26.04.2024

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ. Мұғалім және өлең (әзіл әңгіме)

Білім бөлімінен келген мектеп директоры өз ұстаздарын жинап алып,шұғыл жиын өткізді:

— Заман алдымызға жыл өткен сайын күрделі міндеттерді қойып отыр,-деп бастады директор әңгімесін,-ХХI ғасыр мұғалімнен жан-жақтылықты талап етуде.Ендігі жерде әрбір ұстаз шығармашылықпен жұмыс істейтін дара тұлғаға айналуы тиіс. Ұстаздың шығармашылық адамы екендігі-тек сөз жүзінде ғана қалып қоймай,нақты бағытта айқын көрінуі үшін,қоғам бұдан былайғы жерде мұғалімге өлең жазуды міндеттеп отыр.
«Өлең?!»,»Өлеңі несі?»,»Енді өлең жазуымыз қалып еді?»-деп мұғалімдер өзара күбірлесіп кетті.
-Тынышталыңдар!-деді мектеп директоры.-Қазіргі заманның қойып отырған талабы осы: «Мұғалім екенсің-өлең жаз!»
-Мына өркениетті мемлекеттерде,-деді директор,-өркениетті мемлекеттер шамамен осы жақта-ау деген тұсқа қарай қолын сілтеп,-әрбір мұғалім өлең жазады екен.Яғни,қолына қаламды бересіз,отыра қалады да,өлең жаза береді.Енді біз де сондай болуымыз керек.
-Өлең жазғанда,-деді мектеп директоры,-бей-берекет,бет алды құла түз жаза бермейміз.Мына ақын деген халық ойына келгенін жаза береді екен.Біздің олардан айырмашылығымыз-белгілі бір бағытта,жүйелі түрде,белгілі бір тақырыпты басшылыққа ала отырып,сол жолда зерттеп,ізденіп жүріп жазуымыз керек.
-Арамызда өлеңге бейімі барлар бар ма?-деді директор сонан-соң ұстаздарына қарап.
Жұрт Сағираға қарасты: «Осы Сағирада бірдеңе бар сияқты еді ғой?»
-Қойыңдар-ей!-деді Сағира ыршып түсіп.-Менікі әшейін қыздармен бірге отырғанда: «Гүлмира,туған күнің құтты болсын,денсаулығың темірдей мықты болсын!»-деген тілек қой.
-Сағира!-деді мектеп директоры Сағираға қарап.-Енді осы айтылған сөз әр жер,әр жерде-Гүлмираның,Элмираның дастарханының басында қала бермеуі керек.Хатқа түсіп,жүйеленуі тиіс.Мысалы,осы туған күн тақырыбын алып,педагогикалық тұрғыдан,баланың жас ерекшелігін зерттей отырып,жұмыс жүргізуіңе болады.Он үш жастағы балаға біз туған күнінде қандай тілек айтуымыз керек,он сегіз жасар балаға қандай тілек айтылуы керек? Он сегіз жасар балаға айтылған тілекті он үш жасар балаға айтуға бола ма,жоқ па,оның қандай зиянды зардаптары бар,бұл кәмелет жасына толмаған баланың өз уақытынан ерте жетілуіне алып келмей ме,осыны өз бағытыңда өлең арқылы анықтап,көрсетіп беруіңе болады.
-Біз бұрын жаппай өлең жазумен айналысқан жоқпыз,-деді директор бұдан әрі өз сөзінде,-сондықтан да заман талабына сай қайта бейімделу,қайта даярлану курсынан өтуіміз керек.Осыны сізге тапсырамын,мұғалімдерге тікелей әдістемелік тұрғыдан бағыт-бағдар бересіз! Ол үшін,бірінші,өзіңіз өлең жаза алатын болуыңыз керек.Осы жұмысты қолға аласыз,түсінікті ме?!-деді директор оқу завучына қарап.Оқу завучы: «Жақсы,түсінікті!»-деді.
Осы күннен бастап мұғалімдердің әңгімесі тек өлең туралы болған еді:
-Сен қандай тақырыпты алып зерттеп жатырсың?
-Мен әке тақырыбын зерттей бастадым,-деді бір мұғалима,-қазір марқұм әкемнің суретіне қарап,жағымды таянып отырып,өлең шумақтарын іздеп отыратын болдым.»Әкетайым!» деген бір сөзді жазып та қойдым.Күйеуім мені жынданып кетті деп жүр-ау деймін,сыртымнан қарап отырып,күрсініп отырады.Қайдан білсін,менің педагогикалық тұрғыдан ізденісте отырғанымды?
-Ал,мен ана тақырыбын зерттеп жүрмін,-деді екінші мұғалима,-қазір соның себебімен,күйеуіміз екеуміз жиі-жиі жүз шайысып қалатын болып жүрміз.Күйеуім маған былай деп ренжиді: «Сен баяғы жаңа үйленген кезіңде жақсы едің,»Анаңның үй жағына барып келесің бе?»-десем,»Жоқ,ол жақта сен жоқсың ғой!»-деп,талға жабысқан торғайдың балапаны құсап,менен жабысып айрылмайтын едің. Осы күні үш бала туғаннан кейін шығардың ғой өнерді! Жұмыстан келесің: «Мамаларың қайда?!»,»Әженің үй жағына кетті».»Мамаларың қайда кетті?»,»Әженің үй жағына».Үнемі осы.Болмаса біржола сонда көшіп ал!»-дейді.
Ал онда барсам,мамам ұрсады: «Сен қызға не болды,салып-ұрып осында келесің де тұрасың? Сенің бір үйің-күйің,қазан-ошағың жоқ па?! Сен қыз осы ауырып жүрген жоқсың ба? Бері келші,маңдайыңды ұстап көрейін!»-дейтін болды.Олар қайдан білсін,менің педагогикалық ізденісте жүргенімді?-деді.
-Ал мен бала тақырыбын зерттеп жатырмын,-деді бір апай,-баланың көптігі осындайда жақсы екен ғой.Әрқайсысының азан шақырып қойған есімдері бар,одан қала берді,еркелетіп атайтын екі-үштен есімдері тағы бар,одан қалса,сыныптас балдарының қылжақтап қойған аттары бар.Соның бәрі маған біраз зерттеу материалы болайын деп тұр.Тұштаң-тұштаң еткізіп,лирикалық өлең жазып отырғанша,қайдам,сала-сала дастанға түсіп кетем бе?!-деді.
-Ойбай,апай,бір күні жоғары оқу орнына оқытушы болып кетіп жүрмеңіз!-деп апайдың әріптес сіңілдері бір әзілдесіп күліп алды.
***
Директор бір күні ұстаздарының қайта бейімделіп,қайта даярланып өлең жазып жатқан жеріне келді:
-Жазып жатырсыңдар ма?!
-Жазып жатырмыз,-деді мұғалімдер.
Мектеп директоры партадағы шәкірттерін аралап жүрген мұғалім құсап,екі қолын артына ұстап,өз ұстаздарын аралап жүрді де:
-Ақын деген халықты кім көрген дейсің,бірақ бір «ақ қағаз,қара сия» деген сөздерін естуші едім,біздің мұғалімдер өлеңді компьютермен жазады екен,я?-деді оқу завучына қарап.
-Енді ХХI ғасыр мұғалімдерден компьютердегі сауаттылықты талап етіп отыр ғой,ағай,-деді оқу завучы,-оның үстіне өлең компьютерде тез әрі оңай жазылады ғой.
Директор математика пәні мұғалімінің жазып жатқан жұмысына үңілді де:
-Ау,сен өзі интернеттен ызғытып көшіріп жатқаннан саусың ба?-деді.Мұғалима ыңғайсызданып қалды:
-Жоқ,ағай,әшейін басшылыққа алып жатырмын.
-Ағай,дұрыс қой,-деді оқу ісінің меңгерушісі,-қай істе де бір нәрсені басшылыққа алмаса болады ма?
Оқу завучы сонан-соң ұстаздарына қарап тұрып:
-Пайдаланылған әдебиеттердің тізімін көрсетіп,беттерге сілтеме жасап отыруды ұмытпаңдар!-деді.
***
-Ең басты мақсатымыз,-деді директор,-шәкірттеріміздің өлең жаза алуы.Сондықтан да күнделікті өлең жаздырумен қатар,бейімі бар,қабілеті бар шәкірттерді дастан жазуға бейімдеуіміз керек.Қалалық,аудандық,облыстық,республикалық,тіпті халықаралық дастан жазушылардың жарысынан жүлдегер атануымыз керек,сол үшін күш салайық!-деді.
***
-Шұғыл! Мамырдың 25-і күні осында комиссия болады,-деді директор,-шәкірттерге тапсырма беріп,өлең жазғызып,тексереді.Соған дайын болуымыз керек!
***
-Құдай-ай,Пәленшеге не тақырыптан өлең жаз деген тапсырма келіп жатыр екен,біліңдерші?!
-Туған жер тақырыбынан келіпті.
-Бар ма туған жер туралы өлең,жинаңдаршы?!
-Түгеншеге не тақырыптан келіпті?
-Тумаған жер тақырыбынан.
-Ол не пәле тағы?!
-Шет елдер туралы.
-Ой,құдай-ай,бар ма шет ел туралы?
-Бар! Менде «Ертегідей еліткен Европа елдері-ай» деген өлең бар.
-Менде «Аңсарыма айналған Америка» деген өлең бар еді.
***
-Өй,неге жылайсың?
-Жаза алмай қалдым.
-Қандай тапсырма келді?
— «Мамаңның киіміндегі түймелердің санын дәл анықта да,жырға қос!» деген.
-Қоспадың ба енді?
-Мамам күніне бір киім киеді.Дәл анықтай алмай қалдым.
-Ой,құдай-ай,ол кісі де күніне бір киім кие қойған екен?!
***
-Әй,ана бала туалет жаққа қарай кетті ғой,барыңдаршы ізінен! Қазір бала намысшыл,жаза алмай қалғанына намыстанады.Ізінен барыңдар!
-Құдайым-ай,мамасының түймелерін бала қайдан білсін,папасы білмесе? Емшектегі бала емес бұл бір?!
***
-Осы сен соңғы кезде кім болып кеттің,ақынсың ба,мұғалімсің бе?! Бол,шайыңды бересің бе,бермейсің бе?! Жоқ,өлеңіңді жазып отыра бересің бе?!-деді Бағдагүлдің күйеуі Бағдагүлге қарап.
-Қазір,жаным,қазір! Соңғы шумағын жазып жіберейін,-деді Бағдагүл күйеуіне.
Өлеңін аяқтап болып,ас бөлмеге өтіп бара жатырған Бағдагүл жолдасына бұрылып:
-Жаным,қайта роман жаз деген талап келмей жатқанына шүкір! Ол кезде шайыңды да өзің қойып ішіп,балаларға да өзің бас-көз болатын шығарсың?!-деп жымиып күлді.

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы

-ЖАРНАМА-spot_img

1 КОММЕНТАРИЙ

  1. Жаксы ангиме,)))Автор жайында малимет болса, жаза отысаныздар
    ОЛендери унады

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА