27.04.2024

Әлемге танымал тағы екі кітап қазақ тіліне аударылды

Бүгін Алматыдағы орталық коммуникациялар қызметінде «100 жаңа оқулық» жобасына байланысты баспасөз брифингі өтті. Ұлттық аударма бюросы 100 жаңа оқулықты аудару жобасы аясында биыл 30 кітапты қазақ тілінде сөйлетпек. Бұл жұмыстарға 300-ден аса ғалымдар мен аудармашы-редакторлар жұмылдырылған.

Бүгін журналистерге қосымша аударылып, басылып шыққан екі кітап таныстырылды.

Тарихшы Юваль Ной Харраридің «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы» кітабы мен Стивен Ковидің «Жасампаз адамның 7 дағдысы» атты еңбегі қазақ аудиториясына жол тартты.

«Бүгін кітаптардың көпшілікке жол тартуын асыға күткен күн. Осы кітап ең үлкен қалалардағы ең үлкен дүкендерде сатылатын, ең үлкен тиражбен басылып тараған кітаптар. Бұған дейін қазақ тілінде мұндай ең көп тараған бестселлер болмаған. Биыл жоба аясында әлемдік бестселлер саналатын 30 кітап іріктеліп алынды. Тізімді  біздің сайттан көруге болады. Қазір осы бағытта жұмыс жасалып жатыр. Негізінен бір кітапты аударуға 6-7 ай уақыт кетеді. Ол аударма, ғылыми редакция, әдеби редакция, қаттау, беттеу, баспа сияқты кезеңдер. Шындығында, әр аударма — бір туынды жазумен парапар»,- деді Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, қазір философия, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, дінтану, тіл білімі, экономика, менеджмент пен кәсіпкерлік салалары бойынша әлемнің үздік оқу орындарының қолданысындағы ең танымал оқулықтар қазақ тіліне аударылып жатыр.

Қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, жоба аясында кітаптардың аудио нұсқасы жарық көреді.

«Егер бұл кітаптардың тарихына үңілетін болсаңыздар, өздеріңіз жақсы білетіндей «Жасампаз жандардың жеті дағдысы» әлемнің 40 тіліне аударылып 30 миллионнан астам данамен жарыққа шыққан кітап. Ал енді  бүгін бұл кітаптар қазақ тіліне аударылып жоғарыда айтқандай жалпы аудиторияға қолжетімді болып жатыр.  Рухани жаңғыру бағдарламасында көрсетілген негізгі құндылықтар бар  — ол сананың ашықтығы,  білімге деген құштарлық, прагматизм мәселесі. Біздің ойымызша осындай қосымша кітаптар арқылы, қосымша білім арқылы бұл мәселелер қамтылатын болады. Сонымен қатар бұл әлемдік бестселлердің енді аудио нұсқасы, электронды нұсқасы шығатын болды», — деді Нұрлан Сыдықов.

Мамандардың айтуынша, кітаптың 1 бетін аудару үшін 7 мың теңге жұмсалады.

Орта есеппен 1 кітапты аударуға 30 млн теңге шамасында қаржы жұмсалады.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру үшін Ұлттық аударма бюросы құрылған болатын.

Аталған бюро былтыр 18 кітапты қазақ тіліне аударды. Бұл оқу құралдары 10 000 таралыммен 110 жоғары оқу орындарына таратылған еді.

Жоба басталғалы бері Ұлттық аударма бюросы Кембридж, Оксфорд университеттерінің баспалары мен Cengage, Pearson, Penguin Random House, Mcmillan секілді халықаралық баспа үйлерімен тығыз әріптестік байланыс орнатты.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА