11.10.2024

Мектепке жету мұң болып тұр

Сарыарқаның сайын даласына салынған астанамыздың ауа райын жақтырмайтын жандар жетерлік. Бірі қаңтары қарлы, ақпаны аязды десе, енді бірі көктемі келіп болмайтын суық мекенге теңеп жатады.

Сыртымыздан сынағандарды естігенде, Жаратқаннан жалбарынып сұрап алған жалғыз ұлдай жан-жағынан қорғаштауға тырысасың. Ал кейде бір мемлекеттің астанасы деген дардай даңқы болған соң, келең­сіз­дік­тер мен кемшіліктерге жол бермесе екен деп кейитініміз белгілі. Қыс келсе, қар басып, көктем келсе, батпақ пен суға белшесінен ба­та­тын қала тұрғындарының қапала­на­тындай жөні бар. Жуырда сол жағалауда орналасқан Binom Turan мекте­біне кіреберіс жолдардағы көрі­­ністер сөзіміздің дәлелі болса керек. Әлеуметтік желілердегі бей­не­лерден әуреге түскен ата-ана мен оқу­шыны көруге бола­ды. Балтырынан балшыққа бат­қан балалардың білімге деген құш­тар­лығы төмендемей ме?!

Үйінен үкілеп жіберген перзентінің лай кешіп, лас болып келгені қай ата-анаға ұнайды дейсіз? Әлеуметтік желіде Әлия есімді ата-ана аталған оқу ордасына деген арыз-шағымын былай деп жеткізеді.

«Мектепке баратын жол мәсе­лесін тез арада шешуді талап етеміз. Балалар батпақтың үстіне құлап жатыр. Бару да, келу де мүмкін емес. Неге тезірек шешпейсіздер?! Бала мынадай жолмен мектепке жеткенше оқуға деген ын­та­сы қашып кетеді немесе жол жөн­­де­ліп, жер кепкенше онлайн режім­ге көшіріңіздер», дейді ол.

Жоғарыдағы жайтқа байланысты мектеп әкімшілігімен сөйлескенімізде: «Біз мектептің ішкі жұмысына ғана жауап береміз», деп қысқа қайырды.

Мектептен жақын маңдағы аял­да­маға дейінгі қашықтық – бір ша­қы­рымдай. Осының бәрінде оқу­шы­лар мен олардың ата-аналары аяқ астындағы сазды илеп, үлкен шал­­шық­тардың үстінен секіруге мәжбүр. Көлікпен келетіндер үшін де оңай емес. Бірақ киіміңді кір­­летіп жаяу жүргеннен көлікпен кел­­ген ана­­ғұр­лым оңайға түсері анық. Дей­­­тұр­­ғанмен, елдің бәрінде темір тұл­­пар бар деп айта алмайсыз.

Тағы бір жайт, биылғы оқу жылында бірден үш BINOM School алғашқы оқушыларын қабылдады. Олар – Nova City шағын ауданында, Байтұрсынов көшесі ауданында (SARYARQA) және Жағалау шағын ауданында (TURAN). Жоба­ны BI Group инновациялық құ­­ры­лыс холдингі жергілікті ат­қа­ру­шы органдармен бірлесіп, мемлекет-жекешелік әріптестігі (МЖӘ) қағи­даты бойынша іске асыруда. Жоғарыдағы көтерілген мәселе бойынша компания мамандарына хабарластық.

«Binom Turan мектебіне кіреберіс жолдарға қатысты айтар болсақ, МЖӘ шарты бойынша BI Group компания­сы мектеп пен алаңішілік желілерді салуды жүзеге асырды. Оқу орны аума­ғынан тыс объектіге инженерлік ком­муникациялар мен кірме жолдарды салу және пайдалану мемлекеттік серіктестің міндеттемелеріне кіреді. Осы мәселе бойынша қосымша ақ­парат алу үшін сіз Нұр-Сұлтан қала­сының әкімдігіне жүгіне аласыз», деді компания өкілдері.

«Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын да­­мыту басқармасының мәліметінше, осы жылы кіреберіс жолдарды асфальт­­­­бе­тон жабынымен қамтамасыз ету, абат­­тандыру және көшелерді жа­рық­­­тан­дыру бойынша құрылыс-мон­таж жұмыстарын жүргізу жос­пар­лануда.

«Әлеуметтік нысандарға кіреберіс жол­дарды салу» жобасын жүзеге асы­руда. Бұл – Е17, Е20, Е33, Е45 көше­ле­рінің құрылысы (Жағалау ауданы, Binom білім беру мекемесі). 2021 жылы сумен жабдықтау, шаруа­шы­лық-тұр­мыстық және жаңбыр кәріздерінің инженерлік желілерін орнату және қамтамасыз ету жұмыс­та­ры жүр­гізілді. Осы жылы жоба аясында кіреберіс жолдарды асфальт­бе­тон жабынымен қамтамасыз ету, абаттандыру және көшелерді жа­рық­­тандыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жос­парлануда. Сондай-ақ көліктердің қауіпсіз қозғалысын және көліктердің кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақ­са­­тында жақын арада жол бөлігін уа­қыт­ша инертті материалмен толтыру жұ­мыстары жүргізіледі», деді аталған бас­қарма өкілдері.

Азаматтардың арыз-шағымының нәти­жесінде Жағалау ауданындағы Binom мектебіне уақытша жаяу жүр­­гін­шілер жолы төселді. Алайда City Transportation Systems ЖШС бас­пасөз қызметі мектепке баратын жол­дың қанағаттанарлықсыз жағ­да­йына байланысты №7, 61 автобус­тар «Binom» мектебіне уақытша қаты­на­май­­тынын, «Жағалау-4» аялда­ма­сынан кері бұ­ры­латынын айтты.

Қалай болғанда да, балалардың алаңсыз білім алуы үшін осындай олқылықтарға жол берілмегені жөн. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздесек» болмай ма?! Бұрын «Білім инемен құдық қазғандай» деуші едік, енді «Білім балтырдан балшық кешкендей» деп жүрмейік…

 

Рауан Қайдар

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА