27.04.2024

Әлімов Асхат. Орта мектептегі сабақ құрылымы және қолдануға тиімді әдіс-тәсілдер

Оқыту жобаларының басым көпшілігі сабақтарды үш кезеңге бөледі. Мұндай құрылымды былайша түсіндіруге болады:
1. Бірінші кезеңде үйренушілер өздерінің бұрынғы білетіндерін естеріне түсіру арқылы білім игеруге белсенділендіріледі. Мұнда олар «танымдық тепе-теңсіздік» (Ж.Пиаже) жағдайында болып, жаңа білімге деген қызығушылықтары пайда болады.
2. Екінші кезеңде үйренушілер дербес тұрғыдан танымдық әрекеттер атқарады. Ж.Пиаже «Балалар әрекет жасамай сөйлегенде бірін-бірі түсіне ме?» деген сұраққа «Баланың ойын түсіндіру үшін, оның әрекеттерінен бастау керек» деп жауап береді (3, 353).
3. Үшінші кезеңде шәкірттер үйренгені жайлы ой толғайды, пікірлеседі, оларды талқылайды, осы әрекеттер арқылы ол жаңа түсініктер құрастырады: «Ой тәжірибесінің сан қилы жақтарын ой елегінен өткізе отырып, бала жол-жөнекей бір анықтаманы екінші анықтамамен алмастыратын фактілерді ашып, сол арқылы өзінің алғашқы ойлағандарына өзгертулер енгізеді» (3, 377).
Кейбір жаңашыл оқыту жобалары ұстанған сабақ құрылымына назар аударайық. М.М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясында» сабақтың үш кезеңдік құрылымы былай түсіндіріледі: «Оқу модулі қайта жаңғыртушы оқу циклі ретінде үш құрылымды бөліктен: кіріспеден, сөйлесу бөлімінен және қорытынды бөлімнен тұрады» (1, 8). Мұнда сабақ (модуль) «Кіріспе (Мотивация кезеңі) – Сөйлесу (Операционалдық-әрекет кезеңі) – Қорытынды (Рефлексиялық-бағалау кезеңі)» құрылымында өткізіледі. «Кіріспе бөлімінде мұғалім оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырады. Сонан соң мұғалім осы оқу модулінің барлық уақытына есептелген оқу материалын қысқаша (10-20 минут ішінде), сызба, кесте және т.б. белгілік үлгілерге сүйене отырып түсіндіреді» (1, 9).

Оқу модулінің кіріспе бөлімінде мұғалім келесі әрекеттерді атқарады:
а) оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымы және мазмұнымен таныстырады;
ә) оқушылардың осы оқу модуліндегі танымдық қызметінің мақсаттары мен міндеттерін анықтайды, әсіресе бұл мақсаттар мен міндеттірді әрбір оқушының «қабылдауына», түсініуіне ерекше көңіл бөледі;
б) тірек сызбаларға («орамалға», белгілік үлгілерге) сүйене отырып, модульдің тұтас тақырыбы бойынша оқу материалын қысқаша (15-20 минут ішінде) түсіндіреді (1, 15).
Сабақтың «Сөйлесу» атты келесі модулінде «оқушылардың оқу материалын қайта жаңғырту деңгейін, қарапайым білік пен дағдыларды және білімін іс жүзінде бірнеше рет қайта қолдануы» (1, 9) жүзеге асырылады. Бұл бөлім оқушылардың «тақырып мазмұнына (тұтас тақырып немесе тарау бойынша) «өсу» бағытымен – қарапайымнан күрделіге, репродуктивтік тапсырмалардан шығармашылық сипаттағы тапсырмаларға, зерттеушілік қызмет элементтеріне қарай бірнеше мәрте қайта оралып отыру әр оқушыға оқу материалымен жұмыс істей отырып, өз қабілеттерін, жадын, ынтасын, ойлауын, ауызша және жазбаша тілін дамытуға мүмкіндік береді» (1, 9).
Бұл бөлімде оқушылар шағын топтарға бөлініп, белсенді әрекеттер атқарады: «Оқу модулінің сөйлесу бөлімі оқушылардың өзін-өзі оқытуына және өзін-өзі бағалауына, бірін-бірі оқытуына және бірін-бірі бағалауына құрылған» (1, 10).
Модульдік технология бойынша сабақтың (модульдің) үшінші «Қорытындылау» бөлімі бағалауға арналады: «Оқушы өзінің сөйлесу бөлімінде алған білімін, бірлігі мен дағдыларын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі тиіс. Оқушы білімін бақылаудың формалары ретінде тестілік тапсырмалар, бақылау жұмыстары, сынақ, шығарма немесе диктант оқу пәнінің ерекшелігіне орай қолданылып, оқу модулінің осы қорытынды бөлімінде беріледі) (1, 10).
«Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» (Reading and Writer for Critical Thinking) жобасы да сабақтың үш құрылымдық кезеңін ұстанады: «Қызығушылықты ояту – Мағынаны ажырату – Ой-толғаныс». Бұл құрылым ойлау процесінің қалайша өрбитіндігін сипаттап, әрбір оқушыны «өзінің курстастары және мұғаліммен жүргізетін рефлексиялық диалогқа жұмылдыруды» көздейді (2, 116).
Аталмыш жобада сабақтың әр кезеңінің ерекшеліктері мен мақсаттарын қалайша сипаттайтындығына тоқталып кетейік.

«Қызығушылықты ояту» кезеңінде (Еvocation) үйренушілер білім процесіне ниеттеледі, айрықша көңіл аударады, жаңа материалды игеруге ынталанады. Бұл кезеңде мынандай үш мақсат жүзеге асырылады:
1. Қарастырылатын тақырып бойынша үйренушілер бұрынғы білімдерін есіне түсіреді.
Білім зерттеу — жаңаны ескімен байланыстыратын процесс, жаңа білім міндетті түрде қандай да бір жеке тәжірибе негізінде (бұрынғы білім) құралады. Өзінің жеке білімін еске түсіру арқылы үйренушілер белсенді түрде өздерінің білімін анықтап, оны талдайды және алдағы уақытта қарастырылатын жаңа мәліметтермен байланыстырады. Сол арқылы олар өз білімінде «бос орындардың» қалмауын қадағалап, білім игеру процесін бір сәтке де тоқтатпайды.
2. Үйренушілер белсенді әрекеттерге жұмылдырылады.
Білім игеру – белсенді әрекет. Саналы білім алу үшін үйренушілер білім игеру процесіне белсенді түрде араласуы керек: ойлау, сөйлеу мен жазу арқылы өз білімдері мен түсініктерін өзгелерге жеткізе білуі керек.
3. Үйренудің мақсаттарын айқындау арқылы үйренушілер ойлау жұмысына ынталандырылады.
Шығармашылық белсенділікті көтеру үшін бұл кезеңде үйренушілерді зерттеу мақсаттарын айқындауға жұмылдыру керек. Өз мұқтаждарынан туындаған, өздері құрастырған мақсаттар үйренушілердің жаңа білімге деген ынталарын еш бәсеңсітпейді. Ал үйренушілердің жеке тәжірибесінен туындаған пікірлер әрқашанда сан алуан болып, сол арқылы оларды пікір алмасуға және пікірталасқа әкеледі. Өз кезегінде көзқарастардың мұндай қарама-қайшылығы әр үйренушіде түрлі сұрақтардың пайда болуына әкеледі. Ал бұл сұрақтарға жауап беру белсенді түрде жұмыс жасауға (ойлау, оқу, жазу, сөйлеу) ынталандырады.
«Мағынаны ажырату» кезеңі (Realization of meaning) жаңа материалды игеруде туындаған сұрақтарға үйренушілердің өз тәжірибелері тұрғысынан жауап беруімен ерекшеленеді.
Бұл кезеңде үйренушілер жаңа ақпаратпен немесе идеялармен тікелей қарым-қатынас жасап, оларды дербес түрде зерттейді, ізденеді.

Бұл кезеңнің басты мақсаттары мынандай:
1. Үйренушілерді жаңа білім игеру жұмысына асқан құштарлықпен араластырып, олардың оқу процесіне деген қызығушылығын арттыру.
Сабақтың басқа кезеңдерімен салыстырғанда мұнда үйренушілер мейлінше дербес болып, ұстаздың араласуын қажет етпей, өзіндік тұрғыдан әрекеттенеді. Олар үйренудің әртүрлі тиімді тәсілдерін қолдану арқылы белсенді танымдық жұмысқа кірісіп, жаңа білім туралы өзіндік түсінік және пікір қалыптастырады. Үйренушілер мұндай жұмысқа жұмылдырылмаса, зерттеудің мағынасы тіпті де жоғалып кетуі мүмкін.
2. Үйренушілердің өзіндік пікір мен түсінік қалыптастыруға ынталандыру.
Белсенді үйренушілер жаңа мәлімет жайлы өзіндік түсінік қалыптастырады. Қажет болған жағдайда олар оны қайта қарастырып, сұрақтар қойып, түсінбеген жерлерін анықтауға тырысады. Мұндай жағдайларда бәсеңді (пассив, ырқы кемшін) үйренушілердің өздері түсінбегенді қалдырып кетуі әбден ықтимал.
«Ой-толғаныс» кезеңінде (Reflection)үйренушілер жаңа мәліметтерді өздерінің бұрынғы білімдерімен (ұғымдарымен) салыстыра отырып өзгертеді.
Осы кезеңде олар сұрақтар, ұсыныстар, пікірталастар, зерттеулер арқылы бұрнағы түсініктерінің негізінде жаңа білім құрастырады. Үйрену дегеніміз өзгеру және өзгерту деген сөз. Өзгеру жаңа түсініктің атаулары мен терминдері, жаңа әрекеттер, білімнің жаңа ахуалы мен жаңа сенімдер тұрғысында болуы мүмкін. Мұндай өзгерістер үйренушілердің бұрынғы білім негізінде жаңа түсінікті қалыптастыру жұмысына белсене араласқанда пайда болады.

Бұл кезеңде мынандай мақсаттар тұтуға болады:
1. Үйренушілер өз ойлары мен түсініктерін өздері игерген мәліметтер арқылы жеткізеді.
Зерттеу және түсінік — өзіндік, дербес ұғымдар. Үйренушілердің есінде өздерінің тәжірибесі, білімі, сөздері арқылы түсінгендері қалады. Жаңа түсінік тек осындай өзіндік контексте пайда болады.
2. Үйренушілер бір-бірімен ой бөліседі.
Пікірлесу арқылы үйренушілерде өзіндік пікірлердің пайда болуына ой талқыда келтірілген көзқарастардың әр түрлігі, сан алуандығы көп септігін тигізеді. Үйренушілердің ой алмасуда әр түрлі пікірлерді келтіруі жаңа мәліметтің игерілуіне жол ашады (4, 15-19).
Соңғы кезде Дэвид Колбтың үлгісі мектепте интербелсенді сабақтар ұйымдастыруда кеңінен қолданылып жүр. Д.Колб идеялары бойынша сабақтың құрылымы мынандай болуы ықтимал:
1. Мотивация және жаңа тақырыпты жариялау – сабақтың 10 % үлесін құрайды.
2. Өткен сабақты бекіту (қайталау) – сабақтың 20% үлесін құрайды.
3. Жаңа материалды меңгеру — сабақтың 50% үлесін құрайды.
4. Бағалау – сабақтың 10 % үлесін құрайды.
5. Сабақты қорытындылау (дебрифинг, рефлексия) – сабақтың 10 % үлесін құрайды (https://ru.wikipedia.org/wiki).

Д.Колб бойынша, сабақ басындағы мотивация кезеңі шәкірттердің назарын зерттелетін тақырыпқа аударып, оларды қызықтырып, жаңа материалдың қажеттілігі мен пайдасын айқындауға бағытталуы тиіс.
Бекіту кезеңі шәкірттердің қызығушылығын арттырумен қатар олардың санасында тақырыптардың жай ғана материалдардың жиынтығы емес, пән ауқымында жүйелі әрі логикалық реттілігі мен бірізділігі бар мәліметтер екендігі туралы ұғым қалыптастыруды мақсат тұтады.
Жаңа материалды игеру (зерттеу) кезеңінде шәкірттер жаңа білім құрастырады. Ұстаз оларға білім игерулері үшін жаңа материалды игеру үшін қажетті сұрақтар мен тапсырмалар ұсынады.
Бағалау кезеңі тексеруге емес, ынталандыруға бағытталғандығы дұрыс. Сол себепті де мұнда өзін-өзі бағалау мен топ жұмысын бағалау секілді тәсілдерді қолдану қажет деп есептейді Д.Колб.
Дебрифинг – сабақты қорытындылау. Сабақтың осы қорытынды кезеңінде ұстаз шәкірттердің пікірін сұрайды (не ұнағандығы мен ұнамағандығы туралы), ұсыныстарын тыңдайды, өткен сабақты қорытындылайды. Осы әрекеттер шәкірттерді әрі қарай оқу материалын өздігімен игеруге ынталандырады.
Әрине, сабақтың кезеңдеріне уақытты жоғарыдай бөлу шартты түрде жүзеге асырылатындығы түсінікті. Ұстаз сабақ тақырыбы мен мақсаттарына сәйкес сабақ кезеңдерінің үлесін басқаша да құрастыруы ықтимал.

Мұнда мәселе Д.Колбтың үлгісін сол баяғы үш кезеңге біріктіруге болатындығында:
1 кезең. Мотивация және жаңа тақырыпты жариялау, өткен сабақты бекіту (қайталау) – 30%.
2 кезең. Жаңа материалды меңгеру – 50%.
3 кезең. Бағалау және сабақты қорытындылау (дебрифинг, рефлексия) – 20%.
Сабақ кезеңдерін басқаша да белгілеп, атауға болады. Бұл жерде барлық пәндер мен сабақтарды біріктіретін, әрі әмбебап, әрі өзгермейтін инвариант жәйт ретінде проблеманы таңдап алуға тұрарлық.
Шындығында да кез келген пән қандай да бір қомақты, ауқымды проблеманы (рухани, моральдық, дүниетанымдық, әлеуметтік, саяси, экономикалық, этикалық, эстетикалық, т.б. деңгейде) жан-жақты қарастырып, зерттеуге арналады. Әрбір сабақ та осы ауқым төңірегінде орналасқан көлемі шағындау проблеманы айқындау, шешу және қолдану мәселелеріне бағышталады: әр сабақта мұғалім мен оқушылар осы әрекеттермен айналысады.
Бұған қоса проблема шеше білу — адамның ең маңызды құзылықтарының бірі. Ақылды деп біз көп білгенді айтпаймыз (онда Интернеттен ақылды ешкім болмас!), ақылды деп проблема шеше білетінді санаймыз. Сондықтан да ересектердің өздері проблема шешуге үйреніп, осы істі балалары мен шәкірттеріне дарытуы керек, өйткені біздің бар өміріміз проблемалардан тұрады. Әр мезетіміз проблема шешуді талап етеді.
Адамдарды екі түрге бөлуге болатын тәрізді: 1) проблема шеше білетіндер, 2) проблема шеше білмей, тек ақталатындар. Мәселен, сабаққа дайындалмай келген оқушыдан «Неліктен оқымадыңыз?» деп сұрасақ, ол бізге 1001 себеп келтірер. Алайда оған өтірік айтып, сұрамшақтанып ар-намысын сатқанша, сабаққа дайындалу арқылы өз проблемасын шешуі анағұрлым жеңіл болар еді емес пе? Бірақ оны ешкім де проблема шешуге ынталандырған/үйреткен жоқ, керісінше, ата-анасы да, ұстаздары да ол үшін оның барлық проблемаларын шешуге ұмтылды. Сол себепті де оқушы ақталуға, сылтау келтіруге арланбайды, оны өзінің заңды әрекеті деп түсінеді де, ал проблема шешуді басқаларға ұсынады.
Проблема шешу дегеніміз не? Проблема шешу – өздігімен (біреудің нұсқауымен емес!) таңдау жасап, шешім қабылдау.
Сонымен, барлық пәндер мен сабақтарды біріктіретін жәйт – проблема. Сол себепті де сабақтың құрылымы да проблемамен байланыстырылуы керек деген ойға тоқталайық.
«Проблема айқындау» кезеңі қарастырылатын мәселе (тақырып) бойынша негізгі проблемаларды анықтап, оларды игеруге оқушыларды ынталандыру, шәкірттердің қызығушылығын оятуға арналған. Сабақтың басы қызығушылықты оятуға, уәждеуге (мотивациялауға), қажеттілік тудыруға бағытталады. Бұл кезеңге сабақ уақытының 10-15% ғана жұмсаған орынды.
Мұғалім бұл кезеңде оқушыларды жаңа білім қабылдауға, түсінуге және игеруге белсенділендіреді. Оның негізгі рөлі — тапсырма құрастырушы, мұнда ол мақсат пен күтілетін нәтижелерді айқындайды, тапсырма мен материалдар ұсынады, жұмыс ретін түсіндіреді, нұсқау береді.
Оқушылар бұл кезеңде тақырып бойынша өз мақсаттарын айқындайды, өз өмірлеріне тікелей қатысы бар нақты проблемаларды айқындайды; проблема бойынша өздерінің бұрынғы білімдерін есіне түсіреді, оларды салыстырады, байланыстырады; «Не білемін?», «Не білгім келеді?», «Мақсатым қандай?», «Жаңа білімнің маған берер пайдасы қандай болмақ?» секілді сұрақтарға жауап іздейді.
«Проблема шешу» — жаңа білімді іздену мен зерттеу кезеңі. Мұнда проблеманы шешу жолдары қарастырылады: материалмен танысу, мазмұнын ашу, оны игеру, сол бойынша жұмыс жасау. Сабақ уақытының басым бөлігі (50-60% дейін) осы кезеңдегі әрекеттерден тұруы қажет.
Мұғалім бұл кезеңде оқушыларға білім алудың белсенді тәсілдерін ұсынады; оқушылардың өздігімен жаңа мәліметті жан-жақты қарастырып, зерттеп, игеруіне қажетті жағдайлар жасайды. Оның негізгі рөлі – көмекші немесе нұсқаушы: ол бақылайды, көмектеседі, консультация береді, бағыт-бағдар сілтейді, ынталандырады, мақтайды, топ/жұп жұмысын үйлестіреді.
Ал оқушылар жекелей, жұппен, топпен жаңа ақпаратпен танысады; мәлімет бойынша пікір алмасады, ой жарыстырады, талқыға салады; жаңа ақпарат туралы өзіндік пікір қалыптастырады; «Қалайша жаңа білімге үйренемін/ оны түсінемін/ игеремін?», «Қандай тәсілдерді қолданған тиімді?», «Бұл мәлімет туралы менің ойым/түсінігім/қатысым қандай?» деген сұрақтарға жауап беруге ізденеді.
«Проблема шешімін қорытындылау» — үйренгенді айқындау және бағалау, проблема бойынша шешім қабылдау, үйренгенді қорытындылау кезеңі. Бұл кезеңде білгенін ортаға салу, қандай ой, пікір, әсер туындағанын талқылау, талдау, қорытындылау жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Бұл кезеңге сабақ уақытының 20-30% жұмсаған дұрыс.
Мұғалім мұнда оқушылардың жаңа мағлұмат бойынша ой қорытып, ол жөнінде өзара пікір алмасу мен талқылауды ұйымдастырады. Ол қалыптастырушы бағалау бойынша пікір құрастырушы рөлін орындайды: талдайды, бағалайды, пікір айтады, кері байланыс береді, қорытындылайды.
Оқушылар осы кезеңде сабақта білгендері мен үйренгенін тұжырымдайды; олардың қолданысы туралы ойланады, пікірлеседі; өзінің жаңа біліміне баға береді; жаңа білімді нақты бір проблема шешуде қолданады; «Не білдім/үйрендім?», «Мақсатыма жеттім бе?», «Мен қалай жұмыс жасадым?», «Бұл білім маған не үшін керек?», «Бұл білімнің қолданысы қандай?», «Бұл білімді ары қарай қалай дамытамын/ жалғастырамын?», «Тағы да не білгім келеді?» деген сұрақтарға жауап беруге ізденеді; сабақта не нәрсеге үйренгендігі және қалайша жұмыс жасағандығы туралы есеп береді.
Енді сабақтың әр кезеңінде қолдануға тиімді тапсырмалар мен әдіс-тәсілдерге тоқталсақ.
«Проблема айқындау» кезеңінде негізгі әрекетке дайындық жасап, «Қалай жасаймыз?» сұрағын талқылауда мұғалімнің мини-лекция оқып немесе видео, слайдтарды оқушылардың назарына ұсынғаны жөн. Ал оқушылардың берілген тапсырмаларды орындауын мынандай тәсілдер арқылы жүзеге асыруға болады: Ми шабуылы, Т-кестесі, Болжау, Кластерлер, Венн диаграммасы, Оңай және қиын сұрақтар кестесі, Ойлан, жұптас, пікірлес, Алдын-ала берілген атаулар, Үлкен шеңбер, Қос шеңбер, Атаулар туралы үш сұрақ, Еркін жазу, Білемін, білгім келеді, білдім, Дөңгелек үстел, Үш қадамды сұхбат, Топтық зерттеу.

«Проблеманы шешу» кезеңінде оқушылардың білімін толықтырып, олардың өздігімен үйренуін қамтамасыз ететін мынандай негізгі әрекеттерді ұйымдастыру керек:
— постер дайындау (тізім, деректерді жіктеу, алгоритм құрастыру, тірек сызбалар, схема, кесте, диаграмма, кластер, менталды карта, кроссворд, сканворд, ребус, суреттер, көрнекі құралдар, стенд баяндамасын дайындау),
— комикстер жасау,
— слайд жасау,
— сахналау (рөлдерге бөліп ойнау, жағдаят құрастыру, ойнап шығу),
— ғылыми-зерттеу жобасын дайындау (баяндама, мақала, реферат, аннотация, рецензия, гипотеза),
— эксперимент, тәжірибе жасау,
— бірін-бірі үйрету (Жигсо, т.б.),
— пікірталас, дебат, дөңгелек үстел, ток-шоу өткізу,
— видеофильм, ролик, жарнама түсіру,
— есептер/жаттығулар жинағын құрастыру,
— тест сұрақтарын құрастыру,
— шығармашылық жұмыстар: эссе, РАФТ, сценарий жазу,
— оқу, рөлдік, іскерлік ойын дайындау және өткізу, т.б.
«Проблема шешімін қорытындылау» кезеңінде екі әрекетті жүзеге асырған дұрыс. Олардың біріншісі негізгі әрекетті талдау және бағалаумен байланысты болуы керек. Мұнда сынып «Қалай жасадық, орындадық?» деген сұрақты талқылап, өз әрекеттерін бағалауы керек. Бұл үшін оқушылардың жұмыс нәтижелерін жариялау, таныстыру, оларды талдау/талқылау, бір-біріне кері байланыс беру әрекеттерін ұйымдастыру керек.
Бұл кезеңдегі екінші әрекет бағалаумен байланысты, яғни мұнда оқушылардың не үйренгендігін айқындау, рефлексиясын тудыру. Бұл мақсатта оларға жеке жазу жұмысын ұсынған орынды. Жазу арқылы біз әр оқушының сабақ тақырыбын түсіну деңгейі мен сабаққа қатысу дәрежесін білуімізге болады. Оқушыларға жазу жұмыстарының мынандай үлгілерін ұсынуға болады: эссе, хат жазу, өлең, есеп беру, есеп шығару, жаттығуды орындау, тестілеу, шығармашылықпен құрастыру: критерийлер, тест сұрақтары, кесте, есеп, ереже, анықтама, нұсқаулық, алгоритм, менталды карта, диаграмма, семантикалық карта, т.б.
Мектепте кез келген сабақта мұндай құрылым мен іс-әрекеттерді қолдануға болады деп есептеймін.

Қолданылған әдебиет тізімі

1. Жанпейісова М. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде. /Аударған Д.А.Қайшыбекова/. — Алматы, 2002. — 180 б.
2. Мирсеитова С.С. Становление и развитие философии учителя: гуманистическая парадигма. – Алматы: Верена, 2008. — 260 с.
3. Пиаже Ж. Речь и мышление ребенка/ Пер. С фр. и англ. – М.: Педагогика-Пресс, 1999. – 528 с.
4. Стилл Дж., Мередит К, Темпл Ч., Вальтер С. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту құрылымының оқу жоспары. Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарлама жобасы үшiн дайындалған әдістемелік құрал. – Алматы, 1998. – 33 бет.
5. https://ru.wikipedia.org/wiki.

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА