26.04.2024

Бұрынғы оқу мен бүгінгі оқудың екі арасы

Мектеп табалдырығын алғаш аттап, қазақша хат тани бастаған жасөспірімнің жанына ең жақын кітап, әлбетте, «Менің атым Қожа». Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі өмір суреті көрініс табатын шығарманы қай ұлт өкілінің баласы оқыса да, жатырқамай жақын қабылдайтынының сырын аштық па, ашпадық па – өз алдына бөлек әңгіме. Қожа мен Жантас паралелі өмір бойы үзілмейтін желі. Дүниені ұстап тұрған сұлулық пен әдемілікке жетудің жолын көркем дүние ұсынбаса да, соған баратын әрекетті бейнелеп жасап, ажарын аша түседі. Білім күні қарсаңындағы әңгімені бастамас бұрын баланың жан дүниесіне үңілген «Менің атым Қожаны» ауызға алудың өзі тегін емес-ау!..
Бүгінгінің сөзі «Батыстың білімін алған», «Еуропа көрген» бола ма, жоқ өз елінің білімін алып, өзін күнде жетілдіріп жүрген адамға бағыттала ма – оны болашақ көрсетер. Айтпағымыз сол оқығандар мен білімділердің һәм білімдіге жол көрсетер ұстаздардың бүгінгі жай-күйі.
Иә, мектептің табалдырығынан енді-енді аттайтын балдырғанның, мектепте білім алып жүрген балалардың өз әлемін бейнелеуі ерекше ғой. Таза, кіршіксіз бала қиялымен аяулы һәм қадірлі болашағына ұмтылар. Алайда, болашаққа жоспар тек арманнан тұрмайтынын да білдіріп қойған ләзім. Себебі бүгінгі заманның иесі – білімді жандар.

Қараңғы қазақ көгіне…

Құдайға шүкір, осы күні бізде «қараң¬ғы» жоқтың қасы. Еліміздің ұстанымы бойынша, белгілі бір білім деңгейін тегін алуға мүмкіндік беретін саясатқа байланысты осылай деуге болатын шығар.
15 жастағы және ересек халықтың сауаттылығы, халықты оқумен қамтама-сыз ету көрсеткіші – сол елдің білімінің қаншалықты дәрежеде екенін сипаттайтыны белгілі. Қандай да бір адамның ша¬ғын болса да мәтінді оқу, түсіну және жазу қабілеттілігі арқылы оның сауатты не сауатты емесін де анықтай аламыз. Сауаттылықтың дәл осы көрсеткішіне қа¬тысты бұл күні әлемнің көзқарасы өзгерген. Ол жайында кейінірек…
Қазақстанның мысалында, біздегі ересек адамдардың сауаттылық көрсет-кіші 100 пайызға жақын. Тек… Бізде ғана емес, дүниежүзінде де өз елінің білім, сауаттылық көрсеткішін анықтайтын өз параметрлері, өз стандарттары бары белгілі. Соның ішінде, PISA халықаралық зерттеулерінің рейтингінде Қазақстан сауаттылығы бойынша 65 елдің ішінде 59-шы орын алған екен.
Мұндайда оқушылардың нақты және жаратылыстану ғылымдары бойынша халықаралық және тағы басқа олимпиадалардан алған жүлделі орындары еске түсіп, бұл зерттеулердің нәтижелерін мойындамаймыз деп табандап тұрып алуға болатын шығар. Алайда, зерттеудің аты – зерттеу.
Бұдан өзге, Халықаралық математика және ғылыми білім беру саласы бойынша жыл аралатып жасалатын зерттеулер де бар екен. Төртінші және сегізінші класс оқушыларының математика мен жаратылыстанудан білім сапасын бағалайтын зерттеуге көптеген әлем елдері қатысады. Бұл көрсеткіштер бойынша біресе жоғары, біресе кері нәтиже көрсетіп жүретініміз тағы бар.
Ал PISA – 2012 зерттеуіне еліміздің 218 білім беру ұйымынан 15 жастағы 5808 білім алушы қатысып, 65 ел арасында математикадан cауаттылығы бойынша 49-шы орынды, жаратылыстану ғылымынан – 52-ші орынды және оқу сауаттылығы бойынша – 63-інші орынды иеленіпті. Өзі 65 елдің ішінде, сауаттылық бойынша 63-ші орынды иелену деген қан¬шалықты «дұрыс» көрсеткіш екені жайлы әңгімені айтарда, тағы да «бізде халықаралық жарыстардан үздік келетін оқушылар көп-ақ» деген жұбату әнін айта береміз бе, оң-солымызға қайта қарайлаймыз ба, тағы да болашақтың шаруасына балай тұралық.
Айтқандай, халықаралық жарыст¬ардан жүлделі орын алып келетін оқу-шы¬ла¬ры¬мыздың нәтижелеріне күмәндану ойымызда жоқ. Дәл сондай дарынды балалардың жанкештілігінің арқасында Қазақстан білімінің құлдырап бара жатқан рейтингісінде өз абыройын сақтап отырғанын айту керекпіз. Сөйте тұра, біздегі төмен көрсеткіштерге де шын¬дықтың көзімен қарап үйренсек, қане?
Progress in International Reading Literacy Study (PIRLS) – бастауыш сынып оқушыларының мәтінді оқу және түсіну сапасын зерттеуге арналған Халықара¬лық жоба бесжылдық мерзіммен өткізі¬летін көрінеді. 2011-2020 жылдар аралығына арналған Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан аталмыш зерттеуге 2016 жылы қатысуды жоспарлап отыр. Күні ертең сол зерттеулерден де «бетті басып» келмеуіміздің жайын бүгін қарастырсақ керек-ті.
Сарапшылардың мәлімдеуінше, дамыған елдерде мектепте ал¬ған білімінің 40 пайызын кәдеге асырады екен. Енді ойланып көріңіз. Біз мектепте алған білімнің қаншасын кейінгі өмірімізге азық қылдық? Мектепте күн¬бе-күн берілген тапсырманы жаттап келіп, тақылдап айтып берер озат оқушыны тәрбиелегенде оның бүгін алған білімін ертең қалай жаратарын сұрадық па?
Бүгінгінің біліміндегі тағы бір мәселе – кітап оқыту. Кітап оқу – қазіргі жастардың басты проблемаларының бірі. Ресми деректер мектеп жасындағы балалардың 40 пайызы әдеби мәтінді дұрыс түсіне алмайтынын айтады. Өз тілінің әдебиетін түсінбеу қандай трагедия екенін айтпай-ақ қоялық. Ең қарапайым мысал, сол туған елінің әдебиетін түсінбейтін ұрпақ өсе келе ауызекі сөйлегені болмаса, өз тілінде өз ойын сауатты әрі дұрыс жеткізе алмайтын дәрежеге жетпейтін бе еді? Иә, бүгінгі жастармен өз тілінде сөйлесіп, дұрысы түрлі әлеуметтік желілер арқылы хабар алмасып көріңіз, өзіңіз көз жеткізесіз. Олар қазақша сауатты жазуды – мек¬тептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі алдында диктант, шығарма не мазмұндама жазу деп қана түсінеді-ау деген күмәнді ойға келесің. Сондықтан болар, олар көшеде біз түсінбейтін жарнаманың қазақша тіліне түсінеді. Сондықтан болар, олар біз көрген қате¬лерді байқамайды.
Қазіргі мектеп оқушыларынан сұраңыз, ілуде-біреуі әдеби кітаптарды оқиды. Тіпті, оқыған кітабының өзі мектеп бағдарламасының аясындағы әдебиет. Оны қойшы, бүгінгі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздарының кей¬бірі кітапқа аты және шығармасы енбеген ақын-жазушыларды білмейді. Сондықтан болар, бүгінгі оқушы үшін қазақ әдебиеті – өткен шақ. Бүгінгінің шығармасын, бүгінгінің кейіпкерін оқыта алмасақ, мектепті сауатты жазу мен сауатты оқу жайлы бірдеме айтқымыз келетіні де жалған болып шықпай ма?
Бүгінгінің білімін алатын оқушы – жаңа заман технологиясымен жақсы таныс. Ең қарапайымы – қолындағы телефоны, смартфонын һәм планшетін күніге он аударып, он төңкереді. Олардың бәрі әлеуметтік желілерде отырады деу де – қателік. Жаңа заман технологиясын ұтымды пайдаланып, электронды кітаптар оқып, ғылыми-танымдық сайттардың мәліметін ақтаратындар да жеткілікті. Тек, солардың қазақ тіліндегі электронды кітаптарды оқып отырғанын сирек байқайсың. Жоғары технологиялары дамыған бүгінгі заманда мәтін электронды түрге көшкен. Түрлі ұялы телефондарға бейімделген электронды кітаптар, әдебиеттер қазақ тілінде де баршылық. Соларды оқып жүрген болар деп көңіліңді жұбатуға болады. Жаңа заманның жаңа құндылықтарын ерекше қадірлейтін бүгінгі білім алушыға қанша жерден қағаз кітаптың интеллектуалдық жағы¬нан жоғары деңгейде тұрғанын айтқаныңмен, олар өз телефонына үңіледі…

Біздің заманның ұстазы

Білім саласындағы жағдайға ықпал ететін қоғамдағы басты өзгерістердің бірі – қоғамның ғарыштық жылдамдықпен өзгеруі. Яғни мектеп баланы әлі өздері толық біле бермейтін өмірге үйретуі керек. 2014 жылы мектеп табалдырығын аттаған бала шамамен 2025-2030 жылдардың іргетасын қалайды. Ал ол заманның технологиялық, психологиялық, қоғамдық сұраныстары мен өзгерістерін мұғалім мен мектеп тұрмақ, бұрынғының көріпкелі мен жауырыншылары да дәл болжай алмас. Сондықтан да бүгінгі заманның ұстазы өз шәкірттерін өзгермелі қоғамның шындығына бетпе-бет келе алатындай етіп тәрбиелей білуі керек қой.
Әрине, мектеп оқушылары осы күні әлемнің бет алған бағыты мен бүгінгі шындығын Ғаламтор мен теледидардан, тіпті құрдастарынан «біліп алуы» мүмкін. Себебі, бүгінгі оқушы компьютерді жақсы меңгерген, заманауи техниканың «құлағында ойнайды».
Ал ұстаз ше? Ол сол баяғы заманалардан жеткен сұрғылт боры мен көнетоз портфелін құшақтап қалған жоқ па? Әлде, түрлі мемлекеттік білім сапасын жақсартуға арналған бағдарламалардың арқасында алыс аймақтарға жөнелтілген интерактивті тақталары мен жаңа технологиялық құрылғылары арқылы оқу¬шы¬ла¬рының назарын баурап ала алды ма?
Мұғалімнің мәртебесі төмендеп кет¬кенін күнде айта беруге болар. Алайда, оның мәртебесін көтеру қоғам тарапынан да, оқушылар, мектеп, керек десеңіз, мұғалімнің өз тарапынан да жүргізілуі тиіс екенін де ұмытпаған жөн-ау.
Ауылға жиі ат басын бұратын өз тәжірибемізден айтсақ, шалғайдағы мұ-ғалім әлі күнге ауыл үшін сүт бетіндегі қаймақ саналатынын мойындауға тиіс¬піз. Иә, мұғалімнің қадірін күнде жиналатын ақшалар, тіршіліктің күйбеңі, саяси-қоғамдық науқанға қатысу міндеттілігі төмендетсе, төмендететін шығар. Алайда, ауылда тұрақты табыс тауып отырған кәсіп иесінің бірі – дәрігер болса, екіншісі – ұстаз. Тек осы тұрғыдан, яғни тұрақты еңбекақы ала алатын мүмкіндігі тұрғысынан мұғалім мамандығы – ауыл үшін мәртебе екені де рас.

Қаладағы жағдай, әрине, ауылмен салыстыруға келмейді.

Ең қарапайым мысал, қалалық мұғалімдердің түрлі мұражайлар мен театрларға, мәдени орындарға, мәдени-әдеби кештерге баруға құлықсыз. Неге құлықсыз болсын, өзі ағарту ісінде жүр¬ген¬дер ондай мәдени ошақтардан қалғы¬сы келмейтін шығар. Бәлкім, қоғам тарапынан ұстаздар үшін сондай мәдени ме¬ке¬мелерді су тегін қылмай-ақ қоялық, арнайы жеңілдіктер жасау туралы ойлан¬сақ та болар еді ғой.
Ал біз өтпей қалған кітаптар мен сатылмай қалған билеттердің құнын мұғалімнің жалақысымен жапқымыз келеді.
Осы күні жаңа заманның ұстазы туралы айтқанда, ер мұғалімдер мен әйел мұғалімдердің арасалмағы туралы да әңгімеге бір соқпай өтпейміз. Англияның орта мектебінде әйел ұстаздардың салмағы – 53%, Францияда – 57%, Германияда – 46%, Ресейде – 80-90% екен. Біз де осы соңғы мысалдың айналасындамыз-ау деген сенімді ой келеді. Тіпті, бастауыш мектепте дене тәрбиесі сабағында болмаса (оның өзінде де қазір әйел мұғалімдердің саны артып келеді) балалар ер адамды мүлде көрмейді деуге болады. Демек, қалайық, қаламайық, бү¬гінгі заманның нағыз мұғалімі туралы сөз қозғағанда көз алдымызға әйел бейнесі келеді.
Бүгінгі мұғалім дегенде елестейтін тағы бір бейне – қызметші. Иә, иә, қыз-мет¬кер емес, қызметші. Себебі, бүгінде мұғалім мен ата-ана қарым-қатынасы да ерекше бір түрге көшкен. Осы күні білім беру – қызмет көрсетумен тең. Сондықтан ұстаздың мәртебесі – қызмет көрсету саласындағы еңбеккердің мәртебесімен бірдей болып қалды. Яғни ұстаз – қызметші. Оның бала бойына сіңіретін немесе сіңіруі тиіс рухани, тәрбиелік қыры көлеңкеде қалып қойғандай.
Бүгінгі нағыз ұстаз туралы сөзді 21 тамызда Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов те айтты:
«Ақпараттық технологиялар қоғамдық тұрмыстың барлық саласын қамтыған елдерде ХХІ ғасыр мұғалімінің бәсекелестік басымдығы айқын көрінеді.
Сонымен, сабақ өткізу барысында:
– пайдалануды жоспарла¬ғандықтан, дәріс оқыр кезде оқушыларыңыздың смартфондарын қосып қоюын өтіне алсаңыз;
– мұқият тексерілген әрі оқытушылардың өздері мойындаған зерттеу жобалары үшін әр алуан интернет-дереккөздерін пайдалануды талап ете білсеңіз (оқушылар тек тексерілген дереккөздерді ғана пайдаланатын мектеп сайттарын жасақтау тәжірибесі бар);
– оқушыларыңыз өзге елдердегі құрбыларымен бірлескен жобаларды атқара алса;
– сіз күн сайын мектепте болып жатқан уақиғалар туралы өз блогыңызда хабарлап отырсаңыз;
– кәсіби дамудың маңыздылығын ескере отырып, блогтарды оқып, желілік қоғамдастықтарға қосылып, твиттер жолдап, төрткүл дүниедегі адамдармен пікірталастырып отыра алсаңыз;
– әр алуан елдегі әріптестеріңізбен оқыту жоспарыңыз жөнінде ақылдаса білсеңіз;
– әдеби кейіпкерді немесе тарихи тұлғаны зерттеуді оқушылардан өтінсеңіз, олар сол адамдар атынан әлеуметтік желіде бейін жасай алса;
– сынып бөлмесінен шықпастан, интернет пен тиісті сайттар арқылы… оқушыларыңызды Луврға саяхат шегуге шақырсаңыз;
– өз оқушыларыңыздың ерекше әрі тәуір жұмыстарын бүкіл әлемге таныта алсаңыз және т.б. – нағыз осы заманғы ұстаз болғандығыңыз».
Иә, ғажап! Заманауи нағыз ұстаздың өте жақсы балама нұсқасы. Тек, осы күні мұғалімдерді өз қызметінен бөлек, журналист қылып жібере жаздаған (мектепте мұғалімдерге жылына бір рет өз тә¬жір¬биесін БАҚ беттерінде бөлісуге ресми болмаса да міндеттеп жүргені жасырын емес) қоғам, енді оларды SMM маманына айналдырып жіберіп жүрмесе деңіз.
Әйтпегенде, «біздің заманның мұғалімі қандай болуы керек еді» дегенде жаңа заманға кірпіш болып қаланатын шәкірттерді тәрбиелейтін ұстаздардың да сол заманның тұлғасы болғанын қалайсың ғой.

Білімді, білгір мектеп болу…

2010 жылғы дерек бойынша, әлемде 300 млн. -ға жуық бала мектепке бармайды екен. Жалпы, білімді тегін беретін Қазақстан мысалында мектепке бармайтын бала жоқтың қасы. Сауатты халықтың үлес салмағы 100 пайызға жақын дейтініміз сондықтан. Сауаттылық дегеніміздің оқу, жазу, түсіне алу екенін де айтқан болатынбыз. Алайда, осы күннің мамандары сауаттылықтың оқу не жазу ғана емес, тіпті қайталап оқи білу де емес, бір орында тоқтап қалмау екенін айтады. Ал бізде ЖОО бітіріп, өзін сауаттылардың қатарына қосып қойып, үйінде жатқандар қаншама?
Қазақстанда 2012 жылғы мәліметтер бойынша, мектепке дейінгі ұйымдар саны жеті мыңнан асады. Жалпы, білім беретін мектептер саны сегіз мыңға жуық. 2012 жылы білім беру саласына 193695,0 млн. теңге инвестиция салынған. Әдетте, осындай статистиканы келтіріп тұрып, біздің елдің білімді, сауатты екенін мақтанышпен айтатынымыз бар.
Иә, бір нәрсені мойындауымыз керек, осы күнгі жұрт көп нәрсені біледі. Тіпті, қайбір елдің бас қаласын айт де¬сеңіз, тақ ете қалуы мүмкін. Оның бастан өткерген тарихын да тамылжыта әңгі¬ме¬леп беруге қабілеті жетеді. Ал, өзімізді ше? Өзімізді не толғандырып, не ойлантатынын, бізге не қажет екенін қан¬шалық¬ты біліп болдық?
Өзімізге не қажет екенін біліп болмайынша, өзімізді білімді ұлтқа, білгір ұлтқа жатқызу қаншалықты дұрыс?
Иә, осы күні де университеттеріміз қаңырап тұрған жоқ. Студенттер Қазақстанды қойып, түрлі елдердің ғажап ЖОО-ларында біліммен сусындап жүр. Олардың ішінде арманына адалдары да көп екеніне сенгіміз келеді. Сене отырып, тағы бір нәрсені мойындауға мәжбүрміз. Бұрындары оқу – мәртебе еді. Осы күні оқу – қажеттілік. Бұрындары қай ЖОО-да оқуын талапкердің арманы шешетін еді. Осы күні бәрін ҰБТ-дағы жинаған балыңмен қатар, сен ұмтылған мамандыққа мемлекет тарапынан бөлінген орын біледі. Сондықтан әйтеуір бір оқу үшін, дәлірек айтсақ, студент атанып, диплом алуың үшін былтырғы жылдың қорытындысын қарап, «мына мамандыққа түсіп қалуым мүмкін-ау» деп университет жағалап жүргендерді көп көретін болдық.
Студент атану үшін ғана университетке түсу деген ойды да мектеп қабыр-ғасынан сіңіріп алатынымыз тағы бар. Себебі, осы күнгі мектептің білімділік көрсеткіштерінің бірі – мектеп түлектерінің қанша пайызының ЖОО грантын ұтып алуына да байланысты…

Қарагөз СІМӘДІЛ.
«Қазақ әдебиеті» газетінен

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА