26.04.2024

Аятжан Ахметжан. Ұстазды тұрмыс билесе…

Патша қанша жерден ақымақ болса да баласының ұстазының алдын кеспейді, — дейді ежелгі гректің ғұламалары, Ал, қазақта бұны «алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі,» — деген Мағжаннан асырып айтпасыпыз…

Жылдың басындай болған күздің алғашқы мерекесі ұстаздар күні, осы атаулы күнде ардақты жандар туралы аз кем сөз саптағанды жөн көрдік…

Арғысын айтпағанда бергі қазақтың ұстазы ауыл молдалары, ақындары мен жыраулары еді. Одан бері мектеп деген ұғымға жүгінгелі мұғалім деген ауылдың ақылшысы, бүгіннің тілімен айтқанда зиялысы еді. Атамыз да, апамыз да қолына су құйған «тентекке» берер батасы жүз жаса балам, мұғалім бол еді… Әй, әттең-ай, осы дәстүрді бүгін қиял-ғажайып ертегіге айналдырдық, мұғалімді әркім жағасына жармасқан, опасыз қоғам осқырына қарайтын ермекке айналдырдық, өткендегі: « мұғалім бол!» деген батаны қарғысқа айналдырдық… Неге?

Иә, неге? Сананы тұрмыс билейді,- дейді Ежелгі Рим философы Цицерон Марк Туллий. Нарық заманында бұл екі есе шындыққа айналды, заманға қарай өмір сүрмек керек дейді, бұны қазақ заманың түлкі болса тазы боп аяқтан шал деп ескертіп те еді.

Бірақ, өзгені ұстазды тұрмыс билесе, қоғамды сауатсыздық билейді, ұстаз Марк Туллий айтқан сана деңгейінен биік түрмақ керек. Егер бұл санадан биік тұрмаса…

Әуелі, бұл санадан биік тұрмаса, ең алдымен мектепке ниетпен бармайды, амалы жоқ лажысыздықтың жетегінде ғана барады. Бұндай бару алдындағы бала түгіл адамның өзін алдайды, бұндай деңгейде сабақта сапа болмайды… Мұғалім қара қазан, қатын баланың қамы алаңдатқан деңгейде жүрсе мектепке ер мұғалім бармайды… Мектепте ер мұғалімнің аздығы, тәрбиедегі теңсіздікті келтіріп шығарады… Бұл теңсіздік жастар қатарында жігерсіз жігіттер мен көк айыл қыздардың көбеюіне ұласады…

Одан кетті, ұстаз бұл санадан биік болмаса, ұстаз ісіне жүрдім бардым қарайды, қосымша табыс іздейді, өз ісіне ізденіспен жүрмейді… Бұл ұстаздар қосынының әлсіреуін тудырады, біліксіздігін тудырады. Бұл білімнен сапа, тәрбиеден мән кетіреді. Бұның соңы қоғамға біліксіз ұрпақ әкеледі, бәсекеге қабілетсіз тұлға әкеледі…

Одан қала берсе, ұстаз бұл санадан биік тұрмаса, ұстазға құрмет болмайды, құрмет болмаған жерде мәртебе болмайды… Бүгінгі заманда әркім мәртебелі болуды ойлайды, бұның соңында мәртебесіз мамандық деген статус қалыптасса бұл салаға білікті жас бармайды, білікті қауым қалмайды… мәртебесі болмаған жанның әркім жағасына жармасады, ұстазды сыйламай алжасады… Бұл ұрпаққа ұсақтық әкеледі, бағалыны бағалау дәстүрінен айырады, бардың қадірін қашырады, бағалының құнын түсіреді…

Ең соңында, қазақтың әркім сыйлағанның құлы деген дәстүрін еске түсірсек, тәлім алар жұртты сыйлай алмаса тәлім алып жырғатпасы анық… әуелде Мағжан ақын айтқан «төрді» ұстаздардың өзіне қайтара алмасақ, ұрпақ одан үлгі алсын дегеніміз Қожанасырлау тірік екені баршамызға аян болса керек…

Бүгінде алғанын қағазы мен қаламына, кабинетінің ремонты мен қажетсіз жиналар қаражатқа, зорлықпен сатылар концерт билеттері мен зорлап жаздырар газет-журналға беріп, айлығы шайлығына жетпей кетер ұстаздарды тұрмыс билемейді деп айту пендеден періште жасар әумесерлік болар…

Мектептің жаны – мұғалім, — дейді Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, иә, болашақтың, мәңгілік елдің іргетасын құюшы шебер де ұстаз! Бүгінгі бала, ертеңгі еліне ие болар жастардың бағбаны ұстаз!

Елімізді шынымен әлемнің отыздығына кіргіземіз, мәңгілік ел етеміз десек, ұстаздардың жағдайы жасалмақ керек…

Дүниежүзілік екінші соғыста жермен жексен бола жеңіліп, бәзбір саясаткерлер саяси сахнадан кетті деп болжам жасаған Германия мен Жапония ғылым мен білімнің арқасында ғана 30 жылға жетпейтін уақытта өзі жеңілген елдерді артқа тастады… Әлемді өзіне қаратты…

Біз де ертең шынымен бәсекеге қабілетті ел екенімізді дәлелдегіміз келсе білімме н ғылымнан басқа сүйенеріміз болмаса керек… Астымыздағы байлықты бабамыздың аманатын баламыздың игілігіне жұмсағымыз келсе және сол ғылымға иек сүйемек керек…

Бізде жыл сайын, тіпті ай сайын реформаға ұшырайтын бұл саланың дүрбелеңі де өзі жүйкеден тозған ұстазды жүнжітіп болғаны да жасырын емес…

Білім саласындағы кез-келген реформаның 100 пайыз іске асуының алғы шарты мұғалімдерде, мұғалім дайын болмаған еш реформа нәтиже бермейді…

Әлем елдері жасап жатыр екен, — деп ала шапқын болатын реформашылар әлем елдеріндегі ұстаздың жайы мен күйі туралы ойланып көрді ме екен? Ұстаздың бөлмесіндегі қажеттіліктері мен қалтасының қажіттілігін қаншалықты қанағаттандырылып жатқанына көңіл аударды ма екен…

Не демек керек? Бір сөзбен айтқанда, ұстазды тұрмыс билесе, елді сауатсыздық, мемлекетті кедейлік билейді…

Елдің дамуының кілті ғылым-техникада, ғылым-техниканың кілті оқу-ағартуда, оқу-ағартудың кілті ұстаздарда, — дейді, Қытайдың реформатор басшысы Дэн Сяо Пин. Ақиқаты осы да…

Бір ауыз сөзге түйіндесек, нарық замандында ұстазды қарық қылмасақ, басқаның бәрі бекершілік болмақ…

Қандырған білім атты тұнық суға,

Ұстаз деген бәрінен биік тұлға,

Өз ісінен мол бақыт таба алатын,

Бапкері ол патшаның ұлықтың да, — иә, ұстаздар, сіздер тұрмыс деген қарабайыр ұғымнан әлдеқайда биік, пенделіктен аулақ періште ұрпақты нәр берген жаны асыл жайсаң жансыздар! Сіздердің еткен еңбектеріңіз ғасырлап жемісін беріп, жылдап мәуелей бермек!

Меркелеріңіз құтты болсын! Адами құндылықтың биік белесін бағындырып жүре беріңіздер…

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА