|  | 

Ахметтің 40 мысалы

Ахмет Байтұрсынұлы. Емен мен қамыс

Бір көлдің Емен айтты Қамысына,
Сыбайлас көптен бергі танысына:
«Жаратқан мені Құдай сонша артық,
Мықты деп, жер жарылад дабысыма.

Жалғыз-ақ тең көремін Кафтың тауын,
Дүниеде менің қорқар бар ма жауым?!
Қасқайып иілмеймін, бүгілмеймін,
Соқса да қандай қатты құйын, дауыл.

Қорғаймын өзім түгіл, аймағымды,
Болса да қандай аптап, қандай жауын.
Мың сан құс келіп қонсын бұтағыма,
Зәредей көрінбейді маған ауыр.

Бірді олай жаратқан-ды, бірді бұлай,
Бәрінен қор жаратқан сені Құдай.
Жел тұрса, зәрең ұшып, қалтырайсың,
Басыңа, ауырлайсың, қонса торғай.

Жел жүріп, судың беті жыбырласа,
Ызыңдап қүлағыңа сыбырласа,
Бұғасың, бүгілесің сонша төмен,
Тұрамын жарар ед деп жығылмаса.

Егерде жақын жерде болсаң маған,
Ешкімді жолатпас ем, қорғап, саған.
Әуелде сені Құдай жаратқанда,
Аслан сенің жайыңды ойламаған.

Беріпті саған орын суға жақын,
Тұрсын деп құйын, дауыл, дуға жақын.
Көз салып әр тарапқа қарап тұрсам,
Аз екен дүниеде сенен пақыр».

«Құлақ сал, Емен батыр, тоқта азырақ,
Есімі пақырлықтың менен жырақ.
Иілсем, мені дауыл сындыра алмас,
Сындырар сені қайта бұрынырақ.

Ықтияр дауыл соқсын, құйын соқсын,
Уайым менің үшін жеме бірақ.
Дауылдан иілсем де, бүгілсем де,
Мен саған жалынбаймын жәрдем сұрап.

Еменім, сен білмесең, мен айтайын,
Менен де сенің қаупің артығырақ.
Ол рас, сені әлі жеңе алмай жүр,
Кез келмей күші сенен басымырақ.

Дүниеде өзім деме жалғыз мықты,
Адасқан олай ойлап қаталықты».
Болмады сөзін тамам еткенінше,
Бұрқырап, құйындатып дауыл шықты.

Дауылдың екпініне шыдай алмай,
Не түрлі мақұлықтың бәрі ықты.
Қашаннан айла етіп, әдіс алған –
Жабысып жер бауырлап Қамыс бұқты.

Қасарып, қайыспастан Емен тұрды
Дауылға көрсетем деп мықтылықты.
Неғылсын оның Емен екендігін,
Қопарып түбірімен дауыл жықты.

* * *
Білеміз, Қамыс нашар, Емен мықты,
Еменді мықты деген дауыл жықты.
Майысып, қарсыласпай, Қамыс бұғып,
Сынбастан сол дауылдан аман шықты.

Мықты деп болса біреу аты шыққан,
Алысып болмаса жан оны жыққан,
(Кісіге аса қайрат пайда бермес)
Бір күні жазым табар тасқандықтан.

Күштінің ыңғайымен жүргендерді
Ойлама істейді деп жамандықтан.
Болмаса қайратыңа ебің серік,
Опа жоқ құр айласыз мықтылықтан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Ахмет Байтұрсынұлы. Өзен мен Қарасу

    Ахмет Байтұрсынұлы. Өзен мен Қарасу

    Қарасу Өзенге айтты: «Ғажап мұның! Мезгілің бар ма, сірә, табар тыным? Тасисың бірде кеме, бірде салдар, Қайықтың есебі жоқ сансыз мыңын. Суыңда күндіз-түні тыныштық жоқ, Қалайша шаршамайсың, жарықтығым? Бейнетім менің егер сендей болса, Бір күн де төзбес едім, нақ бұл шыным. Байқасам салыстырып саған қарап, Рақат, ұжмақ менің көрген күнім. Ол рас, сендей атақ-дабысым жоқ,

  • Ахмет Байтұрсынұлы. Өгіз бен бақа

    Ахмет Байтұрсынұлы. Өгіз бен бақа

    Бір Өгіз айдын шалқар көлге келді, Жағалап суаты бар жерге келді. Шілденің сарша тамыз ыстық кезі, Бек қатты қаны қашып шөлдеп еді. Су ішіп, көлдің шықты жағасына, Мал еді көз тоятын қарасына. Артықша бір көлбақа күншіл екен6 Сол көлдің бақасының арасында. Өгізді суға тойған Бақа көрді, Секіріп көршісіне жетіп келді. «Боламын мен де сонау Өгіздей»,

1 пікір

  1. Арман

    Ахмет шың ғой

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog