24.05.2024

Президент тапсырмасы: Қостанайда мемлекеттік тілде оқытатын мектеп-гимназия ашылды

Бүгін Қостанай қаласында мемлекеттік тілде білім беретін №28 мектеп-гимназияның салтанатты ашылуы өтті. Білім ордасының ашылу рәсіміне Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов, ақын-жазушылар, педагогикалық және ата-аналар қауымдастығы қатысты.

«Мемлекеттік тілде оқытатын мектептің ашылуы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген қазақ тілінің рөлін күшейту және жалпы білім беруді дамыту саласындағы маңызды қадам саналады. Сонымен қатар, Ұлы Абайдың 175 жылдығы, философ әл-Фарабидің 1150 жылдығы жаңа гимназияның ашылуы қарсаңында білім алушылар үшін шынайы патриотизмнің кепілі болатынына сенім білдіремін. Рас, жаздың басында қала тұрғындары арасында қазақ тілінде оқытатын мектептердің бірі жабылатыны туралы қауіп болды. Алайда, қазақ тілінде оқытатын мектептер саны қысқармады, бүгінде олардың саны жетеуге жетті», – деді Қайрат Ахметов.

Қала әкімінің айтуынша, мектепте сапалы білім беру үрдісі үшін барлық жағдайлар жасалған. Ғимаратты ағымдағы жөндеуге және жабдықтауға 250 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Қысқа уақыт аралығында ғимараттың шатыры жөнделіп, жылу, сумен жабдықтау және канализация жүйесі толығымен ауыстырылған. Сондай-ақ, гимназия үшін асханалық және музыкалық жабдықтар, сыныптарға жаңа жиһаздар, спорт жабдықтары орнатылды, химия, физика, биология, хореография, робот техникасы кабинеттеріне қаржы бөлінді.

Мектептің жобалық қуаты – 900 орын. Қазірдің өзінде мұнда 500-ге жуық оқушы бар. Гимназияға білім алушыларды қабылдау жалғасатын болады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы шілде айында Қостанайда қазақ тілінде білім беретін жалғыз бастауыш мектебінің күрделі жағдайына алаңдаушылық білдірген болатын.

«Жергілікті тұрғындардың пікіріне қарағанда, Қостанайдағы қазақ тілінде білім беретін мектепке қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Білім министрі және облыс әкімі барлық мәселені жаңа оқу жылына дейін шешуі тиіс», – деп жазған болатын Президент Тwitter-дегі парақшасында.

Кейін осы мәселеге қатысты облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Қайрат Ахметовтің қатысуымен брифинг өтті.

«Интернетте шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер тарап жатыр. Негізі, мәселе жаңа қазақ мектебін көшіруден басталды. Бұл жерде шу көтеріп отырған жұртшылық дұрыс түсінбеген. Біз мектепті жабу емес, оны басқа мекенжайға көшіру туралы ұсыныс айттық. Яғни, бастауыш мектепті Жеңіс-Бородин көшелері қиылысында орналасқан колледжге көшіру туралы бастама көтерілді. Ата-аналардың пікірі ескеріліп, бастауыш мектеп өз орнында қалатын болды. Сондықтан, БАҚ өкілдеріне ресми ақпаратты ғана таратуды сұраймыз», – деген еді Қайрат Ахметов.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА