26.04.2024

«Білімді ел – мәңгі ел» атты тамыз кеңесінен шолу

Кеше Астанада тәуелсіздік сарайында Қазақстан білім саласы қызметкерлерінің республикалық «Білімді ел – мәңгі ел» атты тамыз кеңесі өтті. Кеңеске ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев және ұстаздар, мектеп директорлыр тағы басқа білім саласының қызыметкерлері қатысты. Біз осы кеңесте көтерліген мәселелерге жалпы шолу жасағанды жөн көрдік.

«Орта білім саласында біздің ең басты жетістіктеріміздің бірі — ол 2016 жылдан мұғалімдер жалақысын арттыруға қатысты. Бұл ең маңызды мәселе. Бұдан әрі қарай да ұстаздар үшін еңбекті төлеу жүйесін өзгерту мәселесі бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. Біз педагогтың жұмысы оңай емес екенін түсінеміз, алайда мұғалімнің сабақ беру сапасы да сәйкесінше өсуі керек. Осы бағытта жұмыс істейтін боламыз», — деді ведомство басшысы.

Осы ретте ол кадрларды қайта даярлау бағдарламасы кеңейтілгенін айта келе, биыл жазда бастауыш мектептің 73 мың мұғалімі оқу бағдарламасының жаңартылған мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткенін жеткізді.

 «Олар бұл мазмұнды лайықты деңгейде бағалап, оның жұмыста қолайлы екенін айтты.  Сонымен қатар биыл барша деңгейлер үшін әзірленген жаңа мемлекеттік стандарттар бекітілді. Осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды және олар үздік әлемдік стандарттарға сай келіп отыр», — деді ол.

 «Қазір мемлекеттік-жеке серіктестік аясында электронды білім беру жүйесі енгізіліп жатыр. Мұндағы негізгі элемент — ұстаздардың жұмысын жеңілдететін электронды күнделік. Ілкі жобаны жүзеге асыру үшін 200-ден астам мектеп тартылды және педагогтар тарапынан жоғары баға алды. Сонымен қатар бұл жобаны жүзеге асыру мемлекет тарапынан қаржы шығындарын талап етпейтіндігі маңызды», —  деп атап өтті Д.Назарбаева.

ҚР Білім және ғылым министрлігінде Фетхуллах Гюленмен байланысының бар-жоғын анықтау тұрғысында қазақ-түрік лицейлерін тексеруге негізделген жұмыс тобы құрылды.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес, БҒМ жұмыс тобы құрылып, жұмысын бастады. Біз түрік тарапымен байланыста жұмыс істейміз. Алайда бұл оқу үдерісіне қатысы жоқ. Бұл біздің қазақстандық мектептер және олар қатаң тәртіпте еліміздің стандарттарымен қызмет етуде. Біз бұл лицейлерді бірнеше мәрте тексерген едік. Оларға қатысты ешқандай наразылық жоқ. Бұл тұрғыда лицейлер бұрынғысынша жұмыстарын жалғастырады», -деді министр.

Осыған орай, Қазақстанда қоғам арасында KATEV қорымен құрылған Қазақ-Түрік лицейлерінің тағдыры тақырыбы қызу талқыға түсе бастады. 

 Алдағы жылдан бастап орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін меңгерудің жаңа әдістемесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.

«Мемлекеттік тілді одан әрі қарай дамыту және жаңа әдістемені енгізуге тоқталатын болсақ, бізде жыл сайын қазақ тілінде оқитын оқушылар саны өсуде. Бүгінде жетпіс пайыз мектеп оқушылары қазақша білім алуда. Биыл балалардың 72 пайызы қазақ тілінде  ҰБТ тапсырды.  2016 жылы жоғары оқу орындарына бөлінген гранттардың 80 пайызы мемлекеттік тілдегі мамандықтар. Бірақ, әлі де шешілмеген маңызды мәселені айтатын болсақ, орыс мектептерінде қазақ тілі оқытылса да, олар мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолданбайды. Сол мектептерде жаңа әдістеме керек болып тұр және оны барлығымыз түсінеміз», — деді министр.

Осы ретте Е. Сағадиев жаңа әдістемені бірлесіп дайындауға отандық ғалымдар мен әдіскерлер жұмылдырылғанын айта келе: «Әдістеменің негізгі жобасы дайын және ол кешегі сессияда таныстырылып, талқыланды. 2017 жылғы оқу жылынан бастап орыс тілінде оқитын балаларға қазақ тілін үйрететін сол жаңа коммуникативтік технологияларды енгізе бастаймыз. Дариға Нұрсұлтанқызы, Сіздің  берген тапсырмаңызға сәйкес, әдістеме әрі қарай оқушылармен бірге ересек адамдарға да ұсынылады», — деді.

2017 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу өзгереді. Биыл ҰБТ жаңа форматта өтті. Тиісті балл жинай алмаған оқушылар үшін қайтадан тест тапсыру және жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі қарастырылды. Келер жылда біз ҰБТ-ны толық өзгертеміз. 2017 жылы ҰБТ-ны электронды тестілеу жүйесіне өткізетін боламыз», — деді Д.Назарбаева.

Базалық оқулықтар өңірлер арасында білім сапасын теңестіреді. «Бірінші сынып оқулығы қазіргі кезде даяр. Мен оны өзім барып, қарап келдім. Толықтай баспадан шықты. Бүгінде оқулықтарды мектептерге жеткізу аяқталуда. Жалпы базалық оқулықтар біз үшін көптеген мәселелерді шешеді. Бұл ретте өңірлер арасында білім беру сапасын теңестіруді қамтылып отыр», — деп тоқталды министр.

Сонымен қатар ол оқулық мазмұнын жақсартуға ерекше мән беріліп отырғанына айта келе, баспагерлерге базалық оқулықтарды авторлардан мұғалімдерге көмек ретінде бейнежазбамен толықтырып отыруды бастау туралы ұсыныс жасалғанын жеткізді.

Е. Сағадиевтің айтуынша, білім беру үдерісінде дәстүрлі құралдарға тиімді қосымша ретінде бейне материалдар мен интерактивті сабақтар болады. Бұл өз кезегінде білім беру үдерісін көрнекті етеді.

Биыл 1 сыныптың барлық оқушылары бірыңғай базалық оқулықпен оқитын болады. Бұл туралы бүгін Қазақстан білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева мәлім етті.

Д.Назарбаева өз сөзінде үнемі талқылау нысанына айналатын тақырып оқулықтар мен олардың сапасына қатысты өрбитіндігін баса айтты.

«Тақырып өте өзекті және бәрімізге де жақын. Себебі балаларымыздың жақсы да сапалы оқығандығын барлығымыз да қалаймыз. Бұл мәселені шешу де біздің басты назарымызда. Биыл 1-сыныптың барлық оқушылары бірыңғай базалық оқулықпен оқитын болады. Бұл оқулықтарды әзірлеу барысында бұрын айтылған кемшіліктердің барлығы ескерілді. Бүкіл өңірлердегі мектептер сапалы оқу-құралдарымен бірдей қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі уақытта бірыңғай оқулықтардың 95 пайызы баспадан шықты. Ал олардың мектептерге уақытында жеткізілуі министрлік пен әкімдіктердің қатаң бақылауында болуы керек», — деді ол.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта 2-сынып оқушыларына оқулықтар дайындау жұмысы басталғандығын ескертіп өтті.

«Бұл жұмыстар жоғары деңгейде орындалуы тиіс. Себебі оқулықтарда қарапайым грамматикалық өзге де қателіктер болмауы керек», — деді Дариға Назарбаева 

Үш тілді білім беруді енгізуде көптеген түсініксіз нәрселердің болуына бізден де кінә бар. Қазақстан білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева осылай деді.

«Келесі өзекті қоғамдық резонанс тудырған тақырып, яғни үш тілді білім беруді енгізу. Бұл саясатта көптеген түсініксіз нәрселердің болуына бізде де кінә бар. Мұны мойындаймыз», — деді Дариға Назарбаева.

Оның атап өтуінше, үш тілді білім беру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады және ең алдымен 10-11 сыныптарда ғана тек 2019 жылдан басталады.

«Осы мәселе бойынша әлі де түсіндіру жұмыстарын жастар мен оқушылар, олардың ата-аналары арасында да жүргізу қажет. Жұмысты жандандыру үшін біздің әлі де 2 жылдан астам уақытымыз бар»,-  деді вице-премьер.  

Ұстаздардың үш тілді білім беруге дайындық деңгейі 2018 жылы бағаланады, — деді Д.Назарбаева. Ол өз сөзінде үш тілді білім беру жүйесін енгізуге 2 жылдан астам уақыт бар екендігін және Үкімет тарабынан барлық жағдай жасалатындығын баса айтты.

«Біз ұстаздарды қажетті біліммен даярлайтын боламыз. Қазірдің өзінде мұғалімдер белсенділік танытып жатыр. 5 мыңнан астам ұстаз өздерінің еркімен 4-9 айлық тілдік курстарға жазылған. Бұл кезде олардың жұмыс орны мен еңбекақысы сақталады»,-  деді ол.

Оның атап өтуінше, еліміздің жоғары оқу орындарда ағылшын тіліндегі оқу бағдарламалары белсенді енгізілу үстінде.

«Ұстаздардың дайындық деңгейін біз 2018 жылы бағалаймыз және сараптама нәтижесін Елбасына баяндаймыз. Сондықтан дүрбелең жасауға ешқандай негіз жоқ. Қазақ тіліне ештеңе кедергі келтірмейді. Керісінше, орыс тілді мектептерде мемлекеттік тілді оқытуды күшейту жоспарланып отыр. Қосымша екі пән  қазақ әдебиеті мен қазақ тариxы қазақ тілінде оқытылатын болады. Бүгінде Білім және ғылым министрлігі тілді оқытудың жеңілдетілген заманауи әдісін әзірлеп жатыр», — деп атап өтті Д.Назарбаева.

Дерек көзі: ҚазАқпарат

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА