26.05.2024

Бірқатар ЖОО оқытушылары қостанайлықтарға біркүндік жалақысын аударды

Еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарының оқытушылары Қостанай облысындағы өртке байланысты халыққа қолдау ретінде біркүндік жалақыларын бөлді.

«Бүгінгі ғылыми халықаралық шара – Ахмет Байтұрсынұлы және оның мұрасына арналған кешенді шараның бірі ғана. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойына орай туған жері Қостанай өңіріне Мемлекет басшысының сапары жоспарланып, Ахмет Байтұрсынұлына арналған ауқымды шара өтуі керек еді. Өкінішке қарай, аталған аймақта өрт шығып, жағдайды естіп-біліп жатырсыздар. Соған байланысты жоспарланған шара кейінге қалды», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елордада өтіп жатқан Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына арналған ғылыми-практикалық халықаралық конференцияда.

Сондай-ақ, министр Қостанайдағы төтенше жағдай бойынша ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары бейжай қалмағанын тілге тиек етті.

«Біздің жоғары оқу орындары Қостанайдағы жағдайға байланысты бірлесіп, қолдау көрсетіп жатыр. Бірқатар ЖОО-лардың жанынан жедел штаб құрылды. Нәтижесінде 10 тоннадан астам азық-түлік жиналып, қостанайлықтарға жөнетілді. Одан бөлек, жоғарыда аталған және тағы бірқатар өңір университеттерінің оқытушылары өздерінің біркүндік жалақысын Қостанайға көмек ретінде бөліп отыр. Жоғары білім қостанайлықтармен бірге, қолдан келгенше қолдау көрсетеміз», – дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай елордада Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасына арналған «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» атты ғылыми-практикалық халықаралық конференция өтіп жатыр.

Еске сала кетсек, Қостанай облысында 5 ауылдың маңында орман өртіне қарсы күрес жүріп жатыр.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА