16.06.2024

Құрманғазы Жұмағұл. Жатбауырлық

(новелла)

Қала ақшамы қызылды-жасылды мың сан сәулелермен құбыла, жайқындана паң күледі. Буалдыр көк жүзінен алып жұлдыздардың ғана сәулесі жарқырап көрінеді. Сол нән жұлдыздырдың қалқасынан жылт еткен әлсіз сәулелер бір сәт көз арбайды да, бұлдырай сағымданып кетеді. Зәу биікте салтанат құрған жұлдыздарға қарап ұзақ телміремін. Жер бетіндегі жұмыр басты пенделердің маңдайына жазылар бір тағдырдың болатыны сияқты, анау жұлдыздардың да өзіне ғана сыры мәлім тағдыры бар шығар, ә?! Шынымен де, оларда жаратқанның бір тылсым, сырлы құпиясы ғой. Оларда да өмір бар-ау! Оларда жылап, қайғырады, оларда шаттанып, қуанады. Жаратқанның жаралған дүниесіне тән етіп берген екі-ақ нәрсесі бар. Ол қайғы мен қуаныш. Табиғат атаулының жанды-жансыз жаралған дүниесінің әммесі түгел қайғырады, жылайды. Жылағандарды кім жұбатар екен… Осылай шым-шытырық, мәнді-мәнсіз, түп-тұңғиығы жоқ қорғасындай ауыр қиялдарға тұншығып мен отырмын. Неге екенін қайдам, есімнен осы бір оқиға шықпай қойды.
Көше қиылысына орналасқан аты дардай азық-түлік дүкені. Дүкен маңы ыбыр-жыбыр қала тұрғындары. Дүкен есігінің түбін ала банкомат орналасыпты. Кезекке тұрған жұртшылық банкоматтан шытырлаған көк қағазды шығарып алады да, асығыс жолына түседі. Дүкен баспалдағы мен банкоматтың аралығындағы бұрышта жұпыны киімді, жүдеу ер кісі отыр. Бұл кім дерсің? Бұл көрінген жерге отыра қалып, алақан жаятын кәдімгі қайыршыдағы… Құнжия түсіп, сол қолын бұтына қысып, оң алақанын жайған күйі алға созып, қимылсыз қатып қалған бір бейне. Бет әлпеті тым жүдеу. Пышақ жанығандай арсиған жағы сорайып, алға оза, сүйірлене біткен иегіне жарастық бермей, жатбауырланып тұр. Сол сүйірлене біткен иегіне антұрғанның сақалындай андыздаған жирендеу түк, арса-арса жүзіне айбаттан гөрі, жүдеулік, жоқтық, ғаріптік елестетеді. Иегін тізесіне қойып, үнсіз мүлгіген бір бейне, бір пенде…
Қарашаның дымқыл, сызды ауасы тірі жанға жонын беріп, тоңазып тұр. Осыдан екі -үш тәулік бұрын жауған алғашқы қар жылт ете қалған күн көзінен ұяла терлеп-тепшіп, жер қойнына сіңіп кеткені болмаса, сызды дымын, шым-шым салқынын жоймаған. Қас қарая, ақшам түсе жан біткенді бүрсеңдетіп, қойын-қонышын қымтандырады. Осы сызды жерге жамбас қойған қимылсыз бейнеге қарап алғашында ішімді бір пенделік күпіршілігім жеңіп, мырс ете қалдым. Басын жерге сала, көзін тарс жұма мүләйімсіген мынаның алақанына он теңгені сыңғыр еткізсең, жалған мүләйімдіктен арылып, орнынан атып тұрып, жұмған көзін бадырайта, міңгірлей рахмет айтар еді. Өзінің әккілігін қара! Орынды әдемі таңдапты. Табысы жаман емес-ау, жаман емес! Әй, мынауың біз сияқты тесік қалта студентке пысқырыпта қарамайды сәлден соң… Мынадан қызғанайын дедім. Ақша сорлы не істетпейді адамға. Ананы жұлқып тастап, беті-ауызыңды бояй салып, тілемшілік жасағың да кеп кетеді екен, мыналардың табысын көргенде… Қайтейік… Құдай нысап берсін! Сап, сап нәпсім, сап!!!
Енді нығыздана, дәнышпансый бастадым. Содан өзге әдетімізде шамалы ғой. «Аяқ-қолы балғадай бола тұра, жалған мүләйімсіп, алақан жайып, нәпақа тапқанды салтқа, тіршіліктің көзіне айландыратындар күн санап қаптап барады», – деп бір кеттім. «Жетімін жебеген, жесірін жылатпаған бабаларымыз да мұндай салт тарихта болды ма?»,- деп екі кеттім. Осылай ойладымда ананы алакөзіммен ата, қораздана: « Алдамшы! Азғын!», – деп мұрын шүйірдім. Сөйттімде ананың бүріскен тұрқынан аса, паң қарадым да, аяғымды шірей, нығыздана басып жүріп кеттім.
… Жүріп бара жатып, он-он бес қадам алыстай бере өзіме-өзім күбірледім. «Әй, осы меніңкі дұрыс па? әлде…? Меніңкі астамсыған пендешілік емес пе? Неменеге жетісіп нығазданам? Неменеге шіренем?». Ойласам, шыныменде астамсыппын. Күпірлік ой екен. «Қооой, астамсығанымды құдай кешсін! жаратқанның бір мүсәпір пендесі шығар», – деп, ақша қапшығыма үңілдім. Қарасам, асқан-тасқан «байлығым да» жоқ екен. Он теңгеліктен бірнешеуін қолыма алып, кінәлі жандай аяғымды санап басып барып, әлгінің алақанына сырғыта салдым. Түр әлпеті қалай өзгерер екен деген арам пиғыл тағы жеңіп барады. Жоқ, қозғалмайды. Шын мүсәпір сияқты. «Міне, қара, ақша бердім», – деймін бе? Ол үндемегесін менде жолыма түстім.
Қызық. Маған әдейі қырсығып отырғандай не болмаса менің әлгіндегі астам қылығымды оқып қойғандай мынасы несі? Көше бойлай алақан жайғандарды білеміз ғой. Алақанына бірнеше темір тиынды сыңғырлатсаң, сарнайды-ай келіп. Өздерін тойға апарып бата бергізер ма еді. Қазақ сөзінің ең бір құнарын, мәйегін естисің. «Көсегең көгерсін! Өркенің өссін! Жортқанда жолың болсын!», – дей ма, құдай-ау! Өңкей бір шешен тілділер! Қазақ тілінің көсегесі қайыршылық деңгейге түскеннен сау ма депте қаласың! Мен бірде базар маңындағы көшелермен қаңғалақтап келе жатыр ем, аса таяғына сүйенген кексе тартқан айел кісі: « Қайырым етіңіз?! Қайырым етіңіз?!»,- деп сарнап тұр екен. Мен асығыс өте беріп едім: «Әй, көргенсіз, жарымағыр неме!»,- деп қара тізімдікке бір-ақ сырғаны. Құлақ құйқам шымырлап, жүзім дуылдап кетсе де, кексе тартқан кемпірге не дей аламын. Елемеген боп ілгері тарттым. Ал, мынанікі ол пенделіктен аулақтау ма, қалай?
Енді мынаған ішім жылып, мүсіркей қарадым. Аулақтау барып, ақырын бақтым. «Не істер екен? Қалтасы қампиған соң қалай қарай зытар екен? Соны білейінші»,- дедім де соңын бақтым.
Дүние-ай, деші! Мынау маңдайшалығы жалт-жұлт еткен даңғарадай дүкеннің есігінің түбінде алақан жайған бейбақ, аш өзегіне түскен мүсәпір отыр десе кім сенеді. Азық-түлік дүкенінен найқала басып не бір нән кісілер шығады, кіреді. Көшені бойлай өкшесі жер тесердей тықылдаған не бір сылаң сұлуларда, қарқылдап, мән-мағынасыз жеңіл сөзге масаңсыған жастарда, аяңдай бой сергіткен ата сақалы ауызына түскен қарияларда өтіп жатты. Бірі, асығыс. Бірі, нарау. Енді біреулері, паң, астам, шіренген. Бәрі де бір көк тіреген пенделер дерсің. Аяғының астындағы тас боп қатқан тағдырлы пендеге, көзінің қиығын салуға мұрса жоқ. Аяғының астында иненің жасуындай алтын жатса, маңдайдағы анау шелді көз шырадай жынып, дүниебоққа қалай қызығар еді, ә!?
…Қарай-қарай көзім талды. Тас болып қатқан бейне. Тық-тық еткен аяқ дыбысы. Мән-мағынасыз масаң күлкі. Нарау тартан көше көрінісі. Ештеме өзгермеді. Менде тайып тұрдым. Ішімде екі-ақ түрлі ой кетті. Пенделердің індіні бұзылыпты. Айналасындағы аш жалаңаштыққа еті үйренген, өзін қоршаған дүниенің былығы мен шылығына еті өлкен тасбауырлық жайлап келеді екен…
Түн қызымен бірге түнеп, нарау атқан ақтамақ ақтаңды тағы да қарсы алдым. Неге екені белгісіз кешегі азық-түлік дүкенінің маңайына бардым. Еріншектеу есінеп, көзімді ұқалай дүкен жаққа қарап едім, дүкен алды үйме-жүйме адамға толы екен. Қасқан капкасы көк тіреп бірнеше сақшы жүр. Асығыс жүгіріп менде бардым. Бір нәрседен құр қалғандай кимелеп, алға оза мойын создым.
«Өліп қалыпты ғой… байғұс-ай…., обал болған екен… иманды болғыр-ай!» деген мүсіркеу үндер естіледі әйелдер жақтан. Кенет біреу даңғырлай сөйлеп: « ой, мұны осы жерден алдыңғы күні көргем. Әнеу бұрышта бүрісіп отырған, бейшара!»,- деді. Мен де оны осы орыннан кеше кеште көрдім. Сонда барып басыма тоқ ұрғандай ауыр салмақпен бір ой сап етті. Ол осы орында айналасына көз қырын салмайтын, мүлдем тасбауыр, көрсоқыр қоғамнынң кесірінен екі күн бойы жатыпты. Ой, сұмдық-ай! Жерде мен кеше ғана алақанына салған бірнеше темір теңгелер шашылып жатыр. Ол баяғыда мынау тиындарға телмірген дүниені талақ етіп, қам-қайғысыз өмірге аттанып кеткен екен ғой. Осынау көрдей суық бұрышта бүріскен пендеге ешкім де жүрегінің басын иітпепті.
11082864_1589982094621542_841770453_nМен енді кінәлі жандай жер шұқи бастадым. Тас болып қатқан бейбақтың рухы жұлдыз боп аспанға ұшпай тұрып, алақанына шашылып жерде жатқан тиындарды сала алмағаныма іштей күйзелдім. Мынау қара нөпір жандардың жанарларына қараймын. Бәрі де жердегі өлікке аяй, мүсіркей қарайды. «байғұс-ай», – деп сөйлейлі. Асығыс пенделер енді жемтікке үймелеген құзғындай мойнын соза, анталай қарап өтеді. Мынау жансыз пенде тіріле қалып, қайта қол жаяр болса, бар мен жоқты алдына үйіп салардай жаны ашығансиды.
-Былай тұрыңдар, жол беріңдер!
Қатқыл, зілді үнді сақшылар осылай қысқа-қысқа бұйырады.
-Туыс-туғаны болса хабарласыңдар, оған дейін моргте сақталады,- деді бір шенді.
…Аспандағы жұлдыздарға телміремін. Осы түн тым ұзақ әрі сондай қараңғы сезілді. Бауыр-туыс, жанашырдан бойын аулаққа салған жатбауыр дүниеге не өкпе бар. Алып, нән жұлдыздардың қалқасынан өлеусіреген әлсіз сәуле көрінеді. Ол сәуле – жатбауыр дүниеге алақан жайған бейбақтың рухы сияқты. Оларда жарқырыап сәуле шашқысы келеді. Оларда бақытты өмір сүру үшін жаратылған. Осылайша, «бірлігі жарасқан» қоғамнан жатбауырлық көрген жанның жаназасы оқылмады. Оның жаны мынау көрдей суық жатбауыр дүниені кезіп жүргендей. Мен анау мұңлы жұлдыздардың мелшиіп тұрып-тұрып, неге зым-зия жоғалатынын енді түсініп келе жатқандаймын. Өмір ғой бәрі де…

Қазбілім порталы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА