09.10.2024

Кез-келген қазақстандық оқушы АҚШ-та тегін оқи алады

Айдана Август – америкалық мектепте тегін бір жыл білім алу мүмкіндігіне ие болған қазақ қызы, «Flex» халықаралық бағдарламасының финалисі.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №9 «Зерде» мамандандырылған мектебінің 11-сынып оқушысы биылғы оқу жылын АҚШ-тың Айдахо штатында жалғастырып жатыр.

– Айдана, «Flex» бағдарламасы туралы қайдан естідіңіз? Байқау қандай кезеңдерден тұрады?

– Бір танысым 2019 жылы осы бағдарламаның финалисі атанған еді. Шыны керек, әлеуметтік желіден оның америкалық өмірін көріп, қатты қызықтым. Содан «Flex»-ті зерттеп, ақпарат жинай бастадым. Толықтай АҚШ үкіметі қаржыландыратын The Future Leaders Exchange Program бағдарламасы арқылы кез келген қазақстандық Америкада тегін оқып, шәкіртақы ала алады. Конкурстық іріктеу үш кезеңнен тұрады. Биыл ол коронавирустық пандемияға байланысты қашықтан өткізілді. Анкетаны ais.americancoucils.orgсайты арқылы толтырдық.  І кезеңде 3 тақырып бойынша эссе жаздық. Тапсырманы орындау үшін әр қатысушыға бірнеше күн уақыт берілді. ІІ кезең ағылшын тілі деңгейін анықтауға арналған. Ал соңғы кезеңде сауалнаманы толтырып, қазылар алқасымен сұқбат құрдық. Камера қатысушыларды қатаң бақылауға алғандықтан, көшіруге ешқандай мүмкіндік болмады. Былайша айтқанда, барлығы әділетті болды. Байқау нәтижелері, әдетте, мамыр айында жарияланады.

– Емтиханнан сәтті өту үшін ағылшын тілін қай деңгейде білу керек?

– Қатысушы аз да болса ойын жеткізе алуы тиіс. Құжат тапсыру кезінде менің ағылшын тілін білу деңгейім орташа көрсеткіштен жоғары (upper-intermediate) болды.

– Бұл бағдарламаның финалисі атану қаншалықты қиын?

– Жыл сайын оған көптеген оқушы қатысатындықтан, бәсекелестік бар. Қабылдау деңгейі шамамен 2.6%-ды құрайды. Сол себепті финалист атану оңай болды деп айта алмаймын.  Міндетті түрде еңбектеніп, іздену қажет.

– Америкадағы өміріңіз жайлы айтып өтсеңіз. Жаңа отбасыңыз сізді қалай қабылдады?

– Мен Айдахо штатындағы Туин Фоллс қаласында тұрамын. Халқы шамамен 50 000 адамды құрайды. Нұр-Сұлтан сияқты үлкен қаладан келгендіктен бе, бастапқы күндері айналама таңырқай қарадым. Қазақстандағыдай биік ғимараттар жоқ, көшелері тар. Мен тұрып жатқан қалада үлкен сарқырамалар бар. Жалпы шаһар өте әдемі.

Мені америкалықтардың аяқ киімдерін шешпей, үйде жүре беретіндері қатты таңғалдырды. Сондай-ақ шетелдіктердің өте сыпайы екенін байқадым. Үнемі түрлі мақтау сөздерді жаудырып отырады және «sorry» сөзін жиі қолданады. Америкада кез келген нәрсені оңай табуға болады. Target, Walmart сияқты дүкендерде тамақтан бөлек, киім мен түрлі техникаларды да сатады.  Біздегідей әрбір жерде шағын дүкендер жоқ. Бірдеңе қажет болса, көлікпен үлкен супермаркетке баруға тура келеді.

Менің хост отбасым – планетадағы ең жақсы жандар. Бұл жағынан жолым болды. Олар маған туғандарындай қарап, әрқашан қолдап отырады. Күн сайын жаңа жерлерді көрсетуге тырысатындарын ерекше бағалаймын.

– Керемет! Ал шетелдегі білім беру жүйесінен қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

– Екі елдің білім беру жүйесі бір-біріне ұқсамайды. Қазіргі таңда чартерлік мектепте білім алып жатырмын. Ол – үкіметтен қаржыландыру алатын, бірақ белгіленген мемлекеттік мектеп жүйесінен тәуелсіз жұмыс істейтін мекеме.  Бұндай білім ордасында оқу қарапайым мектептерге қарағанда қиынырақ. Енді негізгі айырмашылықтарға тоқталайық. Америкалық оқушылар өздерін қызықтыратын пәндерді таңдап, оларды жеке оқу жоспарына енгізе алады. Алайда ағылшын әдебиеті мен тарихын оқу бәріне міндеттелген.

Оқу бағдарламасы төрт тоқсанға емес, екі семестрге бөлінеді. Әр адам әртүрлі пәндерді таңдайтындығына байланысты жалпы сыныптар жоқ. Мысалы, мен дене шынықтыру пәнін 7-12 сынып оқушыларымен бірге өте беремін. Сабақ 8:00-де басталып, 15:00-де аяқталады.

Америкада мұғалімдер студенттің менталды денсаулығына қатты алаңдайды.  Біреу жалғыз отырса, көңілсіз болса немесе кенеттен біреуді ренжітсе, сол білімгермен тілдесіп, сұқбат құрады. Менің мектебімде арнайы мектеп формасы жоқ, алайда қысқа киінуге тыйым салынған.

– Сұқбатыңызға көп рақмет! Қазақстанға аман-есен оралуыңызға тілектеспіз!

Әңгімелескен Диана АСАН,
«Адырна» ұлттық порталы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА