12.10.2024

Көрші қақысы. Қа­зір­гілер мұны қалай түсінеді?

Бала кезіміз. Балалыққа қоса шалалығымыз да аз емес. Көп нәрсенің байыбына бара бер­мейміз. Оның үстіне аздаған еркелігіміз бар. Өзімшілдігіміз де өтіп тұр. Міне, осындай «ақымақтау» кезімізде біздің бір көршіміз болды. Өзі барып тұрған сараң. Сараңдығымен қоса арамдығы да сезіліп тұ­рады. Көбінесе біздің әкеймен әңгі­мелеспек болып үйге ке­ле­ді. Әкем оны құдасы кел­ген­дей құрақ ұша қарсы алады. Қа­баттап төселген қалың көр­пенің үстінде осы Орынбай көкеміз әңгіменің түйме-түймелерін армансыз ағытады дейсіз бір. Тамақтың дәмдісі сол кісінің алдында. Шешемді көрнеу мақтап қойып, тыққандарының біразын алдыртады. Орекең араққа да бір табан жақын. Қырлы стаканмен тартып жібергенді жүдә бек ұнатады.

Сол көкеміз бүгін де тек­ті төрімізде. Шешем шай қай­нату үшін сары самаурынды сыртқа көтеріп шығарды. Мен сексеуіл сындырдым. Аздан соң шешем қазанға ет салды. Енді үй­дегі дөй-дөйдің жуық маңда тар­қамайтынын сездім. Көршінің балаларымен ләңгі теуіп, ойнап келейін деп едім, әкем ірікті. «Қайда барасың? Шешеңе көмектеспейсің бе? Көрмеймісің, үйде қонақ бар ғой» деді ол. «Қонағының пошымын?» деп мен мұрын шүйірдім. Бірақ амал қайсы, бөгелуге тура келді.

Көрші кеткеннен соң әкеме қиғылық салдым.

– Әке, осы Орынбай көке келсе болды, неге иіліп төсек, жантайып жастық бола қала­сыздар? Ол кімнің шікірасы еді? Ауызы үнемі арақтан құрғамайды. Бас­қалар оны үйлерінен, тіпті, ит қосып қуып шығады ғой, – дедім тыржиып.

Үнемі сыбағалы үлесімнің бір бөлшегін үңірейтіп кететін оған дегенде атарға оғым жоқ болатын. Ашумен әлде ша­лалықпен сол ыза-кегімді ақта­рып алдым-ау, шамасы. Бұған әкем жатып кеп ашуланды.

– Тәйт! О несі, асты қызға­нып. «Жаман асты қызғанады, жетесіз басты қызғанады» деген. Жетесіз болайын деп пе едің? – деп ызбарлана қара­ғанда шоқтай жанған көздері өңменімнен өтіп кете жаздады.

Мен тұқшиып жерге қа­ра­дым. Кімнің жетесіз болғысы келеді дейсіз? Әкем қасыма келіп, басымнан сипады. Сосын қоңыр дауысымен асықпай әңгімесін бастады.

– Балам, «Көрші ақысы – Тә­ңір ақысы» деген бар. Ол Құ­дай қосқан көршіміз. Құ­ранда «Қиямет күні көршіден сұралады» дейді. Мені ол дү­ниеге барғанда да кінәлі әрі кіріп­тар еткің келеді ме? Көр­шімен туысыңдай тату-тәтті болу керек. Оның бізде ақы­сы бар. Сен соны түсін, – деді.

Түсіндім бе, жоқ па, оны дәл қазір ашық айта алмаймын, бірақ содан кейін көршілерге деген ықылас-пейілім күрт өзге­ріп сала берген. Оның үсті­не шешемнің де айтқандары құлағыма сіңісті болып қалды-ау деймін. «Балам, жақын туыс­тардан көрші артық. Егер үйіңде қызықшылық немесе басқа да бір топыр, той-томалақ бола қалса әуелі үйіңе көршің жетіп келеді. Қуанышына да, сүйінішіңе де сол ортақтасады. Текемет бассаң, көршіңді шақырасың. Қазақта «текемет сатсаң, көршіңе сат, үйіне барғанда бір шетіне өзің отырасың» деген тәмсіл бар. Сондықтан көршімен тату болған жақсы» деп кекілімнен сипап, бетімнен сүйді.

Бірде Назар деген көршіміз үй салатын болды. Көрші-қолаңды, ағайын-туысты түгел асарға шақырған. Біздің әкей көршінің үйіне бір семіз қойын апарып байлады. Биенің екі күндік сүтін ашытып, қымызды асаршыларға берді. Мен белім майысып жүріп қыш тасыдым. Кейін сол үй көп-көрім болып шыға келді. Назар атамыз базарлы кісі еді. Үйіне зәуімен бара қалсақ, шын ықыласымен, алғаусыз көңілімен қарсы алып, төріне шығарады. Жинаулы көрпе ішіне қолын тығып жі­беріп немесе кебежені айқара ашып, тығулы тәтті алып шы­ғып, қоярда қоймай қо­лы­мыз­ға ұстатады. Сөйтсек, бұ­рынғының кісілері «көрші ақысы» деген жазылмаған заңды өте қатты ұстанады екен ғой.

Бүгінде қазақтың осы жарасымды салт-дәстүрі ұмыт болып бара жатыр. Дараланған, дандайсыған біреулер пайда болды. Олар көршілеріне көмек көрсету былай тұрсын, қоңсыларын жыға танымайды да. Жүздерін шырамытқанымен, жөндеп амандаспайтындары да жетіп артылады. Биік-биік тас қоршаудың ішінде қалған олардың үйлеріне тышқан тұмсығы өтпейді. Бірін-бірі мүлде танымайтын көршілер де кездеседі. Ал осыдан кейін мейірімділік, имандылық, ізеттік, қайырымдылық, адам­гершілік, адалдық сияқты ізгі қасиеттер адыра қалмайды ма? Қазір біреуді-біреу пышақтап жатса да көрмегенсіп өте шығатын безбүйректер көп. Оған енді, мың-мыңдап мысал да келтіре аламыз. Осы көрместігін олар көршілеріне де жасайды. Мәселен, жуырда қаладағы бір үйдің отбасын түгелдей бір қанішер бауыздап кетті. Ал көршілері іргесі тиіп тұрған үйде не болып, не қойып жатқанынан бейхабар. Егер араласып тұрса, есіктері айқара ашық тұрса, мұндай сұмдық сорақылық орын алмас па еді дейміз-дағы.

Бағзы бабаларымыз «Көр­шіңнің ала жібін аттама», «Қо­нақ келсе құт», «Алыстағы аға­йыннан ауылы бірге көрші артық», «Отты үрлей берсең өшірерсің, көршіні күндей берсең көшірерсің» дегенді босқа айтпаған. Күндей берсең, көрші көшеді, жүндей берсең, келінің де кетеді. Сондықтан Құдай қосқан көршімен қашан да тату болу керек-ақ.

Көрші. Көрші қақысы. Қа­зір­гілер мұны қалай түсінеді? Біз ата-бабаларымыз өсиеттеп кеткен салт-дәстүрлерге қалай қарап жүрміз? Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақаласына үңіл­генде осы маңызды мәсе­лелерге де мүм­кін­дігінше мәністеп қараға­нымыз абзал. Өйткені рухани жаңғыру дегеніміз, түптеп келгенде адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншіліктерінен, ұлттық дәстүрлерді құрметтей білуден, елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала білуінен тұрады. Осы ретте көрші қақы­сын да ұмытпағанымыз жөн. Сыйластыққа сызат түссе қай тірлігіміздің де түзелмесі белгілі.

Енді біздің қасиетті діні­мізде көрші ақысы туралы не дейді екен, соған тоқта­ла­лық. Бірде Айша (р.а.) Алла Елшісінен (с.ғ.с.): «Уа, Расул­ла! Менің екі көршім бар, сый­ды соның қай­сысына бе­рейін?» деп сұра­ғанда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Есігі ең жақын орналасқанына» деп жауап беріпті. Иә, жапсар­лас көршің сенің ең жақын адамың. Қуа­нышыңа, сүйінішіңе бі­рінші болып жететін де жақын көр­ші. Бетін аулақ қылсын, бір қиын­дыққа тап болсаңыз, әуелі көршің келіп, басыңды сүйейді. Ендеше, жақын көрші – жақсылық жасауға лайық көрші. Бір жаққа қыдырыстап кетсең де бала-шағаңды, мал-мүлкіңді соған табыстап кете­сің. Ол сен оралғанша ама­натыңа адал болып, бала-шағаңа, мал-мүлкіңе бас-көз болып отырады. Әнес ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаят­та Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жанындағы көршісінің аш жатқанын біле тұра, өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес» дейді (Әл-Баззар риуаяты). «Қоңсы қақысы – Тәңір ақысы» деген осыдан шығады. Көршіменен келісті ­қарым-қатынас жасай білу де бір өнер.

Қазір ғой, көрші таңдап ала алмайтын заман. Қай жерден учаске ала алсаңыз, сол жерге баспана саласыз. Қалтаңызға қарай үй сатып аласыз. Сонда қандай көрші тап келерін кім болжай алады? Мүмкін ол зарар-залалы көп зәнталақ біреу шығар. Осы ретте Алланың Елшісі көрсеткен үлгі-өнегеге көңіл қойыңыз. Ол өзіне жәбір көрсетіп, жолына нәжіс төсеп қоятын, иман келтірмеген кесір көршісі ауырып қалғанда оның хал-жағдайын сұрап барады. Сауыққан соң көршісі иман келтіріп, түзу жолға түскен екен деседі. Президент Н.Назарбаевтың «рухани тазаруды өзіңнен баста» деуіндегі риуаяттың кілті міне, осы. Сен көрсеткен үлгі-өнеге басқаларға сабақ болмақ.

Сонымен, көршіңізбен қалай­сыз?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА