26.04.2024

Ел басқару үшін шет елде оқуды міндеттеу уақыт талабы ма, әлде ұлттық сатқындық па?!

Осыдан бірнеше күн бұрын «Тек шетелдік дипломы барлар ғана шенеунік бола алады» деп, орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жемқорлық тәуекелдерін талдау және анықтау басқармасының басшысы Динара Жаненова мәлiмдеген болатын. Тағы бір айта кетерлік жайт, талаптар қатарына магистратура, соның ішінде шетелдік магистратура деңгейі енгізілмек. Немесе, үміткердің білімі толықтай шетелдік білім болуы керек деген талап та болады. Салдарынан әлеуметтік желілерде мәлімдеме барысы қызу талқыға түсіп, отандық БАҚ беттері мен ғаламтор парақшаларында түсініксіз хабар шарлап кетті. Ақиқатында талқыға түскен тақырып, онсыз да оңбай тұрған отандық білім саласына тағы бір тиген ауыр соққы болды. Себебі, еліміздегі ЖОО-ның ендігі деңгейі мектеп статусымен бірдей ғана болып қалмақ. Осындай келеңсіз жайттардың орын алуына байланысты «Болашақ» Республикалық қозғалысының «Жастар үні» тұрақ­ты дискуссиялық клубы дөңгелек үстел өткізді.

Аталмыш жиын барысында «Бұл ұсыныс қан­шалықты орынды және оның жүзеге асуы мүмкін бе? Мұндай мәлімдеме отандық білім сапасының төмендегенін көрсетпей ме? Биліктің бұл қадамын дискриминация деп бағалауға болады ма?» сынды сұрақтар төңірегінде өтті.
Саясаттанушы Мақсат Жақау, әлеуметтанушы Айдос Алтынбек, ҚазМемҚызПУ-дың доценті, педагог Сараш Қоңырбаева, саясаттанушы Сейілбек Асанов, блогер Нұрлан Асқарұлы, экономист Мақсат Сералы, тарихшы Талғат Жанысбай және бірқатар магистранттар мен ЖОО-ның студенттері ойларын ашық білдірді.
Сөз тізгінін бастаған «Болашақ» РҚ-ның жетекшісі Дәурен Бабамұрат: «Мемлекеттік қызметке А және Б корпусына өту үшин міндетті түрде магистратура дипломын қажет етеді. Сонымен қатар, магистранттар арасында бәскелесестік туындаған жағдайда шетел дипломы бар магистранттарға артықшылық беріледі. Мысалы, шартты түрде ҚазҰУ немесе ҚазҰПУ-дың немесе т.б да магистратурасын бітірген және шетелдің ЖОО-нын аяқтаған болашақ маманның дипломдары қатар тұрса, сіз автоматты түрде конкурстан түсіп қаласыз. Біздің ойымызша, бұл жедел әрі ойланбай қабылданған шешім. Бұл туралы қарапайым эксперт айтса бөлек әңгіме еді. Алайда, ресми түрде берілген мәлімдеме болғандықтан бүгінгі тақырыптың өзектілігі де сонда. Мұндағы А және Б корпусы дегеніміз не? Жоғары санаттағы мемлекеттік басқарушы тұлғалар, яғни министрлер, әкімдер, президент әкімшілігінің қызметкерлері және сенат, мәжілісте жұмыс атқаратындар. Бүгінде елді басқарып отырған 155 жоғары шенеунік бар. Олар мемлекетті басқарушы тұлғалар болғандықтан, кез келген шешім осы азаматтардың қатысуымен өтеді. Ал, бұлардан шетелдің дипломын сұрау әбестік. Біз неге магистратурада оқимыз, егер мемлекеттік қызметке тұруға теңдей мүмкіншілік бермейтін болса?»,-деді. Сонымен қатар «Бұл мәселе оңтайлы жолға қойылып, жүзеге асатын болса, Қазақстан өзін-өзі басқаратын кадр дайындай алмайды деген сөз. Қала берді қазақтың жоғары білім саласына деген сенімсіздік білдіру», – деп ойын ашық түрде ортаға салды.
Шындығында жиын барысының көздегені, яки мақсаты біреуді қаралау немесе біржақты көзқарас қалыптастыру, үстіртін шешім қабылдау емес. Түйіткілдің түйінін тарқатып, шешімін табу болатын.
Журналист Сейілбек Асанов: «Шетел деген сөз бар. Бірақ нақты қай шетел екені көрсетілмеген. Мысалы, Таяу Шығыс елдері немесе Батыс деп нақты көрсетілуі қажет. Бұл өз тұрғысынан Қазақстандағы білімнің құлдырауына әкеліп соғады. Қазақстандағы білім екіге бөлініп кеткен сияқты. «Болашақтықтар» мен «Қазақстандық» білім иегерлері деп. Бұл өз кезегінде дұрыс емес. Сондықтан қай диплом болмасын, ол еңбекке байланысты»,- деп сөз тізгінін жалғастырды. Осы орайда саясаттанушы Мақсат Жақау: «Біз категорияларды ажырата білуміз қажет. Мысалы, мен Д категориясында жұмыс істедім. Ал менде бұл категория бойынша магистратураның дипломы жоқ. Сәйкесінше біздің қабілетімізге, біліктілік пен тәжірибеге қарады. Консулдық қызметте жүретіндердің басым бөлігі С категория­сы бойынша жұмыс істейтіндер. Бірақ олардың халықпен қалай жұмыс істейтіндері көрініп тұр. Меніңше, А және Б немесе жалпы категорияларды анықтау әлеуметтік жіктелуге алып барады. Тіпті магистратураға түскеннен қабілетің артпайды»,- деп атап көрсетті. 
Тарихшы Талғат Жанысбайдың пікірінше, біз бұл мәселені салалық тұрғысынан да қарау керекпіз. Мұның себебін ол: «Мысалы, жаңа технологияны дамыған елдерден үйренуге болады. Мен қазір тарих мамандығы бойынша магистратурада оқимын. Оны шетелде оқитын болсам, ол жерде Қазақстан тарихын оқытпайды ғой. Соны да ескеруіміз керек»,- деп түсіндірді.
Осылайша, «Тек шетелдік дипломы барлар ғана шенеунік бола алады» деген тұжырымға байланыс­ты пікірлерін білдірген қоғам белсенділері сан алуан ойларын ортаға салды.
Әлеуметтанушы Айдос Алтынбек: «Магистратура шетелдерде жеке кәсіпті дамыту үшін оқытылады. Ал бізде магистратураны мемлекеттік қызметпен байланыстыруымыз қате пікір. Екіншіден «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқитындар, өзін-өзі жоғары бағалайды. Қазақ Түрік Лицейі мен 
Назарбаев мектебін біріктіруді алып қарайық. Мысалы, Назарбаев университеті бірде-бір халықаралық жарыста жеңген жоқ. Бірақ ҚТЛ жеңіп жүр. Бұл дегеніміз, біріктіру арқылы ҚТЛ-дың нәтижесін өзіне енгізу. Бұл заңдастыру арқылы нәтиже көрсетудің бір жолы ғана. Мен өзім 20 шақты «болашақтықтарды» білемін. Олардың 18-і өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген жоқ. Нано технологияларды оқып келгендер, бір компанияда басқа сала бойынша қызмет атқарып жүр. Микрочипті оқып келгендер экономист болып жұмыс істеуде»,- деп ашына сөйледі. 
Экономист Мақсат Сералының айтуы бойынша, А және Б корпусын оқып жүретін азаматтар немесе түскісі келетіндерге Қазақстанның дипломдары жарамсыз деп шетелге барып оқитын болса, бұл біздің ішкі валютамыздың яғни доллардың сыртқа кетуіне себепкер болады екен. Мәслені жан-жақты саралап көрсеткен М.Сералы: «Біз бұл жерде ішкі және сыртқы шетелге бөлінетін қаражаттарды қарастыруымыз қажет. Магистратура тікелей практикалық біліммен келетін дүние. Бакалаврдан кейін магистратураға түсу қателік. Себебі, бакалаврды бітірген адамның практикалық білімі болмайды. Сондықтан ол магистратурадағы тақырыптарды түсінбейді. Салдарынан эфективтілік төмендейді. Мен Қазақстандағы магистратураның сабақтарына қатысып көрдім. Ол жерде 4 жылдық бакалаврдағы білімді 2 жыл қайталау екен. Маған бұл ұнамағандықтан шетелді қарастырдым. Осылайша грантқа түстім. Ол жердегі білім берудің бір өзгешелігі үлкен холдингтердің басшылары мен ірі кәсіпкерлер сабақ береді. Тиімділігі сол, олардың практиқалық сабақтары өте сіңімді болып келеді. Тағы бір мәселе, шетелде оқыған студент сол елдің идеологиясын алып келеді. Сәйкесінше ол Қазақстанда жүрмейді. Себебі қазақтың менталитеті, жүріп өткен жолы басқа. Сондықтан бұл асығыс қабылданған шешім. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы ЖОО-ның магистратура бойынша білім беру саласының төмендігін мойындауымен тең»,- деп білім саласының қабілетсіздігін айтты.
Ал бұл тұрғыда ҚазМемҚызПУ-дың доценті, педагог Сараш Қоңырбаеваның пікірі басқа. Дөңгелек үстел барысында жастардың Қазақстанның болашағына немқұрайлы қарамайтындығын көріп, өскелең ұрпаққа ризашылығын білдірген ұстаз: «Біз педагог-психолог мамандар дайындайтын болғандықтан, білім беру саласындағы барлық заңдар мен жаңалықтарға немқұрайлы қарай алмаймыз. Бұл жаңалық еліміздегі магистратура білімінің төмендеуіне әкеліп соқпайды ма? Бізде білім берудің бірнеше бағдарламалары бар. Еліміз демократиялық қоғамда өмір сүргеннен кейін, бізге шетелдік мамандар келеді. Олармен байланыс орнату үшін шетелде оқыған мамандар керек екен. Сол үшін жергілікті бізде білім алған кадрлардан, олардың бағасы үстем тұрады. Бұл бір жағынан біздегі патриоттықтың төмендігін көрсетеді. Бұл идеяның тек қана қауіпті жақтары емес, сонымен қатар жақсы тұстары да бар. Еліміз жоғары білімге немқұрайлы қарамайтын болады. Диплом болса болды, таныс тамыр арқылы жоғары орынға отырамын деген ой болмайды»,- деп мәселені бір жақты қарастырмағанды жөн деп айтып өтті. 
Жас саясаттанушы Асхат Қасенғалиев Дипломның түсі адамның білімін анықтай ала ма? деген сұрақ төңірегінде ой өрбітті. «Қызыл дипломды алған адам, көк дипломды алған адамнан білімді деген сөз емес. Бәлкім керісінше, көк дипломды қабілетті шығар. Бұл мәселеде осы сұрақ төңірегінде ойланған да дұрыс. Отандық дәрежеде білім алғандардың білімі сәйкесінше шетелде оқығандардан жоғары болуы бек мүмкін. Өз еліңді көркейту үшін, өзге елде білім алу қағидасы қателік. Салдары түйіні шешілмеген түйіткілдердің шарпуына әкеліп соғады. Себебі, кез келген адам шетелде білім ала алмайды. Нәтижесінде жемқорлыққа бой алуға, әлеуметтік жіктелуге әкеліп соғады»,- деді.
Сонымен қатар саясаттанушы Мақсат Жақау: «Қай елге болмасын барсын. Бірақ келгенде Отаныңа қызмет ету керек. Қазекем бекер айтпаған «Билікті құл да, би де жасай алады. Бірақ құлдың аузы бидің аузындай дуалы емес» деп. Мәселе, осында. Шетелдің дипломын алып, дуалы болып отыру емес. Қабілетің, отанға деген адал қызметің болуы қажет»,- деді.
Осылайша, бірінен кейін бірі сөйлеген жиынға қатысушылар «Ел басқару үшін шетелде оқуды міндеттеу уақыт талабы ма, әлде ұлттық сатқындық па?!» деген тақырып төңірегінде тұшымды пікірлерін білдірді. Сөз соңында, «Болашақ» РҚ-ның жетекшісі Дәурен Бабамұрат: «Әлемнің өзін-өзі құрметтейтін мемлекеті ешқандай шетелдің дипломын сұрамайды екен. Бізде тарихы 80 жылдан асатын ЖОО-ы бар. Сондықтан ешқандай мемлекетте жоқ жүйені алып, жоғары санаттағы мемлекеттік қызметке шетелдің магистратурасының дипломын талап ету кем дегенде артықшылық»,- деді.
Нәтижесінде, екі сағатқа созылған жиынның шешімі бойынша құзырлы органдарға талап қойылып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметі істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Қайрат Пернешұлы Қожамжаров мырзаға арнайы хат жолданды.

Самал Бақытбек

arhar.kz

 

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА