27.04.2024

Совет Хан ҒАББАСОВ. ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА КӨЗҚАРАСЫ.

Адам тәрбиесінде осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқан сәйкессіздіктің ең тұрпайысы, бүгінге дейін ПЕДАГОГИКА мен ПСИХОЛОГИЯНЫ біртұтас бірлікте қарамай, керісінше екі бөлек байланыссыз ғылымдар тәрізді қолданылуы болып табылады. Екеуінің де шыққан тегі – АДАМ баласынан пайда болатындықтан, ендігі жерде Педагогика мен Психологияның МЕТОДОЛОГИЯСЫ – ЖҮЙЕЛЕРІ – НЕГІЗДЕРІ – біреу-ақ екенін мойындамай болмайды. Міне, бұл да осы уақытқа дейінгі АДАМ ТӘРБИЕСІНДЕГІ аса ауыр қателіктердің бірі болып табылады. Сайып келгенде, мұны да Педагогика мен Психологияның теориясындағы кетік немесе ахау десек, артық айтқанымыз емес. Ендеше, жоғарыдағы терең талдаулардан өткен Халық педагогикасының екі деңгейлі Методологиясы /биологиялық индивид және сананы жетілдіру/ Жүйелері /жүрек тәрбиесі мен ақыл тәрбиесі/ жеті түрлі Негіздері бұдан былай Психология іліміне де теориялық негіз болып табылмақ. Себебі, Адамның болмысындағы ЖАН мен ТӘН қандай бірлікте болса, ПЕДАГОГИКА мен ПСИХОЛОГИЯ да соншалықты ажыратуға келмейтін бірлікте екендігі ­ дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бұларды бұрынғыша бөлек-бөлек қарастыру, бүгінгі ғылыми жетістіктермен де сәйкес келе бермейтінін түсінуіміз қажет.

ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМНІҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕСІ.

Инновация ( лат., in – ша, novus – жаңа ) жаңаша түсінік, жаңалық ?!
Ғылыми негізге сүйенген жаңашылдықтың ең негізгі көрсеткіштері, мектептер мен жоғарғы оқу орындарындағы, бұрынғы қалыптасып қалған дәстүрдегі іс тәжірибелермен салыстырғанда, мүлдем жаңа технологиядағы прогрессивтік бастамалар болып табылады. Сондықтан да, инновация бүкіл білім жүйесіндегі тәрбие мен оқытып үйретуге үлкен өзгерістер әкеледі. Ол өзгерістердің бағыттары:
• Мақсаты, мазмұны, әдісі және технологиясы, ұйымдастыру түрлері мен басқару жүйелері;
• педагогикалық қызымет пен оқыту танымдылығын ұйымдастырудың стилі;
• бақылау жүйесі мен білім деңгейінің бағасы;
• қаржыландыру жүйесі;
• оқу әдістемелігін қамтамасыз ету;
• тәрбие жұмыстарының жүйесі;
• оқу жоспары мен оқу бағдарламалары;
• оқытушы мен оқушының қызыметтері;

Тарихи көлемде жаңалық атаулының деңгейі салыстырмалы түсінікпен бағаланады. Жаңалық қашанда нақтылы тарихи кезеңдермен астасып, кейде «уақытынан ерте» , немесе «кеш» келіп жатады.
Мектептер мен жоғарғы оқу орындарындағы жаңалықтың жетілуі және білім беру жүйесінде былайша ескеріледі:
• абсолюттік жаңалық (аналогсіз және прототипсіз);
• салыстырмалы жаңалық;
• жаңалықсымақ (ұсақ ізденулер);

Мектептер мен жоғарғы оқу орындарына енгізілетін жаңалықтар әртүрлі негізде топтастырылады. Енгізілген жаңалықтың бірінші классификациясы, педагогикалық процесске байланысты. Оған төмендегідей жаңалықтардың типтері жатады;
• білім мақсаты мен мазмұны;
• педагогиканың әдістемелік, құжаттық, технологиялық процессі;
• тәрбие мен оқытудың түрлері мен ұйымдастыруы;
• оқытушы мен оқушының әкімшілік қызыметіне қатысы;

Жаңалықтың екінші классификациясы білім беру жүйесінің көлеміне байланысты. Бұл былайша жіктеледі:
• өзара байланыссыз шағын және бірлі жарым түрі;
• бірімен бірі байланысты комплексті түрі;
• Мектеп пен жоғарғы оқу орнын жүйелі қамтитын түрі;

Үшінші классификация инновациялық потенциялардың белгілеріне байланысты жүргізіледі. Олардың белгілері:
• Белгілі модификацияның жетілдірілуі мен өзгертілуі (оқу жоспары, бағдарламасы, құрылымы);
• Жаңалықтың ескімен кіріктірілуі;
• Радикалды өзгерісі;

Жаңалықтың төртінші классификациясы өзінің алдындағысымен топтастырылған белгілерімен үндесуі. Мұндай жағдайдағы жаңалықтар орнын алмастыру, мүлдем ауыстыру сипатта болады. Мектеп пен жоғарғы оқу орындарын жаңарту идеяларымен көрініс береді;
• мұндай қажеттілік бүкіл Елде, аймақта, қалада, ауданда, әлеуметтік сипат алады;
• мұның өмірге енуі – заңда, қаулыда т.б. іс қағаздарымен бекітіледі;
• адам жайлы комплексті ғылымдар жетістіктері;
• педагогикалық тәжрибе жетістіктері;
• адам тәрбиесін түйсіктік және саналық педагогикамен үндестіру;
• эксперименттік іс тәжрибелердің жетістіктерін пайдалану;
• шетелдік тәжрибелерді ескеру.

ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ИННОВАЦИЯСЫ

Бүгінгі әлемдегі жүріп жатқан жаһанданудың ең негізгі мақсаты, бүкіл жер жүзінің азаматын тәрбиелеу – атты идеямен құлшынуда ?! Оны жер бетіндегі халықтар қолдап отыр ма, онда шаруалары жоқ. Бұл ежелден келе жатқан европацентризм методологиясының жаңа көрінісі – екені айдан анық. Міне, бүгінгі білім беру жүйесінің негіздері, халықаралық деңгейге көтерілуін талап етіп отыр. Сондықтан да, университеттердің оқу бағдарламары «көп мәдениеттілікті» бағыт алуға тырысып жатыр. Мұның бәрі де, сол ғаламдану саясатына байланысты жүруде?!..
Қазір әлемдегі көптеген жоғарғы оқу орындары бір бірімен интеграцияға түсіп жатыр. Біраз елдерде университеттер өндірістік бірлестіктермен бірігуде. Ғылыми ізденістердің базаларын осылайша құрып, бүгінгі кәсіп орындары мен фирмаларға қажет аса зәру мамандарды өздері дайындамақ.Қазақстандағы дәстүрлі университеттер отандық ғалымдар мен мамандарын құрметтеумен қоса, шетелден де мамандар шақыруды жиі пайдалана бастады. Бүгінгі Отандық университеттердің басты принциптері:
• ғылым мен өндірістің өзара бірлестігімен мамандарды дайындау;
• білім беру жүйесінің әр деңгейінің өзара үндестіктерін қамтамасыз етіп, университет бітірушілерді мәдени творчество мен жоғарғы корпоратиптік деңгейге жеткізуді мақсат етеді;
• Азаматтық сананы тәрбиелеу;
• Университеттегі өмірді, зиялылық пен жоғарғы рухани деңгейге жеткізуді, саяси құрылым мен экономикалық жағдайға тәуелді етпеу;

Инновацияның критерлік бағасы:
1. Жоғарғы оқу орындарындағы өзгерістердің масштабы. Жаңашылдықты, тек бір факультетке ғана енгізіп, оқу жоспары мен бағдарламаны ғана өзгертуі мүмкін. Ал бұдан да көлемді өзгерістерді басқару құрылымдарына енгізіп, студенттердің кәсіптік оқуы мен ғылыми зерттеудің түрлерін де, технологиясы мен халықаралық қатынасына дейін өзгеруі мүмкін. Егер жоғарғы оқу орны өзінің келешектегі жетілуін жеделдеткісі келсе, онда әртүрлі инновацияларды кең көлемде енгізіп, барлық бөлімдерін жұмылдырмақ.
2. Жаңа өзгерістерді енгізудің тереңдіктері. Бұл критерияның деңгейінде, бұрынғы аналогтар мен прототиптердің жаңаруынан, жоғарғы оқу орнының бүкіл бөлімдерінің өзгерінен – оқыту сабақтары, оқытушы мен студенттердің қызыметтері, тіпті абитуриенттерді қабылдаудың таңдауы да жоғарламақ. Оқу орны комплексті – «педагогикалық гимназия» «педагогикалық колледж» «педагогикалық университет» болып та өзгермек.
3. Жаңалықтың деңгейі уақытқа орайласпақшы. Жаңашылдықтың бұл критериясы мынадай классификацияға – «ауыспалы» «өзгермелі» «ашылмалы» жағдайларға келуі мүмкін. Мәселен, «АШЫЛМАЛЫ» бұл жаңа мамандық, жаңа технология мен жаңа бөлімшелерді ашады.

МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН МАЗМҰНЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯ

Мектеп пен өмір байланысы.

Отар халықты арбау мен алдауға құрылған империя саясатының залалы, оқу ағарту жүйесінің өмірмен еш байланыссыздығында болатын. Мектеп оқушылыары өмірді кітап беттерінен ғана үйреніп, жасандылықпен алған білімдері күнделікті тіршіліктен тым алшақ тұратын. Мектеп шәкірттеріне өмірмен байланыстыра білім беруді ең негізгі мақсатына айналдырмай, ол білімнің өміршеңдігі мен тіршіліктегі қолданбалығын қамтамасыз ете алмақ емес. Ендеше, мектеп оқушысы білім алу жүйесінде, айналасындағы тіршілік тынысымен тығыз байланысты болуы керек. Ол үшін жергілікті ауыл шаруашылығымен немесе, жаңаша айтқанда фермерлер мен бизнестегі кәсіпкерлердің жұмыстарымен, нарықтық қоғамдағы мамандардың өмірлерімен жіті танысып, жан жақты байланыста болу арқылы ертеңгі тіршілігіне қажет білімге саналы түрде дайындалуы қажет.

Мектеп реформасы

Кешегі Кеңес кезінде де, мектеп реформасына кіріспек болды.Бірақ дұрыс жүйесін табалмай қиналды. Әйтседе, оның алдына қойған мақсаттары жаман емес еді. Ең алдымен биік тағылымды, рухани терең білімді азаматтарды тәрбиелеуді негізгі бағдарына алған болатын. Бірақ, осыған қалай қол жеткізуге болады ? Неден бастап, қалай істеу керек ? Құнарлы да, мазмұнды тәрбие көзі қайда ? Міне, осыншама күрделі қиын сауалдарға жауап та іздеп көрді. Бірақ, бұл бастама жол айырықта қалған бойы үзілді. Жыйрма бір жылға созылған егемендігімізде де, білім уәзірлігі әлі де дұрыс жауабын табалмай отыр. Себебі, олар ғылыми негізделген жүйеге емес, солқылдаған солық пен еліктеушіліктен арыла алмай, әр министр өз ойына келген реформасын эксперименттеуден жалығар емес. Ұрпақ тәрбиесін ойынға айналдыруға болмайды. Әйтседе, бүгінге дейін жалғасып отырған білім беру жүйесіндегі кемшіліктерді ашып айтсақ, бүгінгі талапқа сай мектеп мазмұны, тікелей оның құрылымына байланысты екенін түсіне алмай, бүгежектеумен уақыт оздырып келеді. Он екі жылдықтың бүкіл мәні мен мазмұнын – бір жылды қоса салып қана шешпекші болған тұжырымдардың күлді бадам сипаттары осында жатыр. Қашанда кез келген құбылыс пен заттардың құрылым формасы, оның ішкі мазмұны мен атқарар қызыметін анықтайды. Құрылымын баяғыша қалдырылған мектеп, ешуақытта да бүгінгі уақыт талабына сай болуы мүмкін емес…
Енді міне, империя құлап, соның самалымен сергіген кешегі отарланған халықтыр, өздерінің келешек ұрпақ тәрбиесінің концепциясын жасаумен шұғылдана бастады. Себебі, осы уақытқа дейін көптеген ұлттар, өздерінің ұрпақ тәрбиесінің үлгісін де, оқу ағарту жүйесінің мазмұнын да жасап көрмеген болатын. Олар империялық саясаттың ықпалымен, көшірме нұсқадағы үкімді үлгі мен аударма оқулықтардан бөтен ештемеге де мойын бұруға құқы жоқ болатын. Осындай тәрбие мен білім берудің ақыры, көптеген халықтарды дәстүр салттарынан ажыратып, бейруханилық пен мәңгүрттікке бет бұрғызған еді.
Бұл орайда, қазақ халқының жағдайы, тіпті өрескел күндер мен жылдарды басынан кешті. Оның салқыны бүгінге дейін еңсемізді езіп, етегімізден тартып отыр. Ал егер де кез келген халықтың келешек ұрпақ тәрбиесі, өзінің ұлттық психологиясы мен халық педагогикасынан нәр алмаса, оның алған білімі жаңылтпаш тәрізді, түсінуі қиын түйіршіктерге айнала беретіні белгілі ғой. Мұндай тәрбие мен білімнің барар жері мен құлар құзы біреу ақ…
Жер бетіндегі әртүрлі халықтардың өздеріне тән психологиясы мен салт дәстүрлерінде, өзгеге ұқсамайтын өздеріне ғана лайықты ерекшеліктері бар екені белгілі. Міне, осы ерекшеліктерді қандай халық болмасын, өзінің ұрпақ тәрбиесінің үлгісіне ерекше ұқыптылықпен пайдалану ауадай қажеттілік екен. Мәселен, салыстыру үшін, Азиядан – Жапонияның оқу ағарту жүйесін, Европадан – Германияның білім беру үлгілерімен таныстық. Олардың екеуінде де, ұрпақ тәрбиесінің негізгі бағдары ретінде, ұлттық психология мен халық педагогикасына ерекше маңыз беретіні аңғарылады. Әрине, қазақ халқы да азиялық жұрт болғандықтан, Жапонияның оқу ағарту жүйесінен өзімізге ұқсас көптеген психологиялық жақындықтар тапқанымыз да рас !.. Бірақ, солай дей тұрсақ та, қазақтар мен жапондардың ұлттық мінез құлықтарында өздеріне тән, ерекшеліктері де жетіп жатыр. Ең әуелі халық педагогикасы мен ұлттық психологияларындағы айырмашылықтары да аз емес. Бұдан түйген қортындымыз, адамзаттағы мәдениет үлгілерін ескере отырып, біздер өзіміздің Халық педагогикасының ғылыми жүйеленген негіздерін айқындамай, оны жаңа методологиялық көзқараспен жетілдірмей, ұлттық оқу ағарту үлгісін жасаудың мүмкіншіліктері аз екенін түсіндік. Сондықтан, осындай жағдайларды ескере отырып, төменде өзіміз ұсынған «Үзіліссіз ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық оқу ағарту жүйесі үлгісінің» кестесін беріп отырмыз.
Сонымен, осы ұсынылып отырған – «Үзіліссіз ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық оқу ағарту жүйесінің үлгісі» барыншы ықшамдалып схема түрінде көрсетілгендей ; Бастауыш мектеп алты класс – Орта мектеп – тоғыз класс – Кәсіптік мектеп – үш класс – соңғылардан үздік шыққандар – Жоғарғы оқу орындарында білімдерін жалғастырмақ. Сонда, бастауыш мектеп – 6-7 жас пен 12-13 жас аралығын қамтыйды. Бұл адам тіршілігінің физиологиялық және психологиялық заңдылығын ескеру болып табылады. Баланың осынау балиғат кезеңінде қалыптасатын, гормональдық жүйенің толысып жетілуінің орташа мерзімдік мөлшері болып табылады. Осы кезеңнің соңынан бастап үш жүйе – жұлын жүйке – жүрек пен қантамырлары – гормональдің өзара үндестіктері үйлеседі. Бұл үндестіктер адам ағзасындағы Тән – Жан – Рух – жүйелерінің жетілуіне орсан үлкен ықпал ететіні белгілі.
Мүшелдік жасқа жеткен баланы, балиғат жасына толды деп есептелінеді. Мұны физиологиядан азды көпті хабары бар кезкелген адам толық түсіне алады.
Біздер ұсынып отырған бастауыш мектеп үлгісінің бастапқы үш класында, таза ұлттық тәлім тәрбиеге негізделсе (6-7 ден 8-9 жасқа дейін), екінші жартысындағы үш класта әлемдік мәдениетпен салыстыра, білім беру жүйелері қолданылады. Тағы үш класс қосылып, жалпы орта мектеп 9 класпен аяқталады да, орта білімді үздік бітіргендерге университет пен институтқа түсуге мүмкіншілік жасау міндеттеледі. Ал орташа оқығандар әркім өз таңдауына лайықты, кәсіптік гимназияларда білімдерін жалғастырады. Сонда ғана жастарымызды сан түрлі кәсіптік мамандықтармен қамтамасыз етеміз.
Жалпы балабақшалардан бастау алатын, халық педагогикасының тәрбие жүйелері, осы бастауыш кластың көлемінде негізінен игеріліп болғаны жөн. Осыған орай, балаларға шет тілдерін үйрету мерзімі де, 3-4 –ші кластардан бастау алмақ. Бұл кезеңді неге таңдап алдық десек, дәл осы мезгілде баланың логикалық ойлау қабылеттері де, салыстырмалы таным қасиеттері де, толыса жетілетіндігін ескереміз. Сондықтан, тек шет тілдерін үйреткенде, бұрынғы салбауыр әлсіз әдістерден арылып, бірден пәрменді тәсілдерді қолданған жөн. Өйткені, олар 9-10 мен 12-13 жас аралықтарында, зерделері аса бір алғырлыққа толы кезеңде болады. Бұл тәрізді физиологиялық ерекшеліктерді ескермей болмайды. Қандай білім мен нені болса да үйрену, баланың ішкі сұраныстарымен үндесіп жатуы шарт. Ал, оқу тәрбие жұмыстары ғылыми негіздерге сүйенсе, ұрпақ тәрбиесіндегі ірі ірі жетістіктерге қол жеткізуге болады.

ТҮЙІНІ

1. Орта мектептерді бүгінгі өмір мен қоғам ерекшеліктеріне байланыстыру жолдары мен тәсілдерін анықтау керек.
2. Он екі жылдық білім реформасын жасау үшін, ең әуелі орта мектептің құрылымын анықтып, ғылыми негізде жетілген мазмұны мен мәні түсінікті болу қажет.
3. Үзіліссіз ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық оқу ағарту жүйесінің үлгісі, тек халық педагогикасының негіздерінде жасалғанда ғана, рухани жетілу мен азаматтық санаға иек артпақ.

Совет Хан ҒАББАСОВ,
Жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы,

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА