13.06.2024

Балаға сабақтан жақсы баға алғаны немесе үй жинағаны үшін ақша беру дұрыс па?

Балаға сабақ оқуға немесе үй жинауға мотивация беру – оңай нәрсе емес. Мұндай кезде кей ата-аналар баласына жақсы қызметі үшін ақша бере бастайды. Алайда бұл дұрыс па? Бұл сұраққа қаржылық сауат коучі Эрита Әбдібаева өз ойын айтты.

Балаға сабақтан жақсы баға алғаны немесе үй жинағаны үшін ақша беру дұрыс па? Бұл бір қарағанда қарапайым, алайда даулы сұрақ. Себебі оны дұрыс санайтындар да және оған қарсы шығатындар да көп.

Көпшілік психолог пен мұғалім балаға баға үшін ақша беруді дұрыс деп санамайды. Олардың айтуынша, мектепте оқу – баланың міндеті. Егер оның сабақ оқуға мотивациясы болмаса, ата-аналар оны “сатып алуды” шешеді. Бірақ ол уақытша ғана әсер береді. Бастапқыда жақсы нәтиже болады, бала қуанады және “ойынға” беріледі. Ескертусіз үй тапсырмаларын орындайды, жақсы баға алып келеді. Бірақ бір күні балада сабақта шынымен де проблемалар пайда болуы мүмкін: тақырыпты түсінбейді, мұғаліммен сөзге келіп қалады немесе бұл “ойыннан” шаршайды. Сөйтіп, қаржылық мотивация жұмыс істемей қалады. Бала “ақша болмай-ақ қойсын, есесіне, ешкім сабақ оқуға мәжбүрлемейді” деп ойлай бастауы мүмкін.

Былай қарасақ, балаға ақша ересектерге секілді керек емес. Балада міндетті шығындар жоқ және ол дұрыс. Сондықтан балалар “жалақыдан” оңай бас тарта алады.

Сондай-ақ тағы бір нәрсені ескеру керек. Баға үшін ақша берген кезде бала бағаны – ең маңызды нәрсе деп қабылдайды. Ол тек баға үшін тырысады және ол үшін бәріне баруы мүмкін. Мысалы, өтірік айтуы, мұғалімін көндіруі мүмкін. Осылайша ода білім алуға деген дұрыс емес қарым-қатынас қалыптасуы мүмкін. Кей психологтар егер балаға қаржылай сый бергіңіз келсе, оны тоқсан немесе жыл біткенде беруге болатынын айтады.

Ал үй жинауға келетін болсақ, анаға үй жинағаны, ыдыс жуғаны, тамақ пісіргені немесе киім үтіктегені үшін ешкім ақша бермейді. Сол секілді әкеге де үй міндеттерін жасағаны үшін ақша төленбейді. Бала да – отбасы мүшесі. Сондықтан көпшілік психолог балаға “рақмет” айту жеткілікті деп санайды. Алайда балаға отбасы ішінде бұл қалыпты екенін түсіндіріңіз. Себебі отбасы мүшелері бір-біріне көсектеседі және бір-бірін қолдайды.

Бала итті далаға шығарып келсе немесе өзінің інісіне қарасса, бұл қалыпты міндет. Ал көршінің итін далаға шығарып келу немесе алыс туыстың кішкентай баласына қарасу – бұл ақша табудың бір әдісі. Егер балаңыз сондай секілді кіріс көзін тапса, оны ол үшін ұялтпаңыз. “Не істеп жүрсің?”, “біреудің итін қарап жүрсің ба?” деген секілді күліп, мазақ етсеңіз немесе “ол үшін ақша алғаны несі?”, “ұят емес па” деп айтсаңыз, балада дұрыс емес түсінік қалыпсауы мүмкін. Мұндай балалар өз жұмысы үшін қосымша ақша сұрай алмайтын, ешкімнің өтінішінен бас тарта аламайтын адам болып өсуі мүмкін.

“Менің ойымша, өмірде мынау дұрыс немесе мынау дұрыс емес деп бөлуге болмайды. Егер де мынау дұрыс, ал мынау бұрыс десек, кейін ол дұрыс та, бұрыс та болуы мүмкін. Мен жеке өзім балаға сабақтан “бестік” баға алғаны үшін ақша бермеймін. Бірақ, мысалы, маған видеоны монтаж жасау керек болса, визитканың дизайнын істеу керек болса, балама “сен істеп берсең, мен саған ақша берер едім” деп айтамын. Себебі мен оны жасап бергені үшін бәрібір біреуге ақша беремін.

Егер үйді жинауға маман жалдап, үй тазалайтын компания шақыратын болсаңыз және оған ақша беретін болсаңыз, онда әрине балаға да үй жинағаны үшін ақша беріңіз. Ал балаға өзінің жеке ыдысын жуғаны үшін, төсегін жинағаны үшін өз басым ақша беріп көрмедім”, – деді қаржылық сауат коучі Эрита Әбдібаева.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА