27.04.2024

Мұхтарбай Өтелбаев. ҰРПАҒЫМЫЗ БІЛІМДІ БОЛСЫН ДЕСЕК…

Қазақта «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар. Саналы ғұмырын математика ғылымына арнаған физика-математика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі Мұхтарбай аға ӨТЕЛБАЕВПЕН сұхбаттасуды жөн көрдік.
 
– Мұхтарбай аға, бала кезіңізде қандай болдыңыз? Өскен ортаңыз жайлы сөз қозғасақ.
 
– Мен қарапайым малшының баласы болдым. Бала кезімде мектеп табалдырығын аттағанша жаз жайлауда, қыс қыстауда тұратынбыз. Мен өскен өңір Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Сұлутөр елді мекені еді. Бала кезімде жаман бала болмаған сияқтымын (академик жымиды). Әкем құдай деген адам еді. Үздіксіз намазын оқып, еңбекқор болатын. Анам да жақсы адамдардың қатарынан. Бізді тәрбиелеп өсірген жақсы адамдар еді. Әкемнің бұрынғы отбасынан бір ұл, бір қыз қалған екен. Жары қайтыс болған. Ал, анамның бірінші жары қуғын-сүргінге ұшыраған. Ол кісі де бір қызымен қалған. Ол балалар қазір дүниеден өткен. Бірақ ұрпақтары бар. Әкем мен анамнан бірге туған төрт бала қалдық. Екі ұл, екі қыз. Менен үлкен ағам қайтыс болған. Ал қарындастарым тұрмыста, ауылда тұрады.
 
– Сіз саналы ғұмырыңызды математика саласына арнадыңыз. Бұл саланы таңдауда қандай сыр бар?
 
– Математиканы таңдағаныма керемет бір себеп жоқ. Бірақ соған қабілетті екенімді байқадым. Ол кезде математика пәнінен берген ұстаздарымыз, заманның қиын кезі болғандықтан жоғары білім алмаған екен. Жоғары білім алмаса да ол кездегі мұғалімдердің өте дарынды болғанын бұл күнде біреу білсе, біреу білмейді. Қызметтеріне өте берілген, еңбекқор кісілер еді. Өздері үнемі ізденіп, талаптанып жүретін. Сабақтарын қызықты өткізіп, әңгімелеп отыратын. Өмірлерін шәкірт пен мектепке арнаған мұғалімдер еді. Ол мұғалім мен қазіргі мұғалімнің деңгейін салыстырсақ, ол кездегі мұғалімнің оқушылар алдында деңгейі жоғары еді. Неге? Сол уақытта мұғалім деген құрметті мамандық болған. Өткен ғасырдың 1970 жылдарға дейін мұғалімдерді қадірлейтін. Ауылды жерлерде басқа адамдардың тұрмысына қарағанда, мұғалімдердікі жақсы болған. 1970 жылдардан кейін мұғалімдердің қадірі кете бастады. Шыны керек, колхоз, совхоз активтері мұғалімдерді менсінбейтін. Мұғалімдердің жалақысы азайды. Міне, сол заманда олардың қадірі жоғалды. 
Біз ел боламыз десек, ең алдымен мұғалімнің жағдайын жасауымыз керек. Біз он жыл дұрыс білім бермесек, білімсіз буын пайда болады. Оны түзету үшін жүз жыл кетеді екен. Он жыл өндірісті тоқтатып, он бірінші жылы іске қоссақ оны ары қарай жүргізуге болады. Ал білімді олай алып кете алмайсыз, түбірі болмаса. Қазір біз «баю керек» деп көп айтамыз. Әлбетте баю керек. Бірақ халық өзінің кім екенін, салт-дәстүрін және өзгелердің алдында ұялмайтын білімін сақтап қалу қажет. Ең бастысы тәрбиені ұмытпауымыз керек. Халықтың интеллектісін көтеру – міндет. Дінді де дұрыс түсіне білсе. Қазір Қазақстанға келіп жатқан адам да, хабар да, зат та көп. Ең бастысы осы келіп жатқан дүниелердің артында не тұр, соны анықтап түсіну. Қазір Еуропа қартайған ел. Мысалы жігіт пен жігіт, қыз бен қыз тұрмыс құрып жатса қайбір жақсылық дейсіз!
 
– Елімізде ғылым беделі, ғалым абыройы деген ойды жалғастырсаңыз.
 
– Нағыз ғылыммен беріліп айналысып жүрген адам – кедей. Еуропада ұлы ғалымдардың ішінде аштан өлгендері бар. Ғылыммен айналысу үшін қаражат керек. Ал бізде ғылымға бөлінген ақшаға «жүгіру» керек. Ғалым ақшаның артынан ғылымын тастап жүгірмейді.
Ал ғалымсымақтар біреудің жұмысын көшіріп алып, «мен мынаны қиратып жатырмын, бүйтіп жатырмын» деп қаражатқа қол жеткізіп жатқандар жоқ емес.
 
– Әлемдегі ғылым мен техниканың дамуы жылдам. Біздің ғылым саласы осы жылдамдыққа ілесе ала ма? Қазақ ғылымының болашағы қандай?
 
– Математика мен физика туралы айтсам, қазір ғалымдардың көпшілігі елуден асқан. Тіпті жақсы ғылымға берілгендері алпыстан асқан. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тоқырау басталғанда ғылым әлсіреді. Мемлекеттің тоқырауы он жылға созылса, ғылымның тоқырауы отыз жылға созылып кетеді екен. Себебі буын үзіліп қалады. Үзілген буынды жалғау қиын. Бірақ үш-төрт жылдан бері ғылымға деген ұмтылыс басталған еді. Қазір қайтадан тоқтап қалған сияқты. Бізде академия бар еді. Академия біз сияқты адамы аз елге керек.
 
– Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына автономия беру туралы сөз қозғады. Пікіріңіз қандай?
 
– Ірі жоғары оқу орындарына автономия беруге болады. ЖОО-да нағыз демократия болу қажет. Әйтпесе дұрыс дами алмайды. Университет басшысы сырттан емес, сол университет қабырғасынан шыққан ғалым және оқу орнына жаны ашитын адам болу керек. Мен МГУ-да математика факультетінде білім алғанда, декан және кафедра меңгерушісі жоғары деңгейдегі ғалымдар еді. Ұсақ шаруалармен араласпайды, тек жақсы идеялар беріп отыратын. 
Бізде Кеңес үкіметі кезінде академия болғанда, демократия сұмдық еді. Бәрі жасырын дауыс беру арқылы шешілетін. Орталық комитет қанша жерден академия басшылығына жоғарыдан адам жіберсе де, академия дауыс беру арқылы қалаған азаматты сайлап алатын. Университетті жекеменшікке ауыстырамыз десек, оқу орнының ғылыми кеңесін жасырын дауыс беру арқылы сайласа әңгіме өзгеше. Ал, жоғарыдан сайланса солардың сөзін сөйлеп, диктатор болатыны белгілі. Ал диктатор ғылым дамуына жол бермейді. Өзін ғалым санап, нағыз ғалымдарға кедергі келтіреді. Қанымызда қызғаншақтық бар.
 
– Асқар Жұмаділдаев: «Америкада 1-сыныптың оқушылары талап бойынша бір жылда 100 сөзді жатқа білуі керек, 2-сыныптағыларға тапсырма 200 сөзден аспайды. Біздің оқулықтар балаларды 6 жастан ақындыққа баулиды» дейді. Ал сіз ше?
 
– Бір жолы бірінші сыныпқа оқулық жазсам ба деген ой келді. Екі-үш жолдан ары жаза алмадым. Баланың психологиясын, жанын білмесек, түсінбесек жаза алмаймыз. Оқулық жазу – қиын мәселе. Оқулық қалай жазылса да кемшілік болады. Дүние жүзінде қазір көп оқулық жазылып жатыр. Солардан тәжірибе алып жазса. Жазылып жатқан ең үздік оқулықты аударсақ артық болмас. Ағылшындар мен Қытай елі өте тәжірибелі емес па? Солардан үйренсе. Немесе бұрынғы оқулық жазған тәжірибеге сүйенсе де болады.
 
– Ата-ана баланы қалай тәрбиелеу керек?
 
– Адамға Алла тағала ақыл берген. Сондықтан баланы тәрбиелегенде өз ісіне жауапты болуын міндеттеу керек. Соны бала түсіну қажет. Тағы адалдық бар. Адал адам кейін о дүниелік болғанда да, басқалардың алдында жоғары тұрады. Өлсе де сыйлы болады. Ата-ана соны түсіндіре білсе! Адал адам халыққа пайдалы болады.
 
– Арманыңыз бар ма?
 
– Тәуелсіздігіміз баянды болып, дәстүрімізді сақтап қалсақ деген арманым бар. Бірақ жастар өзгеше ойлайтын секілді. Зәулім үй, керемет көлік – бәрі уақытша екенін кейін түсіне жатар. Өзім көлікке қызықпаймын. Жаяу жүруге немесе таксимен жетуге тырысамын. Өйткені көлігіңіз барған жерге, такси де барады. Көлікке май құю, дөңгелек керек, салығыңыз бар дегендей бәрі қаражат шығыны. Қоғамның, жастардың ниеті түзу болса деймін. Дүниенің түбіне ешкім жетпеген.
 
– Оқырмандарға тілегіңіз.
– Ұрпағымыз білімді болуын қалаймын. Денсаулық және қазаққа жетпей жатқан патриоттық сезім болса деймін.
 
Сәния СҮЛЕЙМЕН,
bilimdinews.kz
 
-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА