26.04.2024

Айгуль Омарова. Мектептегі бір күнім

…Сен терек, мен-қайың
бүр ашқан…

Дәл қазір қолыма қалам алып, ойым сан жаққа жүгіріп отырғанда, сағымдай болып алыста қалған балалық бал дәуренім есіме оралады.
Түседі еске жалаң аяқ күндерім,
Ақ сүйекті ала қашқан түндерім.
Сол қашқаннан мол қашыпты балалық,
Қайда екнін әлі күнге білмедім,-деп, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, Қазақстаның сонау шығысындағы Тарбағатай тауының баурайында жатқан кішкентай ғана Тасбұлақ деген туған ауылымның елесі көз алдымнан бір көлбеп өте шықты. Ұлылардың мекені болған Семейдің бір ғана пұшпағы-осы менің туған ауылым. Онда менің балалық шақ күндерім қалды. Білм алған сүйікті де сәулетті мектебім қалды. «Әлі есімде мектепке алғаш барғаным, сөмке асынып,дәптер, қалам алғаным»,-дегендей, алғаш табалдырығын имене аттаған шәкірт, бүгінгі ұстаз, алтын ұясы туралы кеудені кернеген сырын ақтарса, онысы сағынышқа тұнып тұрса, жүректің нәзіктігі деп бағаларсыздар. Дегенмен де, сіздерге бүгін менің ұстаздық жолға бет бұруыма ықпал еткен ұстаз құдіреті туралы сыр ақтарғым келіп отыр. Сыр болғанда қандай?

Бала қиялым шарықтап, айналама пәк, іңкәр көңілмен қарап, алаулап жүрген шағым еді. «Болашақта кім боласың?» деген сауалға ойланбастан «Геолог боламын»,-деп жауап беретінмін. Неге екенін осы күні ойласам, өзім де білмеймін. Албырттығым болар. Сондай күндердің бірінде қазақ тілі сабағы еді. Сегізінші сыныпта оқимыз. Жаңа оқу жылы басталып, жаздың қызығын айтып тауса алмай жатқан кездеріміз ғой. Класқа ұзын бойлы, қыр мұрынды, кең маңдайлы әдемі жігіт кіріп келді. Үн-түнсіз тына қалдық. Өзін «Іргебаев Ербол Сләмұлы» деп таныстырды. Бізге қазақ тілі мен әдебиетінен жаңадан келген мұғалім екен. Міне, сол күннен бастап менің әдебиетке деген құштарлығым ояна бастағандай болды. Ербол ағайдың әр сабағын асыға күтетінмін. Тілмен айтып жеткізе алмаймын. Бұның өзі ұстаз құдіретіне табыну емес пе?! Шығарма жазуға алғаш үйреткен де ағайыма мен мың алғыс айтамын.

Қазақ тілі сабағы еді. Тақтаға жазғы жайлаудың тамаша көрінісін бейнелейтін сурет ілді. Тапсырма-сурет бойынша әңгіме құрау. Сонда мен ақ қағаз бетіне: «Тамылжыған июнь айы. (Ол кезде қазақша ай аттарын білмейтінбіз. Кеңес дәуірі еді ғой) Жер дүние жасыл түкті кілем жайғандай құлпырып тұр!»-деп жазғаным есімде. Жайымен класс ішін аралап жүрген Ербол Сләмұлы менің қасыма келіп кілт тоқтай қалды. Сосын көтеріңкі дауыспен: «Міне тамаша! Қандай жақсы теңеу, эпитет!»,-деді. Ол кезде теңеу, эпитеттің мағынасына түсініп жатырмын ба, әйтеуір менің жазғанымды ұстаз көңілі ұнатып тұр. Дәл сол сәтте ұстазымның сиқырлы сөзінен қанаттанғандай қаламым желдей есіп кетті. Бұдан кейін мен газеттерге талай мақала жаздым. Балғын жүрегімнен шыққан балауса жырларыма талайлар куә болды. Жазған шығармаларыма таңдай қаға тамсанғандар да болды. З.Кабдоловтың «Сөз өнерін» парақтай отырып, ұстазым айтқан теңеу, метафораның сырына бойладым. Бір кездегі өзім айтатын геологтың таяғын ұстазым секілді әдебиетшінің қаламына ауыстырып та жібердім. Қуансам да, жабырқасам да, қайғырсам да, қағаз бетіне түсіріп, ұстазыма алып жүгіретінмін. Үлкен өмірге қанат қағып ұшарда да: «Мен сенем! Сен әдебиетші боласың!»,-деп дем берді.

Институт қабырғасында абайтанушы ғалымдар Қайым Мұқаметханов, Төкен Ибрагимов, филология ғылымының докторлары Төкен Жұмажанова, Қуандық Мәшһүр-Жүсіпов секілді біртуар ұстаздардан тәлім алдым. «Өзіміздің Ерболдың шәкірті екенсің ғой. Бәсе, бәсе, Ерболдың қолтаңбасы сайрап тұр!» деген қошамет сөздер көңілімді марқайта түсетін. Ұстаз құдіретіне табынып:
Ғалым да, шахтер де бас иетін, Ұстазым, бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді-ау асыл бейнең,-деген өлең жолдары бүгінгі менің сағынышқа толы жүрегімнің пернесін дәл басып тұрғандай.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып,-демекші, Ұстазымның асыл бейнесі, алтын сөзі жүрегімде жатталып қалды. Ол-мәңгі өшпейтін алау!
Сезімнің басып пернесін,
Қыл қалам енді сөйлесін,-деп,шығысқа шарықтаған ұшқыр ойым батысқа қарай ойыса береді. Неге дейсіздер ғой, киелі Маңғыстау жеріндегі аядай ғана Қызылөзен ауылында мен ұстаздық деген ұлы жолдың бастауын бастадым. Енді бүгін алдымда жанарлары сырға толы шәкірттер отыр. Оларды өмір жолына бағытап, баптап ұшыру абыройлы борышымыз екенін білеміз. Сабаққа кірерде ұстазым: «Міне керемет! Міне тамаша!»,- деп тұрғандай болады. Шабыттанып кететін кездерім де аз емес. «Ой, Семейдің қызы, сонда оқыған»-деп, ешкім көзге шыққан сүйелдей шұқымасын деймін.
Абай:
Талаптың мініп тұлпарын,
Тас қияға өрледің,-десе, сол талаптың тұлпарына, жүйрігіне мінбесем де, барынша талаптанып, өмірдегі өз жолымды тауып келемін.
Ұстаз болу- жүректің батырлығы,
Ұстаз болу- сезімнің ақындығы,-дегендей, Ұстаз болдым, жүрегіме бағынған батырлық емес пе?! Бүгін жан сырымды қалам ұшында тербетіп ақтарғаным сезімнің ақындығы емес пе?! Бір кезде ұстазым маған үмітке толы жанармен маған қараса, енді бүгін мен де алдымдағы қара көз Бақытжамал, Әдемі, Мерейлерден үлкен үміт күтемін.
Ұшқыр қиял кетті мені көтеріп,
Бір бойымда күш-қуатым жетерлік.
Жер бауырлай төмен ұшқым келмейді
Өйткені мен Семейлікпін, Семейлік!
Жүрегімді тербеткен жан сырымды дәл басып жеткізе алдым ба, білмеймін. Артық айтсам, кешірерсіздер. Ал жетпей жатқан жерім болсы:
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс,-деп ұғарсыздар.

Мектептегі бір күнім

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА