27.04.2024

Елорданың ең үздік мұғалімі

Ең білікті, ең шығармашыл, ең білімді ұстаз. Бұл – биылғы «Үздік мұғалім» байқауына қойылған талап. Осы сыннан сүрінбей өткен №73 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлжан Бапанова болды. Оқушылар сарайында өткен қалалық кезеңде барлық сыннан сүрінбей өтіп, қанжығасына бас жүлдені байлаған ол Астананың ең үздік мұғалімі атағын иеленіп, 1 745 000 теңгелік сертификаттың иегері атанды. Шараға елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Айта кетейік, бұл байқауға қаламыздың 84 мектебінен мұғалімдер алдын ала өткізілген екі кезеңге қатысты. Нәтижесінде 8 сайыскер финалға іріктелініп шықты. Өздерінің біліктіліктерін тәжірибе нәтижелері мен педагогикалық ситуациялардан шығу шеберліктері арқылы көрсеткен сайыс­керлерді қазылар алқасы ашық дауыс беру арқылы анықтады. Жүлделі І орын №50 мектеп-лицейінің қазақ тілі пәні мұғалімі Ұлболсын Есілбаеваға (1 654 000 теңгеге сертификат) бұйырса, ІІ орынды Білім және инновация лицейі­нің физика пәні мұғалімі Есбол Дүйсеев (1 561 000 теңгеге сертификат) иеленді. Ал ІІІ орын № 58 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Болат Бимендинге (1 012 000 теңгеге сертификат) бұ­йырды. Оқушыларды оқу үдерісіне тарта білу дағдылары мен сабақ өткізудегі кәсіби шеберлігімен ерекшеленген ұстаздарды «Әдіскер мұғалім», «Зерттеуші мұғалім», «Эрудит мұғалім», «Жаңашыл мұғалім», «Көрермендер көзайымы» аталымдары бойынша марапаттап 200 мың теңге көлемінде сыйақы мен арнайы дип­ломдар табысталды.

Гүлжан Бапанова,
№ 73 мектеп-лицейі­нің бастауыш сынып мұғалімі:

– ХХІ ғасыр – бәсеке ғасыры. Елбасымыз халыққа арналған жолдауында «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Осы заманғы білім беру жүйе­сінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда жаңаша ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз» деген болатын. Біздер, ұстаздар қауымы, білімді ұрпақ – болашағымыздың кепілі екенін жақсы түсінеміз. Жеңісіме қатты қуандым. Сынақ – алда. Республикалық байқауда да топ жарып, астаналықтардың мерейін асырғым келеді.

Гүлжан РАХМАН

«Астана ақшамы» газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА