26.04.2024

Руслан Желдібай. «Болашақ» бағдарламасына қалай түстім

10167940_715663201787869_1172942405_nШыны керек, студент кезімізде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсуді армандадық. Неге екенін білмеймін, «Болашаққа» тек таныстары барлар ғана түседі деп ойлайтынмын. Бәлкім, масс медиада жарияланған мақалалардың әсері де болған шығар. Оқуды бітірген соң, кейін мүмкін тәжірибеге барып қайтармын деп шештім де, шетелде оқу туралы ойымнан мүлде бас тарттым.
Уақыт өте келе достарым, бауырларым бірінен соң бірі шетелге оқуға кете бастады. Сонда ғана әділетті өтетініне сене бастадым. Бәлкім, алғашында степендия саны аз болғандықтан әртүрлі әділетсіздіктер орын алған шығар. Кейін Президент степендия санын 3 мыңға дейін ұлғайтқан соң ғана реттелген де болуы мүмкін. Мұны нақты тұжырымдайтын дәлел жоқ. Бәрінен бұрын дәл қазіргі уақытта елімізде мұндай бағдарламаның әділетті өтетініне шын қуандым. Себебі, шын мықты жастарға ешкім де тоқтау болмайды. Дегенмен, өзің емтиханның барлық кезеңінен өткенің басқаша болады екен.
Бұл шешімге АҚШта тіл курсын оқып келген бауырымның үгіттеуімен келдім. Екінші жағынан, осы жылдан бастап «БАҚ өкілдері» санатының енгізілуі де өзінің әсерін берді. Мұндай мүмкіндікті пайдалану қажет деп ойладым. Сөйтіп, барлық емтихандардан өткен соң, осы жылдың 21 тамыз күні «Болашақ» халықаралық бағдарламасының степендианты атандым. Шексіз қуандым. Енді өз тәжірибеммен Сіздербен бөліссем деймін. Себебі, әлеуметтік желіде осыған қатысты сұрақ көп болғандықтан жазуды дұрыс көрдім әрі бәлкім біреуіңіз осы постты оқыған соң тапсырамын деп шешімге келетін шығарсыздар деген ойым да жоқ емес. Сонымен, «Болашақ» бағдарламасына түсу үшін не істеу қажет?!

Өзім үш кезеңге бөлдім.

Қай бағдарлама (магистратура, докторантура, тағылымдама), қай санат бойынша, қай елге тапсыратыныңызды шешу қажет.
Ағылшын тілінен сынаққа дайындалу (ielts емтиханы).
Соңғы емтихандар. Қазақ тілінен, психологиялық тестті тапсыру, коммисиямен болатын сұқбатқа дайындалу.

1-кезең.

Негізі «Болашақ» бағдарламасының сайты арқылы барлық сұраққа жауап ала аласыз. Тіпті, орталыққа хабарласудың да қажеттілігі шамалы. Дегенмен, бір-екі сілтемемен бөлісейін. Ең алдымен, санатты анықтауымыз қажет. Қазіргі кезде магистратура бойынша 6 санат бар. Осы сілтеме бойынша, олардың әрқайсысымен таныса аласыз әрі талаптарын анық білуге болады: bolashak.gov.kz/index.php/kz/pretendentu/trebovaniya
Әр санат бойынша талап әртүрлі. Көбіне, жұмыс тәжірибесіне байланысты. Басты ерекшелік – өз бетімен түскендер академиялық оқуды бірден бастайды, яғни Сізге тіл курсы берілмейді. Өз бетімен түсу үшін шетелдік оқу орнынан шақыртуыңыз болуы тиіс. Ол бойынша, тәжірибем жоқ. Сондықтан, нақты айта алмаймын. Санатпен анықталған соң, мамандықты таңдау қажет. Мына сілтемеде: bolashak.gov.kz/index.php/kz/pretendentu/perechni/perechen-prioritetnykh-spetsialnostej
Егер, Сіз басқа мамандықты оқығыңыз келсе, онда мына сілтеме бойынша сәйкес мамандықтар тізбегін қарайсыз: bolashak.gov.kz/index.php/kz/pretendentu/perechni/perechen-rodstvennykh-spetsialnostej
Негізі құжат саны бар-жоғы 8-9 ғана. Оны жинау мүлде қиын емес. Ең ұзақ уақыт алатыны — 082 формасы бойынша денсаулық анықтамалығы. Мәселен, мен оны №12 қалалық емханасынан ақылы түрде (6 мың теңге) 3 күннің ішінде алдым. Құжаттар ішінде маңыздысы – «ielts» емтиханының қорытындысы. 5 санат бойынша 4 ұпайдан артық жинауыңыз қажет. Егер, Сіз үшін ағылшын тілі қиын болмаса, онда уайымдайтын ештеңе жоқ. Менің тіл деңгейім elementry болғандықтан, тыңғылықты дайындалу қажеттілігі туындады. Тілдің алдын оқысам да, көп қолданбағандықтан ұмытып қалғаным бар. Дегенмен, менде уақыт аз болғандықтан, бірден ielts емтиханына дайындалу қажет болды. Сондықтан, мықты ұстаз табуды басты мақсат қойдым.

2 – кезең.

Бұл ретте, ұстаз мәселесінде маған сәтті болды. Асхат Еркімбай ағамызбен (facebook желісінен таба аласыз) жеке дайындала бастадық. Шыны керек, ол кісінің дайындау технологиясы өзіме ерекше ұнады. Дұрыс стратегия таңдау, күнделікті сабаққа бару, 1,5 айдың ішінде нәтижесі – ielts 5,0 ұпай. Алдын-ала емтиханға жазылып кіріссең, ерекше мотивация болады. Менің нәтижем: Listening — 5,5. Reading – 5,0. Writing – 4,5. Speaking – 5,0.
Негізі емтиханнан 4 ұпай жинау дегеніңіз қиын болып көрінгенімен, іс жүзінде ондай емес. Тыңғылықты дайындалатын болсаңыз, аз уақыттың ішінде алу әбден мүмкін. Дайындалу жөнінде қарындасым 7,5 ұпай жинаған Ақнұр Жидебекқызы постына сілтеме жасағым келеді: blogtime.kz/mumkindikter/ielts-75-aknurdyn-okigasy.html

3 – кезең.

Құжат өткізуде ешқандай қиындық көрмейсіз. Мен 15 минуттың ішінде тапсырдым. Осы ретте, «Болашақ» бағдарламасы ұжымының кәсіби деңгейін атап өткім келеді. Тек, барлығын сайтта көрсетілген тәртіп бойынша алып келуіңіз ғана қажет. Құжаттарыңыз қабылданған соң, 15 күннен кейін Сізді емтиханға шақырады.
А) Қазақ тілінен тест. Бұл мен үшін ең оңай тест болды. Дегенмен, сынақтан өте алмағандар да кездесті. 3 сағаттың ішінде 150 сұрақтан 85 жинауыңыз қажет. Мен 133 ұпай алдым. Мына сілтеме бойынша қарап көруге болады: kazakhtest.kz/KAZTEST/
Ә) Психологиялық тест. Бұл тест бойынша 99%-ы өтетінін біліңіз. Аса ауыр емес. Шамамен 478 сұрақтың 350-і Амтхауэр тесті бойынша келеді, қалғаны қарапайым психологиялық сұрақтар. Интернетте көптеген сілтеме бар. Сол бойынша 3-4 рет тапсырып көрсеңіз, емтихан кезінде мүлде қиын болмайды. Тек есептерді шығару кезінде калькулятор пайдалануға, кітапшаға жазып шығаруға болмайды.
Б) Ең бастысы – коммисиямен болатын сұқбат. Дәл осы жерде Сіздің түсетініңіз шешіледі. Сондықтан, тыңғылықты дайындалу қажет.

Негізгі сұрақтар:

Неліктен тапсырамын деп шештіңіз?! Кейін қандай жоспарыңыз бар?!
Конституцияны толық жаттап алу қажет.
Мамандық жайлы толық білуіңіз керек, сосын қазіргі салаңызды жетік білмесеңіз қиын болмақ.
Қазақ тарихын толық қайталап шығуыңыз тиіс. Кез-келген кезеңнен қоюы мүмкін.
Жеке қабілеттеріңізге қарайды. Өзіңізді ұстауыңыз, жауап беруіңіз, психологиялық ұстанымдылығыңыз ерекше маңызды. Сондықтан, сенімді жауап беріңіз.
Сұқбат 10 минуттан аспайды. Сұрақты ағылшын тілінде де қоюы мүмкін. Қысқасы, барлығына дайын болыңыз.
Егер, осының барлығын өтсеңіз, Сіз «Болашақ» степендиясының иегері атанасыз.
Осы постты оқыған соң, тапсырамын деп шешсеңіз, Сізге сәттілік тілеймін!

http://gonzo.kz сайтындағы автордың жеке блогынан алынды.

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА