27.04.2024

Айшуақ Дәрменұлы. ҰСТАЗЫМ, ЖАҒДАЙЫҢЫЗ ҚАЛАЙ ?

Педагог — Ежелгі Грекияда байдың баласын жетектеп жүретін, ақыл-кеңес беретін құлдардың атауы. Одан бері қаншама су ақты, көп дүние өзгерді. Бірақ, білім жүйесін жетелеп келе жатырған ұстаздардың арқасында адамзат əлі күнге аман-сау келе жатыр. Жыл сайын күзде келетін ұстаздар мерекесі де келіп қалды. Ақын Жұматай Жақыпбаевтың «Құл ешкімді сүйе алмайды, жарқыным…» деген өлеңі бар еді. Шынында да, өзің диуана болып жүріп, кімге пір боласың ??? Өзіне-өзі сенімді, сауатты, сабағын түсіндіргенде миыңа сіңіріп жіберетін нағыз ұстаздар бар. Бірақ, жүзден бірі ғана. Əлгі дараның өзін қоғам дұрыс бағаламайды. Жапондық моделді үлгі ретінде алғысы келген Алаш зиялылары тағы да еске түседі. Сол Жапонияда мұғалімдер арнайы значок тағып жүреді екен. Оны көрген кез-келген адам құрмет көрсетіп, жол беріп, көлікте орын беріп жатады дейді. Арнайы дүкендер бар дейді. Ұстаздар үшін жеңілдетілген бағамен сатады барлық дүниесін. Бұл тек ұстазға деген жапон қоғамы құрметінің бер жағы ғана. Ұстазды ғылым-білім үйрететін, қоғам мен мемлекетке өте қажет те пайдалы тұлға ретінде қабылдайды. Бірақ, талап та өте қатал. Ғылым докторы дəрежесімен өз елінде жұмыс таба алмай, АҚШ, Европа елдеріне жылысып кеткен жапон ғалымы бір ай бізде лекция оқып кетті. Байғұсты күн сайын сұраққа көміп тастайтын едік. Ал бізде ғылымға не қосқаны белгісіз, ешкім (тіпті ғылыми орта да) танымайтын доқтырлар алжып кетсе де, кафедраға сүйеніп тұрып өліп кеткенше жұмыста жүре беруіне гарантия. Ал, ол кісінің лекциясы мен беріп жатырған ғылыми бағытының сапасы туралы шəкірттерінен сұраңыз.
Шетелден үлгі алғыш, қит етсе «ойбай, шетелде былай екен…» деп шығатын жандар неге осы білім-ғылым саласына жапондық моделді алмайды, а ? Əлгі айтқан Жапонияда шəкірттер он үш жасқа дейін тек қана ана тілінде білім алады. Содан кейін жүз шет тілі болса да үйрене беруге рұқсат. Мұғалім статусын заңмен бекітіп, тек қана тікелей өз міндетін ғана адал, жан-жақты орындауға жағдай жаса. Сосын талап ет. Шəкірттердің көздері жанып, білімге құлшынып, мектепке қарай жүгіріп тұрмаса, əкел қолды. Тіпті бұл жерде ғалымдардың жалақысын он-жиырма есе көтере салған Сталиннен де үлгі ала салуға рұқсат !!!
Əркімге тəуелді, жалтақ, аяқ-қолы мен мүмкіндігі тұсаулы, əлі күнге дейін тақта мен бор пайдаланып, қағазға көміліп отырған аянышты кісі кімді оқытып қарық қылсын. Бір қызығы, ондай фанатиктер əлі де бар. Солардың арқасында білім арбасы сықырлап болса да қозғалып келеді. Айналайын Алаштың зиялылары айтқандай «Алты алаштың басы қосылғанда, төрдегі орын — Ұстаздікі» болмаса, қарыштап дамимыз, болашағымыз керемет болады деу жəй ғана утопия. Ал əзірше кешіріп қойыңыз, «Құл ешкімді сүйе алмайды, жарқыным»…
Тарихшы мұғалім Өмір ағайдың жазбасын оқыған соң ойыма келген фикр ғой. Ағайындар ау, билік пен қоғамға айтсаңдаршы, білім саласын былықтырып реформа жасай бергенше, мұғалімдерге дұрыстап жағдай жасасын. Қызмет қыл, қызмет қыл да міндет қыл.
Қадірлі де қымбатты ұстаздар !!! Төл мереке құтты болсын. Бəрі де жақсы болады.

Жазба автордың фб әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды…

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА