27.04.2024

ИНДОНЕЗИЯ АСТАНАСЫНАН МҮДІРГЕН МҰҒАЛІМ: БІЛГЕНІМДІ АЙТА АЛМАДЫМ

Осы аптада әлеуметтік желілерде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Индонезия астанасы туралы сауалына жауап бере алмаған мұғалімнің жайы көп талқыланды. Пікір әдеттегідей екіге жарылды. Сондықтан “Керек.info” тілшісі Байғанин ауданы Ноғайты ауылында тұратын география пәнінің мұғалімін тауып, мәселенің мән-жайын өз аузынан білген болатын.

Әлеуметтік желідегі қолы бос жұрт Индонезия астанасын білмей қалған географты жерден алып жерге салды. Қазақстанның педагогика саласын іске алғысыз етіп тастаған пессимистер де болды. Екінші бір топ Бердібек Сапарбаевқа өкпелі. “Мектепті тексерушілер онсыз да көп емес пе?” деп даурығушы бұл топтағылардың мұғалімдерді мүсіркейтіндігі анық аңғарылып тұрды. Ал үшінші топ “құрыққа сырық жалғаушылар”. Олардың айтуынша, Бердібек Сапарбаев “мұғалімді оқушылардың көзінше ұялтқан”. Ал шын мәніндегі картина мүлдем басқаша…

“Үлкен кісінің сөзін бөле алмадым”
Апта кейіпкеріне айналған мұғалім Байғанин ауданы Ноғайты ауылында тұрады. Сағыз орта мектебінің мұғалімі Айгүл Ержанқызының педагогика саласына келгеніне төрт жыл болған. Жас маман бұған дейін өзіне бекітілген тәлімгермен жұмыс істепті. Биыл өз бетінше география пәнінен сабақ бере бастаған.

Мектеп директорының міндетін атқарушы Әнуар Әнесовтің сөзіне қарағанда, Айгүл өз ісіне тиянақты маман. Қазір 9-10 сыныптарға сабақ беріп жүр. Мектеп басшысы соңғы бес жыл бойы мектептің география пәні бойынша көрсеткіші тәуір екенін айтады.

Айгүл Ержанқызы, Сағыз орта мектебі география пәнінің мұғалімі:
— Облыс әкімі мұғалімдер бөлмесіне кіргенде 4 адам отыр едік. Әріптестерімнің біреуі шығып кетті. Бейнелеу, орыс тілі пәнінің мұғалімі және мен қалдым. Облыс әкімі “cіз қай пәннен сабақ бересіз?” деп сұрады. Мен география пәнінің мұғалімі екенімді айттым. Ол кісі әлем елдерінің саны қанша екендігін сұрады. “200-ден астам мемлекет бар” деп жауап бердім. Cодан кейін орыс тілі пәнінің мұғалімінен ҰБТ қорытындысы бойынша неге мектеп көрсеткішінің нашарлығын сұрады. Ол: “тест — баланың негізгі білім көрсеткіші деп санамаймын”,-деп жауап берді. Мұғалімдер бөлмесінен шыға бере әкім кілт бұрылып, маған “Индонезияның астанасы қай қала?” деп сұрақ қойды. Тосылып қалдым. Бұрын соңды әкім көрген адам емеспін. Қобалжып тұрғанмын. Әрі сыннан сүрінбегеніме қуанып, босаңси берген сәтім болатын. Әкімнің сауалына сол жерде тұрған бір топ адам жауап бере алмады. Қате жауаптар да болды. Мен есімді жиып “Джакарта” деп дұрыс жауабын айтқым келген.Үлкен кісінің сөзін бөле алмадым. Кешкілік теледидарды қоссам, мені көрсетіп жатыр екен. Қатты қиналдым. Егер ұжымым мен отбасымның қолдауы болмағанда не боларын білмеймін.

Жас маман ауылдық жерде ата-енесімен бірге тұрады. “Күллі Қазақстанға масқара болдым” деп қиналған сәтінде үлкендер басу айтып, қолдау көрсеткен.

Ноғайты — Ақтөбеден 312 шақырым жердегі шағын ауыл. Телефон байланысы мен интернет бар. Яғни, ауыл әйелінің бейнеті бес батпан болған күннің өзінде мұғалімнің өз саласына қатысты ақпаратты ақтарып, өзін өзі жетілдіріп отыруына мүмкіндік мол. Өйткені, қазір ақпарат пен технология заманы. Оны Айгүл жақсы біледі.

-Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды. Енді теледидардан кәсіби жетістіктеріммен ғана көрінетін боламын,-дейді географ мұғалім.

Ж.Самұратова: Барлық қателіктерді түзетеміз
Қазір облыстың педагогика саласында 24 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр. Оның 17 мыңнан астамы орта білім беретін мектептерде сабақ береді. Мұғалімнің жүгі қай кезде де жеңіл болған емес. Әсіресе, ауыл мұғалімдеріне артылып отырған міндет ауыр. Өйткені, мектеп — шалғай ауылдар үшін білім ғана емес, мәдениет пен өркениет ошағы. Осылай деген Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова жас маман тарапынан жіберілген қателік үшін қатты қынжылатынын білдірді.
— Десек те, бір білместігі үшін мұғалімге бірден шара қолданғаннан, қателігін дер кезінде түзеген дұрыс. Оны семинарға шақырып, арнайы курсқа жібереміз. Кадр бөлімі арқылы бұл мұғалім қашан курс-тан өтті, семинарда соңғы рет қашан болды екен соны білеміз. Қатыспаған болса, әдістемелік кабинетке шақырамыз. Мұғалімнің кәсіби дамуы үшін кешенді жұмыстарды жалғастырамыз. Шара қолдану оңай. Онымен проблема шешілмейді. Үйрету керек. Жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді.
Жанат Самұратованың айтуынша, бір маманға қарап барлығына баға беруге болмайды. Ақтөбе облысында кәсібіне адал мұғалімдер өте көп. “Облыс әкімінің аудандарды аралау барысында білім саласында кездескен барлық қателіктерді түзетеміз,”- дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Ардагер ұстаз: Мұғалім өз кәсібін сүюі керек
Ақтөбе облыстық білім басқармасы ардагер ұстаздарды жас мамандарға тәлімгер етіп бекітіп бергісі келеді. Мұндай ұсыныс өзі жұмыс істеген мектеп тарапынан білім саласында 43 жылдық еңбек тәжірбиесі бар Мәдина Шайгөзоваға да жасалған. 26 жыл мектеп басқарған Мәдина Шайгөзованың пікірінше, жас маманның тәрбиесіне ең алдымен өз ұжымы жауапты болуы тиіс.

-Жас болсын, үлкен болсын, қосымша мәліметті көп алуы керек. Қазір ауылға көп көңіл бөлініп жатыр. Әрине, жас әріптесіме жаным ашиды. Бір ол емес, Ата Заңымызға неше жыл болғанын білмей қалған ұстаздар, оқушылар бар деп естіп жатырмыз. Бұл жағдайлардың бәрі педагогика саласының беделіне нұқсан келтіреді. Қазір онсыз да мұғалімнің беделі төмен. Оның ішінде ауыл мұғалімдеріне сын көп айтылады. Менің ойымша, жас мамандардың біліксіздігіне ақылы оқу кінәлі. Кім көрінген мұғалімдікті ақшасын төлеп, оқып жатыр. Ұятқа қалмауы үшін мұғалім көп ізденуі керек. Әкімнің алдында мүдірген ештеңе емес, баланың алдында кібіртіктеген қиын, -дейді ардагер-ұстаз.
Мұғалім өз кәсібін сүюі керек-дейтін Мәдина Шайгөзова мектептерге айтылған сынды тез түзете алатындай талап та керек деп санайды. 

kerek-info.kz

Әлия МЫРЗАҒАЛИҚЫЗЫ

-ЖАРНАМА-spot_img

3 КОММЕНТАРИИ

  1. «Тосылып қалдым. Бұрын соңды әкім көрген адам емеспін. Қобалжып тұрғанмын. …Мен есімді жиып “Джакарта” деп дұрыс жауабын айтқым келген. Үлкен кісінің сөзін бөле алмадым»,-депті ғой байғұс. Сол үшін жерден алып жерге салғанымыз жарамас. Сіз бен біз де жылдам қойылған сұраққа аяқ астынан жауап бере алмай қаламыз. Оң-солын айыра алмайтын топастар да отыр ғой әкімдіктерде…

    • Айгүл Ержанқызы мұғалімдер де етпен сүйектен жаратылған, ондай сасу мен қынжылу болып тұратын заңды құбылыс,оған ренжімеңіз әлі жассыз, тексеру келеді дегенде абдырап ,қалатынымыз рас.Қазір үкіметте мектеп пен садикти тексергеннен басқа жұмыс қалмады ғой.

  2. Айгүл сіңлім, сен түгілі кей кезде күтпеген сұрақтан өзіміз де тосылып қаламыз. Ең бірінші осыдан өзіңе осыдан сабақ ал. Қателеспейтін тұяқ болмайды, ал кіре сала жағадан алған ағалардың бұл мінезі, шынын айтсам менің көңіліме жақпады. Күле кіріп, күңірене шыққанға ұқсай ма, қалай… Сенен болашақта жақсы маман шығатынына сенімдімін.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА