27.04.2024

Мұхтар Әуезов. Оқудағы құрбыларыма

Өзіміз көріп жүрген қандай үлкен нәрсені алсақ, сол үлкенді үлкен қылып тұрған, біраз ғана жиылып шоғырланған алғы кішкене нәрсе. Осы кішкене нәрселер мықты болса, ана үлкендеріміз де мықты болмақ. Ол морт, сынғақ осал болса, әлгі үлкен нәрсе де осал болмақ. Бұл бірді-бірге себеп қылып тізіп, жалғастыра жаратқан жаратушының дүниенің ісіне кіргізген өзгеріссіз жолы.

Жә, осыған қарағанда ұлт тізгінін ұстап тұрған оқығандарымыз, солардың істерінің таудай болып үлкейіп, дабырайып көркеймегіне не шарт? Әрине, бірінші – сол оқығандардың бірлік, берекеде болып шоғырланбағы шарт. Екінші – (олардың) істері маңызды, орнықты, табанды болуы үшін әрбір оқығанның ақтығы, екпіні, білімі (шарт). Рас туғаннан білімді, ұлт ісіне екпінді ақжүрек болып туа қоймалық, бірақ, алдыңғы оқыған қамқор ағалар не ойлап, нені істеп, нені арман қылып жүр. Соны біз істемесек те білу, бетін ұғу керек емес пе?
Біздің мақсатымыз – мал табу, шен тағу емес, надандық неше батпан (болып), үстіне артылып зілдей қылып жатқан ауыр халқымызды өрге сүйреудің әдісін, тәсілін табуға тырысу керек екенін ұмытуға жөн бе? Қашан да болса адам махаббат, мархамат, ақтыққа жастай шөлдесе, жастай сағынып талпынса сүюге, ұлтшылдыққа, адамшылыққа жеткізбекші емес пе?
Бұл жүректің сіңіргіш таза уақытын өткізіп алсақ, үлкейгенде жыласақ та, қалай өзімізді күйінішке жегізсек те әлгі нәрселер келер ме?
Осы туралы өзіміз ретті оқып жүрген бір буын құрбыға айтатын аз назымыз бар. Бұл мезгіл халқымызға ақыры тез. Бұдан кейінгі мінез өмір бойы мінез болып қалады емес пе? Осыған қарағанда біздің көбімізде халыққа мінезімен жақсы болмақ түгіл, оқығандар деген атқа кір жұққызатын, жаман мінездер көп. Оның бірі – карта, газет бетіне қарамайтын, қазақ ісінен хабарсыздық, басы кұралмайтын берекесіздік, үзілмейтін маскарад. Жас уақытын мұнымен өткізген жігіттің үлкейгенде отты, қажымайтын отаншыл болуы дүдәмал.
Жігіттер! Ендігі уақыт жазғытұрғы күншуақтай жанға жайлы емес пе? Осы рахымды күннің жылуына қызып біз де аз ғана білімімізді, аз ғана қайратымыздың кішкене қызметін адамшылық жолына салып, ақтыққа жұмылайық. Қала-қаладан ұйым ашалық. Халықты түзетуді жол қылайық. Бұрынғы жаман әдетті тастауға тырысалық, әйтпесе болыстық тигізетін інілеріміз жетіп келеді деген алдыңғы ағалардың қуанышын күйінішке айналдырып, «қарғайын десе жалғыз, қарғамайын десе жалмауыз» болып жүрмелік. Онда біздің оқымағанымыз, болмағандығымыз артық.

Мұхтар Әуезов.
1917 жыл, 14 қыркүйек «Сарыарқа» газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА