өкінішті. Бұл қылмыс па – қылмыс! Қайтіп ақтарсың? Сол ғалым-залымдардың серкесі Курчатовқа қала атауын беруіміз – жарамсыз қылық, ол ол ма, масқаралық!

Қорытынды сөз

Осы айтылған қазақ елі қасіретінің төртеуі де – бодандық қамытының кесірі, Кремльге көзсіз бағынышты болудың салдары екені хақ. Әрі ауыр сабағы тарихтың. Ол сабақ – тәуелсіздік деген киені бағалау керектігі. Рас, нағыз еркін елміз деп кеудемізді керуге ертерек. Саны аз ергежейлі халыққа айналдық, сана-сезім, әдет-ғұрып эрозиясы анау, тілдің хәлі мынау дегендей. Абай жарықтық: «Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» дейді. Сол сияқты мына бұққан заман өтер, шынайы тәуелсіздік – қайнаған өмір де келер. Соған рақымды Алла жар болғай!

Асан Омаров,

ғалым-журналист

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА