26.04.2024

Әйгерім ТОҚСАНБЕК. Жақсы мұғалім қандай?

Сөз басында айтарым, ұлылықтың суреті іспеттес жандардың қызметін шәкірттік көзқараспен талдағанымды жөн көрмессіздер. Өйткені, болашақты бүгінге жалғап берер жандардың ісін талқыға салу дұрыс болмастығы маған да аян. Сонда да, шәкірттердің көзімен, ойымды ортаға салып көрейін. Сол болашақ иелері біз өзіміз ғой. Мәселенің мән жайы айқын болмағы үшін, ұстаздарды сабақ өту және білім деңгейіне қарап, бірнеше топқа бөліп қарастырдым.
Менің «жақсы мұғалім» деген сөзді ойға алғанымда көз алдыма келетіні орыс тілі сабағы және жетекшіміз. Иә, орыс тілі сабағы біздер үшін қиындау болса да апаймен өткен қырық бес минуттың қалай жылжығанын сезбей қаламыз. Әр жерден бір шолып сөз еткенше, әңгімені сабақтың басталуынан бастайын. Апай әрқашан сыныпқа күліп келеді де, ерекше мейіріммен сәлемдеседі. Біз қуанып, сабаққа ынтамен кірісеміз. Өйткені бізді жақсы көретін мұғалімнің өзін құрметтеп, сабағына қызыға ынта қоямыз. Сабақ барысында апай қабақ шытып, қатты сөйлеген емес және жасына қарамай әрдайым ізденісте. Есесіне қателескен тұстарымызды түзеттіріп, жылы сөздерімен алға ұмтылуға бағыттап, ынталандырып қояды, мұнан соң сабаққа қызықпаймын деп, қалай айтасың!?
Ендігі күні алғашқы сабақ ағылшын тілі. Басқан қадамы ашулы екенін білдіріп, шет тілі мұғалімі келеді. Апай салқын ғана, ағылшынша амандық сұрап, сабақты бастап кетеді. Бізден сабақта тыныш отыруды, тәртіп сақтауды қатаң талап етеді. Бұл қалыпты жағдай болғанымен, ол кісінің әр сабағында мұғалімнен аздап жатырқап тұрамыз. Ағылшын тілі жетекшіміздің ұстанымы: «Мұғалім мен оқушының арасында арақашықтық болу керек!» Дегенмен, өз уақытын қаталдықпен үнемдейді, өз сабағының жөн-жосығын біледі. Өз міндетін біледі. Жоғарыдағы екі мұғалім «қатал» және «мейірімді» типіндегі ұстаздарға мысал. Екеуіне де түсіністікпен қараймыз. Өйткені әркімнің әдісі әр қилы. Екеуі де мұғалім, екеуі де бізге сыйлы.
Келесі кезекте көп кездесе бермейтін тип. Олар сабақты өтпейтін, немесе өте алмайтын тип. Өзінде жоқты өзгеге бере алмайды деген сөз осы топқа айтылғандай. Сабақты құр әңгімемен бастап, орынсыз әзіл-қалжыңмен бітіреміз. Ырым етіп сынып журналын толтырады, онан өз еркімен, қалаған ісін жасап қырық бес минутты өткізеді. Айлық жүріп жатыр, ешкім ештеңе демейді. Кейде таңданатыным, үкіметтен дипломды қандай біліміне алды екен?!
Ендігі топ – тым ерекше. Өйткені, олар өзінде барды жеткізе алмайды дер едім. Себебі көпшілігі жоғарғы оқу орнын үздік, қызыл дипломмен сабақ уақытын құр сөзге сарыптайды. Бұл типтегі мұғалімдер, көбінесе бұрыннан еңбек етіп келе жатқан, ауылдағы ауыр еңьек, отбасы, жұмысын қатар алып жүргендіктен моральдық тұрғыдан шаршағандар. Олар бір –екі қадам әрекет етемін дейді, бірақ ете алмай сол баяғы «ескі шапанымен» жүре береді. Міне осындай топ өкілдері мектеп ордасында көптеп табылады. Зерттеуімнің қорытындысын өзім «білім алып жүрмін» дейтін мектебімде өткізген сауалнамам осы сөзіме куә болсын. Қатысқаны жоғары сыныптардан – 40 ерікті оқушы. Жалпы қорытынды бойынша мектепте мен атап көрсеткен төрт топтан 3-топ пен 2-ші топ көп кездеседі екен. Олардың арасында мүлдем сабақ өтпей, жалақы алып жүргендері кездеседі. Тағы бір айта кететін жайт, оқушылардың 70%-ы мұғалімнің қатал болуын қаласа, 20%-ы орташа яғни екі типті де қолдайтынын айтыпты. Қалған 10 % шәкірт оқытушы жуас болса дұрыс дейді.

Әйгерім ТОҚСАНБЕК
http://altyalash.kz/

-ЖАРНАМА-spot_img

1 КОММЕНТАРИЙ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА