27.04.2024

«ТІЛІ ЕКЕУДІҢ — ДІНІ ЕКЕУ». АЛ ТІЛ ҮШЕУ БОЛСА ШЕ?..

Дәл солай! Жер бетінен бір ұлтты жоқ қып жіберу үшін ол ұлтқа қос тілділікті енгізсе жетіп жатыр дегенді «Тілдер ажалы» деген ғылыми еңбегінде тек Дэвид Кристал емес, әлемнің толып жатқан ғалымдары  талай айтқан. Олар түгіл қайсысы екені есімде жоқ Ресейдің Қазақстандағы бір генерал-губернаторы өз қарамағындағыларға «Тездетіп орысша-қырғызша  мектеп ашыңдар, жабайы қырғыздардың тіліне орыс тілін араластырып «смесь» (қойыртпаққа) жасау арқылы-ақ санасыз, жабайы қырғыздарды бұрынғыдан да санасыз жануарға айналдыруға болады» депті.

Орыстардың қазақты қырғыз деу себебі былай: Ресей 1592 жылы өңшең қашқан-пысқан қандыбалақтардан казачество деп аталатынды құрды. Оларды жаужүрек, батырлар, артық туғандар деп қолтығына су бүркіп қойды да өздерін казак деп атайтын олар бұл сөздің қазақ деген сөзге ұқсастығына намыстанып қазақты киргиз деп атауға шықты. Кейін бүкіл Сібірді басып алып алақандай орыс жерін кеңейткен де орыстар Ермак деп атап кеткен, казачествоға атаман болған Жармақ деген қылмыскер еді. Алашорда көсемінің бірі Халел Досмұхамедов «Батыс қазақтарының 250 жылдық тарихы қанмен жазылды. Ол қанды төккен орыстар» дегенде сол орыстарыңыздың көбі осы казактар, яғни, казачество еді. Қазір солардың ұрпақтарына шейін ата-бабалары қазақты қырған со замандағы киімдерін киіп алып Қазақстан қалаларының қақ ортасында «ал маған не істей аласың?» дегендей сайрандайтын әдет шығарды. Бұдан екі жүз жылдай бұрын патшашыл орыстың қазақты жою саясатын  Қазақстанға келе сала кеңесшіл орыс Колбин қазақтарға қос тілділікті енгізу арқылы жалғастырды. Колбинді қойшы, діні бөлек, тілі бөлек, қазақты ғасырлар бойы езіп-жаншып келе жатқан Ресейдің өкілі ғой. Әттең дүние-ай, Ресейден азаттық алдық деп қазақ байғұс 25 жыл мұнайды шампанша шашқанда Колбин жасаған қостілділік аз болғандай «жыласаң тағы істеймін» деген дөрекі жігітше өз ұлы өзегіне теуіп, енді үш тілділікті енгізгені не деген қорлық?! Қазақтың үлкен анасы – жері болса, кіші анасы – тілі, яғни ана тілі. Ендеше, сол анасының етегінен шыққан және қолына билік тиген бүгінгі өз сәбиі біресе үлкен анамды кім-көрінге жалға берем, біресе кіші анам–тілімді өз үйінде келім-кетім көптің біріндей ғана қыламын, қарсы шыққан қандастарыма «аяушылық болмайды» деп қорқытуына қашанғы шыдауға болады?! Бұл оның шынымен-ақ «қажет болса 86 жылғы желтоқсанда, одан кейін Жаңаөзенде жасаған қырғынымды қайталаймын.  Мені не істесем де бәрі қолдайды. Мен 25 жылдан бері Қазақ даласының мұнайы мен басқа байлығын үлестіріп-ақ бәрінің аузын майлап, жіпсіз байлап алғанмын дей ме екен? Әлде осының бәріне қазақтың аңқаулығы айыпты ма? Сірә, солай шығар.

Өйткені, аңқау қазақтың арасында әлгі биліктегі нән баласының «қазақты үштілді ұлтқа айналдырып әлемдегі ең білімді, ең озық ұлтқа айналдырғым келіп жүр, сондықтан сәбилерің жарық дүниеге көзін ашар-ашпастан үш тілде күліп, үш тілде жылап, үш тілде сұрап тұратын болсын» деген құйтырқы қамқорлығына сеніп, қуанып жүргендер де аз емес. Аңқау қазақ  өзін басқарып отырған нән баласының өзі орыстың, яғни, Ресейдің ықпалынан шыға алмағанының кесірінен ғана үштілділік дегенді ойлап тапқанын түсінбей  отыр. Қазір қазақпен тілі бір, діні бір өзбек, әзірбайжан, түркімен елдері кейде қажет болған жағдайда ғана ағылшын тілін қоса қолданады. Ресейдің құлдығындағы Кеңес Одағы құлаған бойда олар орыс тілінен бірден іргесін аулақ салды. Оларда қазір орыс тілі не мектепте, не университеттерде оқытылмайды. Сонда да аштан қатып, көштен қалып, сырт елдерге Қазақстан сияқты жүздеген миллиард доллар берешек боп отырған жоқ. Әрине, қазақтың нән баласы оның бәрін білмей отырған жоқ. Бірақ ол соларға ұқсап орыс тілін алып тастап қазақша және ағылшынша жасауға Ресейден қорқады. Ол қорқыныштың себебі де көп… Сондықтан, аналарға ұқсап Қазақстанда ең әуелі қазақ және ағылшын деген екі-ақ тіл жасаса орыстар оған не істейтінін Құдай біледі. Аңқау қазақ үштілділік ұрпағымызды ұшпаққа шығару үшін жасалуда, біз көп тіл білсек, жердегілердің бәрінен озып  кетеміз деп ойлайды. Ал,   25 жылдан бері өзін емес өзге атаулыны төбесіне көтеруге тәрбиеленген жастарға бәрібір. Айтпақшы, қазақты мәңгүрттендірудің бұл саясаты сонау 1991 жылы-ақ басталғанын  қазақ сол кезде аңғармай қалды. Сол кезде-ақ «Бұл жер – тек қазақ жері емес, өзгелердің бәріне ортақ, сондықтан Қазақ Республикасын енді Қазақстан Республикасы деп атайық» деген де және сол қасіретті ұсынысын жүзеге асырған да сол кездегі жас Алжастар болатын. Дүниежүзілік  лингвистикада жоқ ресми тіл деген тілді ойлап тауып, орыс тілін көпшілік қолданатын ресми тілге, қазақ тілін қағаз жүзінде ғана қалатын мемлекеттік тілге айналдырған да солар  еді. Арада 25 жыл өткенде «орысшаға қазақша жауап бергендерді қылмыстық жауапқа тарту керек деп жүргендер де, үштілділікті қолдап қол шапалақтап жүргендер де солар. Қазір Қазақстанда ресми тіл орыс тілінің қасында қазақ тілі таудың етегіндегі төбешік сияқты боп қалғанын мынадан-ақ аңғаруға болады. Сонау Кеңес заманында Қазақстанда тұратын корейлер түп-түгел қазақша білетін, қазақша сөйлейтін. Немістердің көпшілігі «қазақшаны қатырамыз ғой, қазақша айта берсейші» дейтін. Ал ұйғыр бауырларымыз ше? Олардың кейбірі, тіпті қазақпыз дейтін еді ғой. Бүгінде ше? Бүгінде қазақша сөйлейтін корейді анда-санда болмаса «емге таппайсың». Немістер де бірыңғай орысшаға көшті деуге болады. Ал  ұйғыр бауырлар ше? Әлде қазақ-алжекеңдерден жұқты ма қайдам олардың да орысшасы басымдау, бірақ  олармен  емін-еркін қазақша да, ұйғыршаны араластырып та сөйлесе береміз. Өзбек ағайындар ше? Ел басқарған нәндерінің өзін бала кезінен ешқашан дінін, тілін дүнияның ешқандай мал-мүлкіне сатпайтын етіп тәрбиелейтін неткен саналы халық десеңізші! Қазір Қазақстанда тұратын өзге ұлттардың ішінде қазақшаны ең көп пайдаланатындар да сол өзбек ағайындар. Оны айтасыз-ау, парламентте депутат болып жүргенде орысша самбырлап тұрған қазақ министрлеріне орнынан ұшып тұрып, «Ау айналайындар-ау, қазақша сөйлесеңдерші!» деп айқай салатын да, мемлекеттік құжаттарды, заңнамаларды қазақ тілінде жазайық та деп шырылдайтын да жалғыз өзбек  Р.Халмұратов еді-ау. Қазіргі парламентте енді ол да, ондай тіл жанашыры да жоқ!

Атам қазақ бұдан жүздеген жыл бұрын «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген. Бұл қай нәрсе де ұрпақтан-ұрпаққа қанмен тарайды, яғни, тұқым қуалайды деген сөз. Атақты академик Вавилов кейін оны генетика ғылымында дәлелдеп еді Кремльдегі Ресей басшыларынан бастап аузынан махорка мен самогон сасыған мұжықтар ортаға алып басын дауға қалдырды. Аяз би мен ханмын деп ақ ордада шіреніп отырған ханға сен жеті атаңнан хан емессің, нан пісіретін наубайдан туғансың дейді. Онысын ханның жасап отырған іс әрекетіне қарап-ақ дәледеп береді. Тұқым қуалаушылық, яғни, генетика ғылымы қазақта ежелгі заманда-ақ дамыған ғылым екенін содан-ақ байқағайсыз. Өз басымнан өткерген бір мысалды айтайын. КазМуде оқып жүрген кезім. Каникулда Шалқарға келіп, иманды болғыр Айтқали Бердешов деген құда-ағама көріскен сайын «Оу, сын славного Жахайма» деп күледі. Ішімнен осы кісі мені кекетіп қоймады-ау, бір күні бетіме қарай алмастай қыламын ғой деп ызаланып жүретінмін. Тағы бірде сол кісі әлгі сөзін қайталағанда «үп-үлкен кісісіз, неменеге…» деп қаттырақ кеттім. Сонда марқұм: «Әй сен өйтіп қызбаланба! Мен саған неге олай дейтінімді айтып берейін» деді. Тыңдадым. – 1913 жылы Романовтар тұқымы патша болып отырғанының 300 жылдығын тойлапты. Оған қазақтың небір марғасқа билері мен болыстары шақырылады. Солардың ішінде сенің Жақайым атаңның бір мырзасы да болып, олардың көпшілігі орыс патшасының қысқа ғана қабылдауында тақтың алдынан тізбектесіп бас иіп өтіп жатады. Кезек әлгі Жақайым атаңның баласына келгенде ол басын имей қалт тұра қалыпты. Патшаның айналасында тұрған шенділердің бірі «Эй поклонись! Поклонись государю!» десе ол «Мне нельзя!» депті. Орыстар «почему, почему нельзя?» деп шуылдап жатқан көрінеді. Сонда жаңағы мырзаның айтқаны «Потому что, я сын славного Джахайма» деген екен. Сен қайта соған мақтанбайсың ба?!-деп еді. Мұның бәрін неге айтып отырсың дейсіз бе? Себебі, қазір қазақтан үштілді ұлт жасап,  ең білімді, ең ақылды, ең озық ұлт қып әлем халқының алдына шығарамыз деген сайқализмді ойлап тапқандардың көпшілігі әкелері мен аталары көктегі емес Кремльдегі «құдайларына» құлшылық етіп өмірден өткендердің бүгінгі ұрпақтары. Олардың әкелері мен аталары қытайға да, жоңғарға да емес орысқа құл болған. Құлдық мінез тұқым қуалайды дегеніміз осы!

Жетпістен ассаң да ес кірмей мүлде,

Ұлтыңмен бірге жылап, күлмей бірге,

Өзіңді де күн десең де,нұр десең де

Қаласың қанға сіңген құл кейпіңде,-деген өлең де бар.  Наубайдың баласы хан болып жарытпайтынын Аяз би бабамыз дәлелдеп берген. Құдай сақтасын, бір күні әкесі орыстың шөбін шауып, қорасын тазалаған және өзі соны мақтаныш тұтатын адам патша болса қайтер едіңіз?  Бірақ билік басында әкелері Кремльге құл болған тексіздер көп екен   деп бүкіл қазақ халқы бодандыққа көне қоймас. Бүгінгі қазақ ең әуелі мынаны естен шығармаса екен: кез-келген ұлт жер бетінен жойылып кетер алдында ол қос тілде сөйлей бастайды да бірте-бірте ана тілі әбден шұбарланып мазақы тіл дерлік күйге түседі. Сөйтіп, уақыт өте келе ол ұлттың өзі жойылады. Қайталап айтар болсақ, қазіргі отырған қазақ басшылығы көршілес республикаларға ұқсап орыс тілін алып тастап тек ағылшын тілін ғана қалдыруға орыстардан қорыққаннан үш тұғырлы тіл деген бәлекетті ойлап тауып отыр. Путиннің Астанаға келген сайын «біздің ақпараттық кеңістігіміз ортақ болуы керек» дегені оларға берілген бұйрық сияқты. Жер бетінде бірнеше тілде сөйлейтін адамдар (полиглоттар) бар. Бірақ бала-шағасымен, немерелерімен қосылып бірнеше тілде сөйлейтін ұлтты алты әлемді шарлап, төрт мұхиттың түбіне сүңгісеңіз де таппайсыз. Бұл билік басындағылардың қарабасының қамы үшін қалың қазақты құрбандыққа шалуы, яғни, біз кеткесін топан су қаптаса да бәрі бір деген сөз. Қазақ билігінің және олардың Мәскеудегі қожайындарының тілімен айтқанда «После нас хоть потоп!» деген сөз. Патшалық және кеңестік Ресей  басқарып тұрған кезде 90-нан астам ұлт осылай жойылып кетті. Бүгінде 150 миллионнан астамбыз деп жүрген орыстар солай жойылып, өзіне сіңіп кеткен ұлттардың есебінен көбейіп отыр. Ол қостілділіктің ұсақ ұлттарға емес орысқа тигізген пайдасы. Сондықтан, ұрпағын аман сақтап қалғысы келген қазақ Жер-анасын жаттың қолына он жыл түгіл он күнге де жалға беруге қалай қарсы күрессе, Тіл-анасын да жат тілдердің көлеңкесінде қалдырмау үшін солай күресуі керек! Бар-жоғы 43 жыл ғұмыр кешкен ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері «тілі екеудің –діні екеу», «Бисмиллаһ деп сөйлесем тілге жәрдем бере гөр, тіл жаратқан Жалалым, Жанға жәрдем бере гөр, жан жаратқан Жалалым»-депті. 

Әнебір жолы, «Нұр Отанның» басшысының орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза жер туралы пікірталас кезінде де жалма-жан үштілділіктің «пайдалы» екенін сөз арасына қыстыра салып, оны дәлелдеу үшін жасы 60-қа жақындап қалған бір ақынның өз бетімен ағылшынша үйреніп алғанын мысалға келтіріпті. Қазір сол ақын бізбен сөйлесіп отырып та, интернет сайтқа салған пікіріне де бір-екі ауыз ағылшын сөзін араластырып  мақтанатынды шығарды. Әрине, жылына әлденеше мәрте не Англияға, не басқа бір елге шығып тұратын оған ағылшын тілі керек болса болған да шығар. Ал бүкіл қаратабан, қитабан қазақтың көзін енді ашып, бауырын енді көтерген сәбиінің үлбіреген миына үш тіл құю керек, сонда олар әлемнің алдына түседі деу әрі сол сәбилердің денсаулығын құрту, әрі қазақты ұлтсыздандырудың жымысқы тәсілі. Ілім-білімі асып-тасып, Құдай басына бақ қондыруы үшін енді ағылшын тілін білу ғана қалған болса, ол бала 18-ден асқасын да үйреніп алады ол тілді.

Қабылдасаңыз да, қарсы болсаңыз да өзіңіз біліңіз. Бірақ біздің ойымызша бүгінде 70 пайыздан астам қазақ тұрса да көп ұлтты мемлекетпіз, бұл тек қазақтың жері, қазақтың елі емес, 130-дан астам ұлттың жері деп қазақты өзгелердің алдында тұқыртып  қойғаны аз болғандай оның сәбилерін көзін ашпай жатып үштілділікпен миын атала қылу қазақты бұратола жоюдың ең оңай тәсілі екенін түсінейік. Бұған жол бермейік!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Abai.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА