26.04.2024

АҚШ-ТЫҢ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ТОСЫН РЕФОРМАСЫ 

Біз білім және ғылым саласындағы реформалармен басымыз қатып жүрміз. Басқа дамыған елдерде, мысалы АҚШ-та бұндай реформалар қалай жүретінін қарап көрейік.

Америкада білім беру саласында өте ерекше және ақылмен ұйымдастырылған үлкен реформа жүріп жатқанына, міне, жарты жыл болды.

Бұны ұйымдастырған кісі кім? Сіз мүмкін таң қаларсыз, бұны ұйымдастырушы мемлекет, ғалымдар, сенаторлар мен әкімдер емес, ертеректе қайтыс болып кеткен Стив Джобстың әйелі — Лорен Джобс.

Елдің қамын ойлап қаймыққандықтан ба, мемлекеттің білім беру саласындағы шарасыздығынан шаршады ма, әлде аты әлемге әйгілі реформатор күйеуінің жолын жалғастырғысы келді ме, белгісіз, тез арада бұл саладағы тізгінді өз қолына алып көш бастап кетті.

Өткен жылдың қыркүйегінде ол Америкада кім «жаңа Супер Мектептің» ең үздік жобасын ұсынса, соған 50 миллион доллар сыйақы берілетін XQ жобасын жариялады. Жобаның ерекшелігі сол, онда ешқандай жеке дара кісілердің ұсынатын жобалары сайысқа қатыстырылмайтын болды.

Себебі білім беру жүйесін мелекет бойынша реформалау үшін БІР ҒАНА АДАМНЫҢ ақыл-ойы ЖЕТКІЛІКСІЗ, бұндай реформаға миллиондаған адамдар қатысып, кең талқылауға түспесе жақсы нәтиже шықпайтыны белгілі. Бұған біздің елдегі жеке дара «реформаторлардың» жіберген және жіберіп жатқан қателіктерін мысалға келтірмей-ақ қояйық. АҚШ-тағы бұл реформа қазір ұлттық қозғалысқа айналып кетті.

Бұл қарапайым әйел қандай қадамдар жасады? Сайысты бірнеше кезеңге бөлді. Қатысу үшін тапсырыстар 2015 жылдың 15-қарашасына дейін қабылданды. Эскиздарды қабылдау 11-ақпанға дейін, сайысқа қатысуға шақыру 4-сәуірге дейін, финалға қатысушыларды іріктеу 23-мамырда, жеңімпаздарды жариялау 2016 жылдың тамызында жүзеге асырылады деп жоспарланды.

Бұл сайыстың тағы бір ерекшелігі — 50 миллион долларды ең үздік 5 жоба бөлісіп алады, бірақ бірден емес, жылына 2 миллионнан 5 жыл бойы беріледі. Бұл да коррупцияның алдын алуға бағытталған, ақылмен ұйымдастырылған жақсы шара деп ойлаймын.

Екіншіден, ақшаны бірден беріп тастаса, үздіктер тез тойынып, оттары өшіп қалуы мүмкін, сол себепті бұл реформа жалынын 5 жылға созу халықтың қызығушылығын сөндірмейді, керісінше, үдете түсетіні анық.

Нәтижесінде не шықты? Сайысқа қатысу үшін бүкіл Америка бойынша 70 мыңдай қатысушыдан тұратын 2 мыңнан астам топтар өздігінен құрылып, саны өте көп жобалар ұсынылды.

«XQ Супер Мектеп» жобасының қатысушылары мынадай негізгі сұрақтарға жауап беруі тиіс:

  1. Зерттеулер мен болжамдар. Бұнда 21-ғасыр оқушыларына не оқытылуы тиіс және қалай оқытылуы тиіс деген сұраққа ұсыныстар жасалуы керек.
  2. Дизайн. Мектептің міндеті қандай? Сіз қандай ғимарат тұрғызғыңыз келеді? Бүгін және ертең білім беру саласында қандай шаралар нәтижелі болады? Оқушыларды қалайша өз бетімен оқып білім алуына ынталандыруға болады?
  3. Даму. Оқушыны қалай дарынды қылуға болады? Мектептегі басқару және білімді бағалау жүйесін қалай жетілдіруге болады? Оқушы нені, қалай және қайда оқуға міндетті деген қалыптасқан жүйені қалайша белінен сындыруға болады? Білім беру технологияларын уақыт және кеңістікпен қалай ұштастыруға болады? Мектеп қалай басқарылады?
  4. Қорытынды сұрақ: Кезігетін қиындықтарға қарамай, өзіңіз армандаған мектепті жасап шығуға қаншалықты дайынсыз?

Көптеген қатысушы топтар сайыстың аяқталуын күтпей-ақ өз мектептерінде өздері армандаған өзгерістерді өз қолымен енгізе бастады. Оқушылардан кең тақырыпта сұраулар ұйымдастыру арқылы оқу үрдісін қалай ұйымдастыру жайлы пікірлерін білді.

Оқушылардың негізгі талаптары мынадай екен:

  • Оқу үрдісіндегі лекциялар мен тестілерді кейстер мен жобаларға алмастырса
  • Тыныш бөлмелерде бір-бірімен сайысатын кішігірім топтарға бөлініп оқыса
  • Сыныптар қолмен жұмыс жасауға кең мүмкіндік беретіндей жақсы жабдықталса
  • Оқытушылар білімді бағалаудың орнына тыңдап және түсіне білетін кеңесші қызметін атқарса
  • Мектеп спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін кең алаңдармен және тренажерлармен жабдықталса
  • Сыныптар жабық емес, ашық кеңістікте орналастырылса

Осылайша, бүкіл Америка бойынша жақсы қаражаттар табылды және осындай жобаларды іске асыруға кеңінен жұмсала бастады. Сайысқа қатысушылар өз жобаларының ерекшеліктері мен артықшылықтарын тек қағаз жүзінде ғана емес, іспен де көрсете бастады. Ешкім де бұлай істеуге болмайды, бұған заң және ережелер рұқсат бермейді деген жоқ, жоспарларын жүзеге асырып бағуда.

Ең қызығы, бұл сайысқа қатысып жатқан жергілікті мектептердің директорлары мен оқытушылардың аузынан біздің мектеп енді бұрынғы оқыту жүйесіне ешқашан қайтып оралмайды, біз жақсы бағытта үлкен өзгерістерге ұшырадық, енді осы бағытымыздан таймаймыз деген жалынды сөздер шығып жатыр. Бұл қатты қуантатын жайт.

Дәл қазір жартылай финалға 50 үздік топ жарып шықты, енді олар бір-бірімен жарысады. Америкалықтардың пікірінше, осы жоба арқылы мемлекет ескі мектеп философиясын жаңашаландырмаса, басқа елдерден артта қалып қоюдың үлкен қаупі тұр.

Қорытындылай келсек, бұл жоба неліктен XQ деп аталатынын білесіңдер ме? Себебі қай топ және қандай жоба үздік шығатыны белгісіз, сондықтан «Х» деп белгіленді. Қай топ осы белгісіз «Х»-ті тапса, сол үздік шығады. Бары осы.

Жобаның сайтын мына сілтемеден табасыз:

https://xqsuperschool.org/

Дайындаған: химия ғылымдарының PhD докторы Мади Өмірзақ.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА