27.04.2024

Ұстаз Ахметжан Аятжанның 30 жасында үш кітабының тұсауы кесілді.

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада танымал ұстаз, ақын, журналист, блогер, «Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжанның үш бірдей кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Бірінші кітап – «Мінез». (өлеңдер жинағы) Алғашқы шығармашылық жолын ақын болып бастаған қазақтың біраз жазушы, публицист, ғалымдарының жолы ғой бұл. Аятжан да сол соқпақпен өз даңғылына қосылып жатқан жас журналист, болашақ ғалым. «Аятжанды бәріміз алғашта ақын ретінде таныдық, өлеңінің техникалық жағына аса мән бере бермейтін, бірақ өзіндік бір бөлекше ойы, үні бар болатын. Содан-ақ оның кейбір істе жан-жағына жалтақтамай алға қойған өз мақсатына батыл қадам жасайтын мінездің иесі екенін байқауға болатын», — деді тұсаукесерде сөз алған белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы. Ал, ақын Ербол Бейілхан Аятжанның азаматтық болмысына тоқталып, сүйінішті лебізін жеткізді.

Екінші кітап – «Ұлт болам десең…». Алғашқы еңбек жолын мұғалім болып бастаған Аятжанның мектеп өмірінен көрген-түйгендері, ұрпақ тәрбиесінде, оқытылу жүйесінде орын алып жатқан кейбір кемшіліктерін де тілге тиек еткен мақалалары топтастырылған. Бұл кітаптың тұсауын еліміздегі бас басылым «Егемен Қазақстан» газетінде  20 жылдай уақыттан бері осы білім саласының жетістігі мен кемістігін, сәтті, сәтсіз өзгерістерін талмай жазып келе жатқан журналист Сүлеймен Мәмет пен «Қазақстан – Заман» газетінің бас редакторы, журналист Сәуле Мешітбайқызы кесті. «Мен еңбек жолымды мұғалімдіктен бастағанмын. Журналистикаға кешірек келдім. Сондықтан мектеп, білім саласы проблемелары десе ерекше елеңдеп тұрамын. Аятжанды әлеуметтік желіден білдім. Мектептегі жұмысынан шығып қалып, бір дау-дамайдың тұсында көзім шалып қалды. Телефонын таптырып хабарластым, мән-жайға қаныққан соң Аятжанның қаншыл, қазақшыл бала екенін ұқтым. Алған бетінен қайтпайтын, ойына алған ісін аяғына жеткізбей тынбайтын қайсар жігіт екенін көрдім, міне соның дәлелі алдарыңыздағы үш бірдей кітап», — деді Сәуле Мешітбайқызы.

Ал, өз кезегінде Сүлеймен Мәмет: «Мен осы білім саласын жазып келе жатқан 20 жылдай уақытта қанша министрдің ауысып, қанша өзгерістердің болғанын білесіздер, қуаттап та, сынап та жаздық. Кейбірімен келістік, кейбірімен керістік дегендей… Түсінгенім, бұл тек журналистердің, зиялы қауым өкілдері ғана көтеретін мәселе емес, мұғалімдердің де жұмыла көтерісетін жүгі. Аятжан сол үдеден шығып отыр. Жақында газетімізде «Білім» және «Тәлім» атты арнайы жаңа беттер ашылды. «Білім» бетінде оқушылардың базалық білімін кеңейту мақсат етілсе, «Тәлімде» тәрбие негізге алынды. Ең бастысы оған елімдің әр өңіріндегі барлық мұғалімдердің атсалысауына, озық ойларымен бөлісуіне мүмкіндік беріліп отыр. Аятжанның осы кітапқа енген «Оқулық олқылығы опық жегізбесін десек…», «Ұлт болам десең, ұстазыңның халін біл!» атты мақалалары алғаш газетіміздің осы беттерінде жарияланды. Міне, әр мұғалім демесек те, бір мектепте бір мұғалім осындай жанашыр, осындай белсенді, білімді де білікті болса, бүгінде сақталып отырған біраз мәселелер өзінің оң шешімін табар еді. Мен үш кітапты да оқып шықтым. Әсіресе, «Химия» кітабының тіліне сүйіндім. Қазақ тілі техниканың, ғылымның тілі бола алмайды деп жүргендерге Аятжан осы «Химия» кітабын жазу арқылы тойтарыс берді», -деп түйді.
Үшінші кітап
– Аятжан Ахметжан мен Нұргүл Қуанған бірігіп жазған «Химия» (есептер мен жаттығулар жиынтығы 8 сынып) кітабы. Үшінші кітаптың тұсаукесерінде Астана қалалық «Дарын» орталығының директоры Майра Жаноразқызы мен Астана қалалық №40 мектептің директоры Ербол Іргебай сөз сөйледі. «Аятжанның өз ісінің білгірі, өз саласының нағыз майталманы екенін «Химия» кітабын оқығанда-ақ білесіз. Оның бойынан азаматқа тән барлық қасиеттерді көргендей боламын, Аятжан өн бойынан химияның барлық элементі табылатын адам, ғылымға жан-тәнімен берілгені қатты сүйіндіреді», — деді Майра Жаноразқызы.

Ал, мектеп директоры Ербол Іргебай мырза мектептерде өз қызығушылымен өз бетінше ізденетін мұғалімдердің жетіспейтіндігін сөз етсе, журналист Бекен Қайратұлы «шетелден келген қазақ жастары орысшаға жүйрік болмағандықтан үлкен қызмет, мансап жағына емес мектеп маңайлады. Бұл ұлт ісіне өте жақсы болды, көбі ер азаматтар» деген белгілі математик Мұхтарбай Өтелбайдың сөзін мысал етті.

Аятжан әлеуметтік желіде де белсенді. Оның көтерген мәселелерімен әлеуметтік желі арқылы етене таныс болған «Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ президенті Есен Елеукен де келіп, «құрғақ ұран емес, нақты білім, ғылым саласында аянбай қызмет ететін осындай жастар көп болса екен» деген жүрекжарды тілегін айтты. Кеш барысында Аятжанның өлеңдері оқылып, күй шертіліп, ән шырқалды. Кешті ақын Ербол Алшынбай сәлихалы сөз, жарасымды әзілмен жүргізіп отырды.

Айтпақшы, кеш барысында жасы 70-тен асқан Сәуле Мешітбайқызы апамыз қашанғы қазақы жосынмен Аятжанға: «Ал енді кітаптарыңмен қатар ұл-қызың да өсе берсін, келіншегің шекесі торсықтай ұл тапсын!» деп бата беріп еді. Сәйкестікті қараңыз, біз осы жолдарды қағазға түсіріп жатқанда сүйіншілі хабар келді. Аятжанның жұбайы екі қыздан кейін шекесі торсықтай ұл тауыпты. Бауы берік болсын!

Ұлттың санын да сапасын да көтерер осындай азаматтар көп болғай. 30 жасқа енді келген Аятжанның бұл еңбегі көпті сүйінтті. «Отызда орда бұзған деген осы» деп тарқасты тұсаукесерге жиналған жұрт.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА